21 Қараша, 21:21 312 0 Нұр Отан Túrkistan Gazeti

Партия жүйелі  жаңғыру жолында

Қоғамдық саясат институты қараша айында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін жариялады. Баспасөз-брифингі барысында журналистерге қоғамдық пікірді бағалаудың негізгі көрсеткіштері осы жылдың тамыз айындағы көрсеткіштермен салыстыра отырып ұсынылды. Сондай-ақ қазақстандықтар Nur Otan партиясынан не күтетіні туралы да сөз болды.

Институт директоры Юлия Кучинскаяның мәлімдеуінше, сауалнама қорытындысы бойынша Nur Otan партиясы бірінші кезекте бақылауға алуы тиіс аймақтардағы ең негізгі 5 мәселе анықталды. Атап айтқанда, бұл – жалақыны көтеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу, сонымен қатар әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес.

«Қарашада біз қоғамдық-саяси ахуал мен нақты Nur Otan партиясына деген пікірге кезекті рет зерттеу жүргіздік. Сауалнамаға еліміздің барлық аймағының респонденттері қатысып, ол face to facе (бетпе-бет) түрінде жүргізілді. Партия рейтингісінің динамикасын зерделеуге, оның қызметін бағалауға, қазақстандықтардың партиядан не күтетініне басты назар аударылды», – деді Юлия Кучинская.

Оның айтуынша, партияның жұмысын қайта жандандыру туралы хабарланғаннан бері арада аз уақыт өтсе де, сауалнамалар оң өзгерістерді көрсетті. Nur Otan-ның электоралдық рейтингі 10 пайызға өсті.

«Жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сүйене отырып, егер партия халықпен диалог орнатып,  тұрғындар алдында үнемі есеп беріп, тың бастамалар көтерсе және сайлауға қарапайым халықтың өз ішінен шыққан адамдарды ұсынатын болса, қазақстандықтар Nur Otan-ды қолдауға дайын деп қорытынды жасауға болады. Мұның барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған қайта жандандыру аясында, соңғы бірнеше ай бойы Nur Otan жүзеге асырып келе жатқан негізгі бағыттар. Nur Otan-ның электоралдық рейтингі 10 пайызы өсті. Тамыз айында сауалнамаға қатысқандардың 55,3 пайызы сайлауда партияны қолдауға дайын болса, ал қазір азаматтардың 65,8 пайызы Nur Otan-ға дауыс беруге ниетті», – деді ол.

Сонымен қатар Юлия Кучинская Nur Otan партиясы азаматтар өз құқығы бұзылған жағдайда шағымданатын топ-5 институттың қатарынан ойып орын алғанын айтты. Бұл бестіктің көшін 45,4 пайызбен сот жүйесі бастаса,  ал екінші орында 27,2 пайызбен  Nur Otan партиясы тұр. Мұның өзі азаматтардың партияға деген сенімін көрсетеді.

«Жалпы, сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші адам партияның жұмысы соңғы 6 айда айтарлықтай жақсарғанын жеткізді. Олардың 41,8 пайызы партия халық үшін өзекті мәселелерді көтереді деп есептейді. Бұл сондай-ақ аймақтардағы жұмыс қарқынының артуымен де байланысты. 14 қала мен ауданда партияның кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу жүргізілді. Барлық елді мекендерде түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдарының картасын жасау жұмыстары басталды. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, балалардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың құқығын қорғау жөніндегі партиялық құрылымдардың жұмысын күшейту де назардан тыс қалған жоқ», – деп толықтырды Қоғамдық саясат институтының мамандары.

 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар