13 Қараша, 15:24 344 0 Көлік Анар ЛЕПЕСОВА

Еліміздегі жолдардың жағдайын бақылауға арналған мобильді қосымша әзірленді

Еліміздегі автокөлік жолдарының жағдайын бақылауға арналған қосымша іске қосылады.

Арнайы әзірленген жол активтерін басқару жүйесі арқылы жол қозғалысының қатысушылары республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайын бақылап, жол бойында қызмет көрсететін нысандар, аялдамалар, елді мекендер мен мердігер ұйымдар туралы толық ақпаратты көре алады.  Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғарыда аталған мәліметтердің барлығын ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Ұлттық жол активтері сапасының орталығы жинайтын болады. Бірінші кезекте, жүйеде ұзындығы 24 мың шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жөніндегі ақпарат қолжетімді болмақ.

Бұдан кейін жергілікті жолдардың жағдайына қатысты мәліметтер енгізіледі. Жүйе техникалық тұрғыда келесі жылдың мамырында іске қосылады деп күтілуде.

Ал пайдаланушылар оны 2020 жылдың 1 маусымынан бастап қолдана алады. «Жол активтерін басқару жүйесі» қосымшасын Android және iOS платформасынан тегін жүктеп алуға болады.

Соңғы жаңалықтар