Мария Шоқайдың естелігі

Мария Шоқайдың естелігі

Мария Шоқайдың естелігі
ашық дереккөзі
Мұстафа Шоқай  1918 жылдың сәуірінде Мария Горинаға үйленгеннен кейін Ташкент­ке  өзінен 15 жас үлкен ағасы Сыздық  келеді. Әсілі үйде келіні болмаса керек. Інісінің үстелі үстіндегі оның суретін көріп: «Әйелің ғой, ә?» деп сұрайды. Інісі  құптағаннан соң мақұлдағандай бас изеп, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпаның көбейіп барады, Құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» деген еді. Мария Шоқай Мұстафаның басына түскен талай тағдырлы тірлікте қасында болды. Ері күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды. Жары қайтқаннан кейін де бұл сенімді толық ақтады. 1941 жылдың 27 желтоқса­нын­да Мұстафа Шоқай жұмбақ өлім­мен дүниеден озғаннан кейін жа­ры алдымен 1942 жылдың 8 ақ­панында Париж мешітінің «Дебасси» залында қырқын өткізіп, оған оның елу шақты жақын достарын жинады. Онда Мемлекеттік дума­ның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Әзірбайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың күреске толы өмірі мен қызметі ту­ралы жылы лебіз білдіреді. Әсі­ресе, Украина Ұлттық үкіметі­нің сыртқы істер министрі болған Алек­сандр Шульгиннің сөзін жи­налған көпшілік беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жан­ның өмірден өтті дегеніне еш сен­гің келмейді» деп бастап, Мұс­тафа Шоқай Орта Азияның, бар­лық Түркістанның нағыз көсемі бо­латын, егер тірі болса, Джава­хар­лал Неру, Ататүрік сияқты қай­раткер болар еді деген сөздермен аяқ­тайды. Осыдан кейін Мария Шоқай әлі де атқарылуға тиісті жұмыстар ауқымын топшылайды. Алдымен Мұс­тафадан қалған мол тарихи мұ­­раларды келесі ұрпаққа жет­кізу­дің амалын қолға алып, оларды сұрыптап, түптеп, арнайы қо­рап­тарға салып мұрағатқа өткізеді. Со­нан соң асықпай күрделі іске кіріседі. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, естелік жазып, жетпіс бес жасында, 1963 жылы оның соң­­ғы нүктесін қояды. Автор «Оқыр­мандардың бұл шығар­ма­ның әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шы­ғарма жазуға қабілетсізбін» деп аса қарапайымдылық танытқа­ны­мен, бұл Мұстафа Шоқай туралы тұң­ғыш әрі нақты мәліметтерге то­лы естелік кітап болды. «Дүниеден қайтқан адамды ес­ке алғанда оның өткен өмірі, істеген әрекеттері көз алдыңа елестеп, жан­ды бейнеге айналатыны сондай» деп басталатын екі бөлімді ең­бек 1958 және 1963 жылдары орыс тіліндегі қолжазба күйінде Мұс­тафа Шоқайдың шәкірттері, про­фессор Әбдуақап Оқтайға жә­не оның жұбайы Саида Оқтайға жі­­беріледі. Бұл Т.Шағатайдың ау­дар­­масымен 1972 жылы Мұстафа­ның дүниеден өткеніне 30 жыл толу қарсаңында Стамбұлда «Жұ­байы­­ның аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166 бет) деген атпен түрік тілінде жа­рық көреді. 1997 жылы Стам­бұлда қазақ тілінде ж­арық көрген «Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Ес­теліктер» жинағының бірінші бөлімінде Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінді­лер» атты шығармасы беріліп, екін­ші бөлімінде Мария Шоқай­дың «Мұстафа Шоқай туралы есте­ліктері» орын алған еді. Бұған бүкіл түрік жұртшылығына белгілі азаматтар Тұран Язған мен Хасан Оралтай қамқор болды. Естелік ша­ғатай тіл жазуынан қазіргі қа­зақ тіліне Айтан Нүсіпханның ау­дар­масы бойынша алғаш 1999 жыл­ғы Мұстафа Шоқайдың таң­дамалы шығармаларының екі том­дық жинағына «Менің Мұстафам» де­ген атпен