28 Қараша, 09:28 265 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АҢЫЗ 

Елбасы жайлы бір үзік әңгіме

Кезекті құжаттарға қол қойған Президент орнынан ширақ тұрды. Терезе алдына келіп, сыртқа  көз тас­тады. Буырқанған теңіз толқынына ұқсаған ақбурыл аспан –  ашық. Ұясынан тұсау бойы көтерілген күн айналаға үнсіз сәуле шашып тұр. Ал Президенттің жан дүниесі  дауылды күнгі теңіздей алай-дүлей.

Бүгін біртүрлі мазасы болмай тұр. Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген осы жаңа резиденцияға алғаш көшіп келгенде көңілі бір көтеріліп қалып еді. Оған өзі Ақорда деген ат берді. Ақорда десе Ақорда. Өзге ғимараттардан оқшау, оңаша биік алаңда аспанның өзіне асқақ қарап тұрған Ақорда алыстан көргеннің өзінде де аса ажарлы, аса айбынды. Ал іші тіптен ғажап! Ұзын дәліздер мен кең бөлмелерін араласаң ертегілер елінде жүргендей боласың. Жып-жылтыр еденнің өзі айнадай жарқырап, жүзіңді ап-анық көрсетеді. Бос тұрғанның өзінде-ақ көздің  жауын алып, жайнап  тұрған бөлмелер  шетелдік жиһаздар қойылғаннан кейін одан әрі құлпырып кетті. Оған ақшаңқан төбедегі аппақ хрусталь люстралар мен қабырғаға ілінген қымбат картиналар қосылғанда Президенттің кабинеті кірген кісі қайтып шыққысы келмейтін жұмаққа айналып шыға келді.

Кейбіреулер үшін Президенттің өмі­рінен асқан рахат өмір жоқ. Емеу­ріні­мен-ақ дүйім жұртты жатқызып, тұр­ғы­за­ды. Қасын қақса болды дүние дөң­ге­леніп жүре береді. Әйтсе де, сол билікті ел мүддесі үшін ұтымды пайдалану оңай ма? Қоянның жымындай жықпылы мен бұралаң бұлтарысы көп, қалың қатпарлы саясаттың қыры мен сырын саралап, сырты нұрлы, іші сырлы Президенттің «жүрегінің түбіне терең бойлап» ұққанға абы­ройы мен ауырлығы бірдей өмір ғой, бұл. Қанша қабілетің асып, талантың тасып тұрса да Алла Тағаланың рахымы түсіп, мейір-шапағатына бөленбесең ал­тын тақтың ауылы алыс. Бақ пен тақ тұ­ғыры биік тұлғаның өзін таңдап, тауып, талғап қонады. Алла тағаланың әуеден төгілген нұры аймалағанда ғана басыңа түнде де жарқырайтын жақұт бақ қонып, күндіз күн сәулесімен шағылысып, көз қарықтыратын алтын таққа отырасың. Таққа отыру оңай емес, әрине оны шайқалтпай ұстап тұру– қиынның қиыны. Бірінен-бірі өткен өт­кір проблемаларды рет-ретімен жедел шешіп отырмасаң еңсесін тіктеген елдің іргесіне  сызат түседі деп ойлады Президент. Қазақстанның ең басты байлығы – халқы. Елдің бірлігі мен ынтымағы, халықтың әл-ауқаты әрдайым назардан тыс қалмауы шарт. Рас, Ақордада мемлекеттік маңызы бар көптеген күрмеуі қат­ты күрделі мәселелер оң шешімін тап­ты. Экономикалық реформа сәтті аяқ­талып, саяси реформа жемісті жүріп жа­тыр. Кеңестік кеңістіктегі өзге рес­публикаларға қарағанда жағдай әл­деқайда жақсы. Қазақстан  Орта Азияда көшбасшы. Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болып, төрге озып, төбе би болу аз жеңіс емес. Құдайға шүкір, жалпы жағдайы­мыз қай қырынан алып қарасаң да жаман емес. Әйтсе де, ойланатын жайлар көп.

Президенттің ойын телефон шырылы бөлді. Ар жақтан Тәжікстан президенті Рахмоновтың таныс дауысы естілді.

– Сәлеметсіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы!

– Сәлеметсіз бе, Эмомали Шәріпұлы, – деді Нұрсұлтан құлаққа жағымды қоңыр үнмен. – Отбасың, ел-жұртың аман ба?

– Рақмет. Аманшылық.

– Сіздерде ауа райы қалай?

– Душанбенің ауа райы жақсы. Қазір жанға жайлы жаз ғой.

– Саяси ауа райы ше?

– Бірқалыпты. Ел тыныш, жұрт аман.

– Бәрекелді. Ел-жұрттың аманды­ғы­нан артық бақ бар ма?

– Сізге бір өтініш айтсам айып ет­пеңіз.

– Айыбы жоқ. Айтыңыз.

– Қазақстанның сапалы астығының дәмі тәжік бауырларыңыздың таңдайы­нан кетер емес. Биыл да ағайынға қара­сып, арзандатылған бағамен біраз астық берсеңіз. Біз де қарыздар болып қал­мас­пыз. Алмақтың да салмағы барын тәжік бауыр­ларыңыз бек түсінеді.

– Біздің де аздаған бұйымтайымыз бар. Премьер-министр Кәрім Мәсімов тәжік әріптесімен хабарласады. Екеуі екі елге керекті проблемаларды бірлесіп шешсін.

– Жақсы. Рақмет сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы.

Жаңбырсыз өтіп жатқан биылғы жаз тіршілік иесінің бәріне жайсыз тиіп тұр, – деп ойлады Елбасы телефон тұтқасын қойып жатып. – Бүгін шілде айының соңғы жұлдызы. Әйтсе де, әлі күнге дейін аспаннан бір тамшы тамған жоқ. Күндізді былай қойып түннің өзі тымырсық. Ойпаң жердегі шөпке дейін сарғайып, жасыл желек атаулы қуаң тартып, қурап барады. Ылғалы кеуіп, ерні кебірсіген жердің топырағы тозаңға айнала бастады. Жиырмасыншы ғасыр табиғи тепе-теңдікті бұзды. Табиғатқа деген тағылық із-түзсіз кетпейді. Мұны ашкөз адамзат, әсіресе ұлы державалардың басшылары ұмытпауы керек.

...Еппен ашылған емен есік ақырын жабылды. Президент ой желісін үзіп, кең кабинеттің орта тұсына жете бере тоқтаған көп жылдан бері жанында жүрген сенімді серігіне қарады. Өзіне жұмыс бабымен күн сайын бір емес, бірнеше рет кіретін осы бір орта бойлы, ашаң денелі, елуді еркін еңсерген жігіт ағасы Президенттің ойын бөлгісі келмей тоқтап қалып еді. Оның бұл ойын ойлы, мұңлы жанарынан таныған Президент:

– Махмұт, кел, төрлет, – деді.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, ойыңызды бөлсем, ғафу етіңіз. Жолға шығатын уақыт болды.

– Ұшақ әзір ме?

– Ұшақ әзір. Сізбен бірге баратын жігіттер әуежайда. Ахметжан Смағұлұлы бастаған алматылық азаматтар да үзеңгіге аяғын салып, Сізді күтіп отыр.

–  Жақсы. Онда кеттік.

Нұрсұлтан Әбішұлы Президент Әкімшілігі кеңсесінің меңгерушісі Махмұт Қасымбековпен әңгімелесе жүріп Астана әуежайына жеткенде мезгіл шаңқай түс еді. Аспан айналып жерге түскендей аптапта салқын кабинетті саяламай жолға шыққан Президент Алматыдағы резиденциясына соқпай, бірден қала аралауға шықты. Бұл кезде тас төбеге шыққан күннің қызуы 40 градусқа жетіп еді. Аспан айналып жерге түскен аптап тірі жанның апшысын қуырып барады. Күнгей бетін тау қоршаған қалада лүп еткен жел де жоқ. Мезгілінен бұрын сарғая бастаған жапырақтар арасынан қиғаштай құйылған күннің өткір сәулесі талай жылғы биік бәйтеректер түбіндегі ылғалды да кептіріп, топырақ бетін кебірсітіп жіберген. Асфальт екеш асфальт та өрттей ыстыққа төтеп бере алмай балқып жатыр. Алматының биылғы жазы жауынсыз өтіп жатыр. Алатау бауырындағы ару қала шаңын қағып, сілкіне алмай тұр.

