Сарыарқаның сардары Мұстақым Малдыбай неге елеусіз қалды?

Сарыарқаның сардары Мұстақым Малдыбай неге елеусіз қалды?

Сарыарқаның сардары Мұстақым Малдыбай неге елеусіз қалды?
ашық дереккөзі

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің назарына!

Мұстақым Малдыбай! ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихындағы көрнекті тұлға, саяси қайраткер, аты шыққан белгілі ағартушы, оқымысты. Басын бірден ашып айтатын жайт: бүгінде осы ұлағаты мол Мұстақым Малдыбайдың не іздеушісі, не насихаттаушысы жоқ. Артынан шам алып, ешкім іздемеген соң, тұлға да тұл. Жоқтаушысы болмаған соң, есімі ұзақ уақыт шаң басқан архив сөрелерінде жатып, еңбегі елеусіз қалып келді. Әр жылдары бірді-екілі зерттеушілердің өлке тарихы туралы мақалаларында болмаса, оқытушы, Алаш тұлғасы Мұстақым Малдыбайдың өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі туралы толық деректі көлемді дүние жазылмаған. Ел білетін мәлімет аз, дерек жоқтын. Бірақ мұның бәрі бос сөз екен. Мұстақымның бүгінгі қазаққа істеген қызметі, атқарған өнегесі мол, ұшан-теңіз. Сөз төркіні есімі рухани жаңғыру алдында тұрған ұлттық рухы биік азамат Мұстақым Малдыбайдың өмір жолы мен қызметі хақында. Мұстақым Малдыбай 1880 жылы Қарқаралы уезінің Едірей болысында дүниеге келген. Уфа қаласындағы түркі зиялысы Зия Камали ұйымдастырған атақты «Ғалия» медресесін тамамдаған. 1909-1912 жылдары Жетісудың Қарағаш қаласындағы «Мамания» мектебінде оқытушы, оқу бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарған. Біз «Мамания» мектебінің тарихын зерттеп жүріп осы кісінің аты-жөнімен танысып, «Бұл кім болды екен?», «Қай өңірдің азаматы екен?» деп ойладық та, бірден есім-сойын жұмыс жоспарындағы тізімге қосып, мәлімет жинастыра бастадық. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым Сағымбай Жұмағұлдың кеңесімен қарағандылық өлкетанушы Ермек Балташұлы, әдебиеттанушы Саржан Такиров, журналист-зерттеуші Мейрамхан Жәпек, қызылжарлық профессор Зарқын Тайшыбай, семейлік өлкетанушы Мұратбек Кенемолдин сынды белгілі ағалардың алдынан өтіп, тұлға туралы мәлімет алмастық. Сосын, Алматыдағы Ғылым ордасына қарасты Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорымен жұмыс істей отырып, қайраткер-қаламгердің үш кітабын («Қазақша ең жаңа әліппе», «Қазақша оқу кітабы», «Иман һәм намаз яки мұсылмандық») таптық және «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі» басылымдарына шыққан бірқатар мақалаларын жинастырдық. Ахмет Байтұрсынұлы түзген әліпбимен (төте жазу) жарыққа шыққан кітаптарды қазіргі әліпби жүйесіне түсіріп, мақалаларды топтастырып болған соң, өмір жолына қатысты мәлімет, дерек жинау керек деген ой туды. Сосын, көненің көзі болған, кеудесі алтын толы жауһар, Алаштың ірісі атанған, заманында «Халық жауының» ұрпағы болып та, кейін өзі де «Алашшыл» деген желеумен Абай мұрасын зерттегені үшін 25 жылға сотталған абайтанушы ғалым, профессор Қайым Мұхамедханұлының жеке архивінде болуы мүмкін деген үмітпен ақсақалдың қызы, ұлт мұрасының