енді. 2000 жылы Стам­бұл­да «Тұран» мәдениет қоры есте­лікті екінші рет жеке кітап етіп бас­тырды. Естелік Мұстафа Шоқайдың ата тегі, оның мектепке баруы тура­лы мәліметтерден басталып, Таш­кенттің ерлер гимназиясын­да­ғы және Санкт-Петербор Им­пера­торлық университетіндегі оқуы, Ташкентте басталған қоғам­дық саяси белсенділіктің Ресей орталығында жалғаса түскені толымды баяндалған. Мұстафаға «Сен ақ патшаға жақын тұрасың, оған біздің тілектерімізді жеткіз. Мы­на мәселе былай болуы керек еді, былайша уәде берілген еді, бі­рақ олай болмады» деген мазмұн­дағы өтініш хаттар жиі келген көрінеді. Осындай арыз хаттармен Ақмешітке де талай келген сияқты. Бұл кезеңнің ол үшін тағы бір та­ғы­лымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген ха­лықтарды патша өкіметінің отар­шылық саясатына қарсы ұйыс­тыру­дың нәтижесінде ғана мүмкін екені жөніндегі бұрынғы түсінік­тің тереңдей түскені еді. Осы таным Мемлекеттік Думаның мұ­сыл­ман фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін ерекше маңызды, айрықша мәнге ие болады. Сондықтан да ол Ресейдің езгі­сіндегі Түркістан өңірінен тыс түр­кі халықтарын – Еділ, Қырым та­тарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүр­ген кезінде де оның өз халқы­мен бірге өзге аймақтардағы ха­лық­тардың ортақ отарлық езгіден құтылуын армандауы жайдан-жай емес еді. Сонымен Петербордағы ке­зең Мұстафаның нағыз саяси уни­верситеті болды. Ол саясаткер, сая­си күрескер ретінде қалып­тасты. Барлығы 64 күн өмір сүрген Қоқан автономиясын Кеңес үкі­меті қырғынға ұшыратқаны белгілі. Содан Мұстафа Шоқай бас сау­ғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан ке­ші­ріп, Ташкентке жетіп, жасырынып жүріп, қиын қыстау кезеңде Мария Горинамен табысады. Жары Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен пойызбен Мәскеуге бет алады, алайда Орынбор бағытындағы теміржол соғыс­қа байланысты жабық бол­ғаннан кейін Ақтөбеге жетіп тоқтайды. Содан түрлі көлікпен алдымен Орын­борға, Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке, Челябинскіге жетеді, осында қалыптасқан жағдайға байланысты екеуі екі бөлек, «біресе қиыншылыққа толы, біресе зиялы алақандарға тап болып», Ташкенттен шық­қан­нан соң бір жыл өткенде 1919 жыл­ғы мамырдың 1-інде Тбилиси стан­сасында жолығады. Бұдан кейін де бұлт ыдырап, күн жар­қы­рай қойған жоқ. Қызыл армияның басып кіруіне байланысты бұлар Батумиге, сол жерден түрік кемесіне мініп, Стамбұлға барады. 1921 ж­ылы Францияға, Париж қала­сы­на келіп, баян табады. Жат жердің жаңа қиыншылығына жолыққа­ны­мен Мұстафа Шоқай бір сәт тыным тапқан жоқ. Қолынан қа­ламы түспеді. Лонданға 5-6 рет ба­рып, лауазымды орталарда баяндамалар жасады. Еуропаның ортасында болып әлемге танылды. Алайда 1940 жылғы 13-ші мамыр күні немістер Парижге келгеннен кейін өмір күрделене түседі. Бас­қыншы басшылары Мұстафа Шоқайға түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу ұсынады, бірақ ол тұтқындармен кездеспей мұндай қадамға бармайтынын түсіндіреді. Сонымен екі жарым ай лагерлерді аралап, қайтатын болып, пойызға отырғанда Мұстафа Шоқайдың басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруханасына түсіп, бір жеті жатқаннан соң 27 желтоқсанында сүзек деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады. Осы кезге дейін күдік арқалаған осы жұмбақ өлім, теңдесі жоқ ауыр қайғыны ең бірінші Мария Шоқай тартты. Осыдан кейін