Сол күні Елбасы кешкі асты кешігіп ішті. Өндіріс орындарымен танысып, Алматыда жаңадан ашылған жетінші аудан – Алатау ауданында болды. Жергілікті басшыларға сап-сау ғимаратты бұзып, қала тынысын тарылтатын құрылыс салуды тоқтатуды тапсырды. Алматы мен Қапшағай арасында үш шағын қалашық салынатындығын, қоршаған ортаны аялап, табиғаттың тепе-теңдігін сақтау қажеттігін қадап айтты. Ертесіне сапар Алматы облысында жалғасты. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің үндемей жүріп үлкен істер тындырып жатқаны жүрегіне жылы сезім ұялатты. Бұл жолы өзі туып-өскен ауылға соғуға уақыт тапшы болды. Есесіне, күтпеген жерден ұстазы Сейтхан Исаевпен кездесті. Қарасай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан ағасынан ауыл-аймақтың амандығын біліп, елдің тыныс-тіршілігіне қанықты. Кейбіреулердей қазымыр емес, әдемі қартайған қазына қарт есте жүрер есті әңгімелер айтты. Сейтхан ақсақалмен жылы қоштасқан Нұрсұлтанның ойына ақын досы Олжас айтқан тағылымы мол тәмсіл оралды.

Бұл оқиға аты белгісіз арғы заманда болса керек. Ғайыптан тайып ел тізгінін ұстаған бір ақылсыздау хан қиялданып отырып өзгеше бір шешімге келіпті. Бақ пен тақтан басы айналып, көзін шел басқан, ақыл-парасаттан айырылған ханның ойынша елдегі қарт кісілердің бәрі «дайын асқа тік қасық» масылдар екен. Сондықтан олардан тезірек құтылу керек. Осы ойға табан тіреген хан жасы алпыстан асқандардың басын алуға бұйрық береді. Елде еңбекке жарамсыздар болмаса, шешетін түйін де болмайды, – депті хан. Жарлық орындалмаса бас кететінін білетін бас уәзір елдегі қарттардың бәрін бір жерге жиып алып, бәрін бір-ақ қырып салыпты, тек өз әкесін өлтіруге дәті бармай, орманда тығып ұстапты.

Қайран қарттар кеткесін елдің де құты қашыпты. Байлықтан береке, халықтан бірлік кетеді. Жер тозады, ел азады. Қара басының қамын ойлаған қарақшылар, ұры-қарылар көбейіп, қазынаның қазаны тақырланады. Жүдеген елмен бірге өзі де жүнжіп жүрген хан көңіл көтермек болып аң аулауға шығады. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған асу бермес асқар тауды жанай ағып жатқан өзен жағасына келіп, сусын ішіп, шөлін басқан хан ағзам өзенге шомылып жүріп, су түбінде жылтырап жатқан ат басындай алтынды көреді. Ол алтынға қатты қызығады. Әйтсе де, тым тереңде жатқан қымбат қазынаны хан да, оның серіктері де ала алмайды. Хан сарайға оралған соң бас уәзіріне:

– Сен су астындағы алтынды алып шық! – деп бұйырады. – Ала алмасаң басыңды аламын!

Жаны мұрнының ұшына келген бас уәзір болған жайды әкесіне айтады.

– Ол алтынды алу оп-оңай, – депті әкесі.

– Ат басындай алтын, хан айтқандай су түбінде жатқан жоқ, өзенге төнген биік жартастың басында тұр. Өзен түбінен көрінген алтынның өзі емес, оның суға түскен сәулесі. Шың басына шық та жартас пен алтынның арасын­дағы саңылауға темір сүйменнің басын бойлата сұқ. Сосын тасқа аяғыңды тіреп тұрып, сүйменнің басын қисайта шірен. Сонда ат басындай алтын жартастан ажырайды.

Әкесінің ақылымен тура келген ажалдан аман қалған әрі қазынаға ат басындай алтын қосқан бас уәзірге хан:

– Ешкім ала алмаған алтынды сен қалай алдың? Шыныңды айт, әйтпесе басыңды аламын, – депті. Бас уәзір бар шындықты баян етіпті. Біраз уақыт үнсіз қалып, ойға шомған хан:

– Мен қатты қателесіппін. Қайран қарттарым-ай, қадіріңді білмеппін-ау. Масыл емес, асыл екенсіңдер ғой, – депті.

«Қарты бар елдің қазынасы бар»  деп ойлады Нұрсұлтан. Қай ел, қай жұртта да қазына қарттар баршылық. Қатесін кеш түсінген хан айтқандай, олар масылдар емес асылдар. Сондай қазына қарттың бірі менің ұстазым – Сейтхан Исаев. Бүгінде Азия жолбарысы атанған Сингапур бір кезде экономикасы әлсіз ел еді. Сол әлжуаз ел қысқа мерзім ішінде қуатты мемлекетке айналып, алпауыттармен иықтасып шыға келді. Ол аз десеңіз, өркениетті елдердің өзі қызыға да қызғана қарайтын жетістіктері аз емес.

Сол Сингапур президенті Ли Куан Ю-дің көп басшы ескере бермеген, бір қарағанда елеусіздеу, шындап келгенде шешуші рөл атқарған аса маңызды шешімі болған. Бүгінде тақтан тайған тақсырдың қателіктері де болған шығар, ал талассыз бір тапқырлығы – өз елінің ғана емес, дүниежүзінің бірқатар мемлекеттерінің ақыл-ой иелерін бір ортаға жиып, бір мақсатқа – Сингапурды қуатты мемлекетке айналдыру ісіне жұмылдыруында. Оның өзге басшылардан бір ерекшелігі – кезінде жақсы жұмыс істеген, бүгінде зейнеткер жасындағыларды жинаған. Олардың көпжылдық тәжірибесі мен талант, қабілетін тиімді пайдаланған. Сингапур жүріп өткен жол қариялардың, біреулер ойлағандай, масылдар емес асылдар екенін дәлелдеді. Алпыстан асқандардан ақыл сұраған Сингапур президенті қателескен жоқ. Сондай қазына қарттар біздің Қазақстанда да аз емес.

«Ақымақтар өз қатесінен, ақылды­лар өзгенің қатесінен үйренеді» демеп пе еді Бисмарк. Қателік жіберу қандай ауыр болса, оны дер кезінде түзетпеу одан да ауыр. Ал халық өз тағдырын сеніп тапсырған билеушінің қателесуге қақы жоқ. Ахмет Байтұрсынов­тың: «Ал­дымен ел ағалары сендер қателеспеңдер. Сендер қателессеңдер, соңдарыңнан ерген ел қателеседі деген сөзі жүрегімде жазулы. Жан жүрегім – жанып сүйгенім халқым! Менде халқымның тағды­ры­нан бөтен тағдыр жоқ. Басымдағы бақ та, астымдағы тақ та айналып өтейін, садағаң кетейін халқыма – қазағыма қызмет етеді. Маған деген шексіз се­німіңе сызат түсірсең саған серт, сені­міңді ақтай алмасам маған серт! Хал­қым үшін қандай тәуекел, қай қиынға да қанға сіңген дағдыммен дайынмын. Ең алдымен сен аман бол, Елім!..»

Сол күні Елбасы ұйықтар алдында бұрынғы әдетімен кітап оқыды. Бұл жолы қолына Конфуцийдің «Даналық сабағы» ілікті. Ертеректе оқыған еді. Бүгін қайта парақтады.

«Цзыгун спросил о том, в чем состоит управление государством. Учитель ответил:

– Это когда достаточно еды, достаточно оружия и есть доверие народа.

– А что из названного можно первым исключить в случае необходимости? – спросил Цзыгун.

– Можно исключить оружие.

– А что из остающегося можно пер­вым исключить в случае необходимости? – снова спросил Цзыгун.

– Можно исключить еду.

Смерти издревле никто не может избежать,

Когда ж народ не верит, то не устоять».

Нұрсұлтан Әбішұлының көз алдына ойшыл Конфуциймен иықтасып сұң­ғы­ла суреткер Достоевский келе қалды. «Әлемді құтқаратын – сұлулық» депті ол.

«Қос алыпты қуаттай отырып мен ай­тар едім: «Әлемді құтқаратын – сөз. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас мемлекетті де түтістіретін де, бітістіретін де   –сөз, – деп ойлады Ол. – Сөздің күші Құдайдың күшіндей. Қуатты сөз адамды шыңға да шығарады, шыңырауға да тастап жібереді. Шекспир сомдаған патшалар да, Әуезов бейнелеген Құнанбай да соншалық қаныпезер болмаған. Ет пен сүйектен жаралған олардың күнгейі мен көлеңкесі бар. Әйтсе де, бүгінгі ұрпақ оларды Шекспир мен Әуезов жаққан қара бояу қалпымен қабылдайды. Оларды енді қайтадан ақтап алу қиын. Леон Фейхтвангер: «Көркем әдебиет жас баланы мемлекет қайраткеріне дейін тәрбиелейді» деп тегін айтты дейсің бе? Андрей Битовтың: «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң сықырлаған қару мен сың­ғырлаған тиындар ғана қалды» деген ойымен келіспеуге бола ма? Елдің экономикасын нықтадық. Енді жазушы­ларға жағдай жасайтын кез келді. Сөз­дің иесімен де, киесімен де ойнауға бол­майды!...» Елбасы ой құшағында жа­тып ұйықтап кетті.

Сол күні түнде ол түс көрді. Ақордадағы кабинетінде отырғанда емен есік сықырлай ашылды. Нұрсұлтан Әбішұлы жалт қарады. Бөлмеге ақ жаулығы Алланың ақ туындай желбіреген өңі аппақ, тостағандай үлкен көздері қап-қара, ұзын бойлы, тік иықты, айқабақ әйел кіріп келді де, мұның жанына жете бере қаққан қазықтай тіп-тік болып тұра қалды. Үстінде біресе жазғы жаңбырдан кейін-гі шайдай ашылып, көк күмбездей төңкерілген көгілдір аспанға, біресе көктемгі жасыл, біресе күзгі сарғыш жапыраққа ұқсаған, енді бір сәт өршіген өрттей қызыл түске боялған, етегі қызыл тобыққа дейін жеткен ұп-ұзын көйлек. Бір ғажабы әлгі әйелдің үстіндегі көйлек қалай құлпырса бұл отырған бөлмедегі терезе перделері де солай құбылады.

– Мен сенің анаң Әлжанмын, – деді ол отты көзін қадап. – Мына отырысың не отырыс?

– Қағаз қарап отырмын, – деді ол дауысы дірілдеп.

– Ол не қағаз? – деді Әлжан ана бір адым жақын келіп.

– Мемлекеттік маңызы бар Жар­лыққа қол қойғалы отырмын.

– Халық тағдырына қатысты қағаз­ды алакөлеңкеде қарамас болар. Түр ана терезенің пердесін. Аш ана балкон­ның есігін.

Нұрсұлтан Әбішұлы анасының айтқанын бұл­жытпай орындады. Алакөлеңке бөлме іші жап-жарық болып кетті. Сырттан ентелей енген саумал жел, салқын сабат бөлменің ауасын тазартып, бойын сергітті.

– Міне, көрдің бе? – деді Әлжан ана құлаққа жағымды қоңыр үнмен қуана сөйлеп – таза ауамен тыныстап ең жү­зіңнен нұр төгіліп, көзің жайнап шыға келді. Бөлменің бұрыш-бұры­шына жасырынған шаң, тозаңды да Сарыар­қаның самал желі қуып шықт­ы.

– Бұл қай мезгіл? Кеш жақын ба? – деді орнынан сергек тұрған Елбасы.

Қазір шаңқай түс. Кеш түскенше әлі біраз уақыт бар. Оған дейін әлі талай істі тындырасың. Бөлменің ауасы тазарып, аздаған шаң, тозаң желге ұшты. Енді жолың ашық. Сені аспанда Алла, жерде халық қолдап тұр. Алтын тағың орнықты, асыл бағың баянды болсын! Еліңнің алғысына бөлене бер, жан балам!

Әлжан ана осыны айтты да, сыртқа шығып бара жатты. Нұрсұлтан Әбішұлы түстің осы бір тұсына келгенде оянып кетті. Төсектен ойлана тұрып терезе пердесін ашып, сыртқа қарады.  Бозарып атып келе жатқан таңның бозамық сәулесі аспаннан қиғаштай құйылып Нұрсұлтанның нұр төгілген аққұба жүзін аймалады. Сол сәт оның көз алдынан тәуелсіздік жылдарының басты оқиғалары кинолентадай өтіп жатты...

Сәбит Досанов,

жазушы,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар