21 Қараша, 18:26 360 0 Өнер Арман Құдайберген

Райымқұлова райынан қайтып қалған жоқ па?

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жас өнерпаздармен кездесу сәтінде: «Фонограмманың түрлері көп. Біздің министрліктің көзқарасы: өнер таза болу керек және эстрадада жанды дауыспен айтылу керек» деген-ді. Сол замат БАҚ өкілдері де, эстрада әншілері де шулап қоя берген. Арада неше ай өтті. Министрлік заң жобасын жасап жатыр ма әлде айтылған жерде қалды ма, белгісіз.

Он жыл артқа шегінсек. 2009 жылғы желтоқсан айында Сенаттың пленарлық отырысында қазақ эстрадасындағы фонограмма мәселесі сөз болған-ды. Аталған тақырыпты ортаға салып, «саф өнерді жат өнерге айналдырғандар заң алдында жауап беруі керек» деп мәселе көтерген сол кездегі Сенат депутаты Ғани Қасымов еді. Бірақ бұл бастама мәдениетке жауапты мекеме тарапынан қолдау таппады. Негізгі себеп сол кездегі қазақ эстрадасының басым бөлігі фонограммасыз ән айта алмауы болды. Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы неге фонограмманы тоқтата алмайтынын айтқан-ды. 2017 жылы Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов: «Фонограмманы магнитофон немесе дискісін сатып алып та тыңдаймын. Концертке барғанда өнер адамының бет-бейнесін көруге емес, жанды дауысын тыңдауға барамын. Фонограммасыз өнер көрсету – өнер адамдарының шынайы кескін-келбетін де аша түсер еді», – деп депутаттық сауал жолдады. Оған Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Әр концерт ұйымдастырушыға министрлік лицензия беруі керек. Бірақ бізде ол заңда көрсетілмеген. Біз лицензияға дүниежүзіндегідей көшпегенше, бұл шешілмейді. Қазір кез келген азамат концерт ұйымдастыра алады. Егер лицензия болса, біз нақты айта аламыз «айналайындар, заңды бұздыңыз, лицензияңыз жойылады» деп. Сонда ол ұйымдастыра алмайды», – деп наз айтқан. Сәйкесінше, «заң жазайық» немесе «осындай заң жобасын ұсынды» деген хабарды естімедік. Осылайша әр жылдары тақырып мәселе болып көтеріледі де, қайта тынады. Еш нәтиже жоқ. Біз болу-болмаудың аражігін айыра алмай жатқанда көп мемлекет аталған мәселеге нүкте қойып тастады. Ұзаққа бармай, солтүстіктегі көршімізді мысал етсек болады. 2007 жылдың қаңтарында Мәскеу қалалық думасының бастамасымен депутаттар «әншілер концерттің жанды немесе жанды емес форматта өтетінін алдын ала хабарлауы тиіс» деген ұсынысты қабылдаған. Одан арғысы халық еншісінде. Фонограмма тыңдағысы келгендер сол бағытта, жанды дауыстағы концертті қолай көретіндер өз таңдауын жасайды. Сол жылдары осы тәжірибені Өзбекстан билігі де қолданды. Ал Түркіменстан 2005 жылы-ақ бұл мәселенің басын ашып алған. Заң бойынша әншілер мерекелік іс-шаралар мен тойларда жанды дауыста ғана ән шырқауы керек. Қытайда фонограммамен ән салуға қатаң тыйым салынған. 2008 жылы қабылданған заңда фонограммамен ән салып, кеш берген артист 20 000 доллар айыппұл төлейді немесе өмір бойына әншілік лицензиясынан айырылады. Ал Молдовада 2008 жылдан бері мемлекет ақшасына өткізілетін ресми концерттерде фонограммамен ән шырқауға тыйым салынған. Әзірбайжан елі болса,  тіпті ТМД елдерінің ішінде алғаш болып фонограмма туралы заң жобасын дайындады. Нақты айтсақ, 1994 жылдан бастап аталған елде фонограмма туралы заң қолданысқа енді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Әзірбайжан эстрадасының даму қарқыны мен әншілердің түрлі халықаралық байқаулардан жүлде бермейтіні осының айғағы.

Психолог ғалымдардың зерттеуінше жетістікке жетудің жеңіл жолын көргендер ол жол қанша баянсыз екенін біліп тұрса да, соған бейім тұрады екен. Эстрада да сол іспетті. Түрлі дыбыс әрлеушілердің, фонограмманың күшімен өзін зор санап, «өнер жолында жүрміз» дейтіндер сол жолды жалған, жасанды істермен лайлап жатқанын ұға бермейді. Өнер дегеннің алдауға көнбейтін, айдауға жүрмейтін ерекше құбылыс екені айтпаса да түсінікті. Әсілінде өнер жанашыры сол саф құбылыс үшін барын бермес пе еді?!

Осыдан тура бір жыл бұрын Алматыға тоқсаныншы жылдардың «хиті» болған «Руки Вверх» тобы келді. 12 мың адам сыятын «Алматы Арена» мұз сарайы лық толды. Бардық. Көрдік. Тыңдадық. Жанды дауысқа таңданып, ләззаттанып қайттық. Осыған дейін Республика сарайынан талай концерт көрген біз фонограмма естісек, өгейсіп тұратын болдық. Бірді айтып, бірге кетпей эстрадаға ойыссақ. Түйгеніміз фонограмма әншілерді жалқаулыққа тәрбиелеп алған. Өз әнінің сөзін жатқа білмейтіндер бар десем, көбі сенбес. Бірақ шындығы сол. Ол-ол ма, осыдан 15-20 жыл бұрын жазылған дауысымен ән шырқап жүрген «өнерпаздарды» қайтеміз?! Бұл сонда өнер ме әлде...

Бұл тұрғыда өнер иелерінің ойы әрқилы. Бірі фонограмманы жою керек десе, екіншісі оған тиіскенді қою керек деп шамданады. Сонау кеңестік кезеңде мойындалған Роза Қуанышқызы талайдан фонограммаға қарсылығын жасырмай айтып жүр. QAZAQSTAN ҰТА «Айтуға оңай» хабарында қонақта болған Р.Қуанышқызы: «Мен сахнаға шыққан кезде көрерменмен әнші ретінде сырласуға шығамын. Әрбір нотам, сөзім менің жан жүрегімнен шығып, көрерменге жеткенде, онымен бірге энергетика пайда болады. Фонограммамен ән айту – көрерменді алдау», – деген-ді. Көрерменді алдайтын жанды біз өнерпаз дейміз бе әлде... Осының ақ-қарасын ажыратып алу кезек күттірмейтін мәселедей. Дей тұрғанмен кей сахналар сын көтермейтін тележобаларды жанды дауыста жазып алатын музыкалық мамандар мен акустикалық мүмкіндік аз дейтін әншілер бар. Акустикаға мойынсынбаған, дыбыс ұлғайтқыштарды қажет етпеген кешегі Ақан сері, Біржан сал мен Әмірелер өнердің төл баласындай халыққа қызмет еткен екен дейсің.

Қысқасы, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ханым райынан қайтып қалмай, фонограммаға тыйым салып, қазақтың киелі сахнасын «халтурщиктерден» тазаласа, есім-сойы тарихта қалары сөзсіз.

 

 

Соңғы жаңалықтар