27 Қараша, 21:39 245 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Вице-министр "Болашақ" бағдарламасының жаңа ережелері туралы айтып берді

Келер жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасының ережелері өзгереді.  Мәселен, стипендияға арналған квотаның барлық түрі алынып тасталмақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мәлімдеді. 

«Кеше Шетелде кадр дайындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Өздеріңіз де білетіндей, «Болашақ« стипендиясы 26 жылдан астам бұрын, 1993 жылдың 5 қарашасында бекітілген болатын. Осы уақыттың ішінде 13 мыңнан астам стипендия тағайындалып, Қазақстан экономикасы үшін 10 мыңнан астам маман дайындалды», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, комиссияның кешені отырысында 234 жас қазақстандыққа магистратура мен докторатурада білім алу үшін «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Стипендияның 92 пайызы магистратура, 8 пайызы докторантура бағдарламасы бойынша білім алуға берілді.

Сонымен қатар, ол ҚР Мемлекеттік хатшысы, комияссия төрағасы Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, «Болашақ» бағдарламасының жаңа ережесінің жобасы енгізілгенін атап өтті. Оған сәйкес, келесі жылдан бастап үміткерлерге жаңа талап қойылады.

Атап айтқанда, басымдыққа ие мамандықтарға баса назар аударылады. Стипендияға үміткерлер ағылшын тіліне жетік болғандықтан келесі жылдан бастап шетелге жібермес бұрын тілдік дайындықтан өту талабы алынып тасталады.

«Тағы бір жаңалық - біз квотаның барлық түрінен бас тартамыз. Қазір мемлекеттік қызметшілер үшін, инженерлік-техникалық мамандықтар үшін квота бар. Осы квоталар жойылады. Бір ғана жалпы конкурс және мақсатты дайындық болады», - деді Рүстем Биғари.

Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алғысы келген азаматтар мемлекет алдындағы мүліктік кепілін болашақта жұмыс берушінің келісімшартымен алмастыра алуы мүмкін.

«Шынымен де, кепілдік мүлікпен қамтамасыз ету мәселе бар. Біз жаңа ереже аясында жұмыспен өтеумен қатар кепілдік мүлікке де қатысты ыңғайлы әдісті қарастыратын боламыз. Шетелге оқуға жіберуге тапсырыс беруші, Халықаралық бағдарламалар орталығы және университет арасында бірлескен үшжақты келісімшарт жасасу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді вице-министр.

 

 

Соңғы жаңалықтар