жиырма сегіз жыл жалғыздықтың зардабын тартып, 1969 жылы бақилыққа «Мұстафам» деп аттанады. Мұстафатану ғылымының бастауы болып саналатын естелік еңбегінде Мария Шоқай алғаш рет аты әлемге танылған тұлғаның ру­хани дүниесіне, табиғи жара­тылы­сына терең зер салады. Естелікте өте жұмсақ мінезді және нәзік жанды, үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым адамның сонау Еуропаның ортасында жүріп елін сағынған сәттері де шебер беріл­ген. 1922 жылы екеуі Париждегі Тро­кадеродағы этнография музейінде болғанда Мұстафа сонда­ғы домбыраны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ күйін орындайды да ас­папты орнына қояды. Жүзі жа­бырқау тартып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазды. «Үлкен ағамның (Сыздық Ә.Б.) жесір әйелі әлі тірі. Ол қалай өмір сүріп жатыр екен? Мені ең қатты ой­ландыратын мәселе де осы. Оларға бұл жерден көмек те бере алмаймын. Мені кішілердің (іні­лердің) тағдыры ойландырады, бәлкім, оларға көмектесетін ешкім болмағандықтан азып-тозып кеткен шығар» деген жолдарды тол­ғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұлайша уайымдау, ойлау Мұстафа Шоқайдың адами болмысын, кісілік қалпын айқын та­ны­тады. Мұстафа Шоқайдың өз Отаны мен халқын жанындай жақсы көру­мен бірге оның осал тұстарын ойлауы, келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын жан ретіндегі болмысы да өте сәтті шыққан. Ол әр­дайым былай дейді екен: «Біздің Түркістан үшін ең қорқынышты-сы – халықтың бірлігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді мен білемін. Мен халқымның ты­ныш­ты­ғын және бірлігін қа­лаймын». Бұған оның Мұстафа Кемалға таңғалып, оны биік санауы, Түркістан үшін осындай реформашы болса деп тілеуі де, Түркістанда Швейцария тәрізді мемлекеттік жүйенің болғанын қалауы мен армандауы, халықтардың федерация ішіндегі бауырластығына сүйенген саяси сенімі дәлел бола алады. Сондай-ақ Мұстафа: «Біз қазір оқымасақ, ешқашан тәуелсіз бола алмаймыз, ол жолды бізге сырттан біреу әкеліп бермейді, біз өзіміз бірте бірте мемлекет органдарын қолға алып, өзімізді өзіміз басқаруға тиіспіз» дейді екен. Өмірінің соңғы сәттерінде, 40- жылдарда, соғыс кезінде ол үнемі Түркістанның большевиктерден құтылуын армандаған: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халық­тары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір бірімен араласуы керек. Халықтар өзара білім алмасып, бірін бірі терең танып және түсініп, жара­сым­ды қатынас дәрежесіне кө­терілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға жол ашылмақ». Бұл сөздер бірінші, Мұстафа Шо­қайдың өз елінің болашағын, тәуел­сіз болуын армандайтынын танытса, екіншіден, оның терең білімді, азаттығы үшін күрескен Түркістанның тарихын да жақсы бі­летінін көрсетеді. Мұндай мақ­сатқа жету үшін ол мемлекеттік масштабтағы қызмет қажет, со­ғыс­тан бас тарту, оны болдырмау керек, жер бетінде барлық адамға орын жетеді деп ойлаған. Естелікте Мұстафа Шоқайдың саясаткерлік қасиеттеріне де шынайы сипаттама берілген. Автор­дың жазуынша, Мұстафа көпшілік­ті басқару үшін саясат адамы тез шешімге келе алатын, қатал мінез­ді болуы керек деп санаған. Еш­қашан өз мінезін түзеуден және оқу­дан жалықпаған. Сондай-ақ ол саясатта да намысқой әрі жанға жа­қын болуы арқасында адамд­ар­дың жүрегіне жол табатын, сондай-ақ пікірталаста қызуқанды болған. Өз пікірін дәлелдеуде қарсыласы­ның намысына тиюден аулақ бола отырып, өзінің көзқарас көкжиегі кең болғандықтан ойын еркін жет­кізеді екен. Сондай-ақ тар ау­қым­­ды ұлтшылдықтың дұшпаны, бүкіл Түркістан ұлтының бірігуі жолындағы күрескердің: «...Біз бар­лық халықты құрметтеуге тиіс­піз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Геогра­фиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді. Жаман ха­лық жоқ, жаман адамдар бар. Адам­гершілігі мол мемлекет деген бол­майды, адамгершілігі мол адам­дар болады» деуі де кемел ойлар­дың жарқын көріністері болатын. Мұстафа Шоқай түрлі саяси көз­қарастағы адамдарды және олар­мен пікір таластырғанды ұнат­қан. Мұндай жағдайда сабыр­лылық танытып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсетіп отырған. Сонымен қатар Мария Шоқай жа­ры­ның ең үлкен кемшілігі – сен­гіш­тігі еді. Осы тез иланғыш­тығы­ның кесірінен үлкен қиындық­тар­ға да ұшырағанын айтады. Мұс­тафа Шоқайдың адамдардың аз­ған­тай адамгершілікке жатпайтын әре­кеттеріне ренжіп қалатындығы, алай­­да қателіктерді кешіре сала­тын­­дығы, тез ұмытатыны, кейін есі­­не де алмайтыны оның ерекше қа­­сиеттері ретінде атап көрс­етіл­ген. Автор Мұстафа Шоқайдың бойын­да саяси менмендік атымен жоқ, саяси интригандарды жаны сүй­мейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін өзі қорлаумен бірдей еді дей­ді. Сондай-ақ саясат адамы ре­тін­де ол шен құмарлықтан аулақ бол­ған, бірақ өзі қаламаса да ал­дыңғы қатарда болуға оны тағдыр мәж­бүр еткен. Мұстафа Шоқайдың адам­ды жақсы танитыны, пси­хологияға жетік болғаны, оның өз мі­незін түзеуден және оқудан ешқашан жалықпағаны да байыпты жазылған. Естеліктің тағы бір тағылымды жа­ғы – фашистер лагеріндегі адам төз­гісіз жағдайды басты кейіп­кер­дің көзбен көруі, жүрегімен сезінуі. Мария Шоқайға жазған бір хатында Мұстафа: «Менен көмек сұ­рап, үміт күткен осы бақытсыз бей­шараларға ешқандай жәрдем жа­сай алмағаным үшін жан азабын шегудемін. Мен оларға кө­мектесетінімді айтып сөз бердім, алайда бұл әншейін оларды жұбату ғана. Қолымнан ештеңе келмейтінін біле тұра жалған сөйлеп жүр­мін. ...Кеше 35 адамды ату жазасынан құтқардым, бірақ та қаншаға дейін екені белгісіз. Оларды бір шұң­қырға тізіп қойды, қазір қазан айы, ал олар болса жаздық киімде­рімен жартылай жалаңаш, суық­тан қорғану үшін, топырақтан па­на жасау үшін қолдарымен жер қазуда. Оларға итке тастаған сияқ­ты нан тастайды, су атымен жоқ». Осыларды көргеннен кейін Мұс­тафа­ның өлгенім артық деуі кім­нің болса да, жүрегін сыздатады, ке­шегі соғыста қайтқан әке, ата­ларының тағдырын ойлатып жү­дете­ді. Ал Мария Шоқайдың «Әл-дәрменім азайған, көзім де дұрыс көрмейтін боп барады. Жаңадан кө­зілдірік алуым керек. Дәрігерге бар­ғым келмейді. Барудың қажеті бо­ла қояр ма екен? Қанша өмірім қал­ды дейсің?» деп аяқталатын ес­телік ешкімді де бейжай қалдыра қой­мас. Сөз соңында айтарымыз – адам­зат өмірінде сирек кездесетін қай­сар да ұлы тұлға туралы баға жет­пес тұңғыш туындыны Мария Шо­қай өз қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, ешбір қоспасыз адами болмысын қарапайым тілмен, ыстық жүрекпен шебер суреттеп шыққаны. Бүгінгі ұрпақ бұл естелікті оқи және зерделей отырып, Мұс­тафа Шоқай өмірі мен оның шы­ғармашылық қызметіне байланыс­ты мәлім және беймәлім та­рихи деректермен танысып, жа­дын жаңа мәліметтермен толық­тыра түсері сөзсіз.  

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымының докторы, профессор