жанашыры, зерттеуші Дина Қайымқызы апайыма хабарласып, әкесінің архивінен тұлға туралы деректер болса беруін өтіндім. Сонымен не керек, тура 25 қыркүйек күні (2019 жыл) электронды поштама ұзын саны 32 құжат келіп тұр. Жауһар толы Қайым ағаның архивінен шыққан қазына. Ыждағатты Дина әпкемнің қамқорлығымен жолданған сары қағаздар. Әр құжатты жеке-жеке ашып, «өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай» күй кештім. Бұл құжаттар профессор Қайым Мұхамедханұлының жинастырған деректері, Мұстақымның ата-тегіне, өскен ортасына, өмір жолына қатысты тарихи материалдар мен шежірелер. Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған бұл құжаттар мұстақымтану ғылымы үшін, тұлғаның өмір жолын хронологиялық тәртіппен жүйелеу үшін аса маңызды. Мәселен, 1984 жылдың 29 шілдесінде Қайым аға өзінің «Мұстақым, Ғазиза Малдыбаевтар» атты дәптеріне: «Мұстақым Матақұлы Малдыбаев 1882 жылы (кейбір құжатта 1880 жылы туған деп жазылған. Өз қолымен толтырған анкетада 1890 жыл деп көрсетілген соң, біз осы жылды туған жылы деп санаймыз – Е. Н.) Семей облысының Қарқаралы уезі Едірей болысының №12 ауылында дүниеге келген. Руы – Қаракесек, Шаншар Келдібек. Әкесі Матақ кедей шаруа болған. Матақтың үлкен баласы Сәулет (Шаруа), Зейнеш, Мұстақым. Мұстақымның шын аты – Сиқым екен. Медреседе оқып жүргенде ұстаздары «бұл саған лайық есім емес деп, Мұстақым деп ат берген екен» деп Мұстақым туралы естіп-білгенін толық жазыпты. Біз де, басқа зерттеушілер де бұл күнге дейін Мұстақымның азан шақырып қойған шын есімі я әкесінің есімі Матақ екені туралы білмеген едік. Қайым Мұхамедханұлының жеке архивінен алынған құжаттар, ата-тегіне қатысты шежірелер қайраткердің ғұмырнамасын толық әрі шынайы жазуға се­бепкер болатын бірден-бір негізгі дерекке айналады. Қайым ағаның жазғанына қарағанда, Мұстақым 5 жасында әкесінен айырылып, шешесі Орынжанның тәрбиесінде өскен. Жастайынан жоқшылық пен таршылықты сезініп, тарылып өскен бала жалшы бола жүріп, өз бетінше сауат ашып, ізденген. Тек 13 жасында ғана жүйелі білім алуына мүмкіндік туып, аталас туысы Мәди Бәпиұлының көмегімен Уфаға аттанған екен. Мұстақым Малдыбай – шын мәнінде қазақ руханиятының жоқшысы, ұлт ұстазы бола білген Отан кісісі еді. Отан кісісі деп айрықшалаудағы себебіміз – кітап не оқулық жоқ қат заманда қазақ жастарының болашағы үшін, сауатсыздық жайлаған қазақ қоғамы үшін оқытушылық қызметіндегі жеке тәжірибесіне сүйене отырып, кітап жазып, оқулық шығарған Алаш мұғалімі еді, сонан соң ІІ Николай патша тақтан құлап, уақытша билік орнағанда өзі сынды оқыған қазақ азаматтарымен бас қосып, Алаш қаласында (Семей) азаттық туын көтеріп, І Алаш әскери полкін құруға атсалысты. Семейдегі қазақ комитетінің ағзасы, қалалық земстволық кеңестің орындаушысы, кейіннен сот қызметтерін абыроймен атқарған-ды. 1917 жылдың күзінде өткен Семей уездік земствосы депутаттарын сайлау кезінде Мұстақым Малдыбаев №6 сайлау округі бойынша Әлімхан Ермеков, Нәзипа Құлжанова, Айтмұхамед Болатовпен бірге депутаттыққа сайланған. Осы жылдары Семей уездік земствосында халыққа білім беру жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде жұмыс істеген. 1918-1919 жылдары Алаш қалалық думасының төрағасы Биахмет Сәрсеновтің орынбасары болып, шаһардың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласқан. Мысалы, шәкірттері Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезовтермен бірге «Абай» журналын шығарып, бас ақынды танытуға еңбек сіңірді. «Сарыарқа» басылымына алаң көңілден туындаған ойларын ортаға салып, публицистік қырымен танылды. Арасында Семейдегі Мұғалімдер семинариясында (қазіргі М.Әуезов атындағы республикалық дәрежедегі педагогикалық колледж) оқытушы болып, ер балаларға «Фиқһ» пәнінен сабақ жүргізіп, мұсылмандықтың шарттары мен қағидаларын оқытқан. Дәл осы семинарияда Мұстақымның алдынан екі жүзден астам қазақ, орыс, татар баласы білім алған. Ішіндегі танымалы Жүсіпбек пен Мұхтар болатын. Мұстақым 1908 жылы Ғазиза Ғайнуллақызы (1892-1928) есімді татар қызымен некелесіп, отбасын құрған. Медресені тамамдай сала, шаңырақ көтерген оқымыстының Сүйінбике (1914), Темірлан (1916), Төлегетай (1922), Әлихан (1925) деген балалары болған. Сүткенжесінің есімін Алаш көсемі, қатарлас бірге жүрген аға-досы Әлихан Бөкейханның құрметіне қойған екен. Мұстақымның ұрпақтары да советтік цензураның қыспағына ілігіп, тағдыр тауқыметін тартқан. Екінші дүниежүзілік соғысқа Сүйінбикенің ұлдары, Темірланның өзі, ұлы және Төлегетай мен Әлихан да қатысқан. Соғыстан аман-есен келген балалары оқып, жетіліп, советтік Қазақстанның дамуына үлес қосқан. Мұстақымның Болат, Есенбике, Нұрбике есімді немерелерінің медицина ғылымының докторлары, белгілі хирург, терапевт дәрігер болғанын анықтадық. Сарыарқаның кең пұшпағы, мәңгі жасыл Қарқаралының Едірей баурайында туып, башқұрттардың Уфасында оқып, башқұрт-татар элитасының ортасында азамат болып өсті. Жетісудың Қарағашында оқытушы болып, Маман қажы ауылында «Мейірбан ұстаз» атанған сардар – одан ары қанатын сермеп, Семей өтті, Омбы барды. Орынбор басып, Троицкте тұрды. Қайда жүрсе де қазағына, еліне адал еңбек етті. Көп оқып, көп ізденген мұғалім-ді. Мұстақым жазған үш кітаптың үшеуі де сондай жылы оқылады. Өзіне тартып-ақ тастайды. Құдіреті сол – қазақтың ана тілінің құнарлылығы, кітап жазушысының ұлттық рухы, елшілдігі. Не деген кемеңгер, не деген ақылды, не деген патриот, ұлтшыл арыстар еді! Кітаптың әр сөйлемі қызықтырып, ынтықтырады. Мысалы, «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» деген кітабының алғы сөзінде жазушы: «Миллеттің мағынада ата-анасы, мұғалім, мұғалима әпенділер! Екінші сыныпқа арналған бұл мұсылмандық кітабын сіздердің алдарыңызға ұсындым. Бұл кітапты жазуға себеп мектепке келуіне екінші ғана жыл болған, өз тілінде жөнді сөйлей білмеген бір қазақтың баласына өмірінде көрмеген, араласпаған қазақ яки басқа бір кітаптан оқыту бұрынғы ескі медреседе араб қарпін татар баласына парсы тілінен үйрету сықылды. Бұлай айту тайға аттың жүгін салу сықылды. Осылай екендігі оқытушыларға мағлұм шығар» деп жазған. Қайыра оқыңызшы. Не деген сөздер еді. Жоқ заманда елінің жыртығын жамап, олқылығын толтыруға ұмтылған жүректің сөзі бұл. Тағы да мысал келтірейік: «Мектеп кітаптары, әсіресе бастапқы төрт жылда оқу балалардың ана тілінде болу керектігі бүтін дүниенің ғылман педагогтары тарапынан тастих етілген бір мәселе». Міне, нағыз ұлтшыл, үлкен ағартушының сөзі. Бастауыш сынып тек қана ана тілімізде оқытылуы керек деген мәселенің мәнісі қайда жатыр? Бұл мәселе сол ескі заманда көтерілген. Содан бері міне, ғасырдан астам уақыт өтсе де қазақтың білім беру жүйесінде қордаланған мәселе, түйткілді түйін өте көп. Кітап жазатын адам ең алдымен ана тілде еркін ойлай білуі керек, сосын, оның жүрегінде ұлттық нәр, ұлттық таным болуы керек, әйтпесе, бәрі бекер. Ғылым, интеграция дамымаған кезеңде қараңғы жұртын дамыған, озық өзге елдермен терезесін теңестіремін деп шарқ ұрған әзиз Алаш қайраткерлеріндей педагог, ағартушы болу қайда?! Сонымен, тағы да Мұстақым ағаның сөзіне көңіл бөлейік: «Мен алдыңғы күнде адам қатарлы болуын үміт еткен қазақ балаларына өз тілінде мектеп кітаптары болуын шын көңіліммен тілеймін» деп, оқулық жазуға кіріскен. «Тілеуімді жарыққа шығаруға мәжбүр болдым. Барлығымыздың түпкі арнамыз болған бастапқы мектептен оқу кітаптарын таратарға қазақ жастарынан парыз. Көлеңкеден қорқып тұруға болмайды. Көкірек керіп қызмет қылу керек. «Көш жүре түзеледі» деген атамыздың мақалы бар емес пе?» деп өзінің арман-тілегін қазақ жастары үшін орындап, бүкіл мектеп мұғалімдері мен ата-ана, оқушыға үміт артып, оқулығын ұсынады. «Бір мезгілде жұрттың ағасы, халықтың көз нұры болатын әзиз балаларымызға дін исламның ең керекті қағидаларын бек жеңіл өсиетімді айтып үйрету оқытушылардың бірінші мақсаты болу керек» депті. Көрдіңіз бе, балаларды «жұрт ағасы», «халықтың көз нұры» болады деп үміт артып, оқуға жетелейді, қараңғылық түнегінен шығуға үндейді. Ұлысы үшін ұмтылған, жұрты үшін жанын қиған арыс еді ғой! Ислам дінінің негізгі мәселелеріне арналған оқулық-кітапта Жаратушы, періште, пайғамбар, пайғамбарлар тарихы, ислам шарты, намаз, намаз парызы, оның түрлері, Аллаға сену, дәрет алу, ораза тұту, т.б. қағидаларға жеке-жеке тоқтап, терең түсіндірген. Мәселен, «Балалар! Алла Тағала пенделеріне жеңілдікті қалайды. Ауыр, жасағысы келмейтін нәрселерді қоспайды. Тақарат алған сайын аяғымызды шешіп, жуып жүру қиын болған соң, аяқ жуудың орнына мәсіңізге мәсіх қылуға бұйырған. Мәсіх қылу – жуудың орнына тұрады» деп жеңіл мысалдармен түсіндірген. Сосын мұғалімдерге ескертеді: «Шәкірт түсінбей қалмас үшін әр мысалды өзіңіз көрсетіңіз» деп. Бұл кітаптың ерекшелігі сол – ұлттық педагогиканың бастауы, сонан соң ұлттық таным мен түсінік, халықтық мәдениет төл бағанынан ажырамаған. Ислам дінінің қазақ даласына келуін, діннің тарауын және бұрынғы халық дәстүрі мен ғұрып, әдет-салттарының бірігіп, кірігіп кеткенін сабақтастық деңгейінде ұқтыруы. Қысқасы, Мұстақым жай ғана кітап жазған автор емес, педагогикалық салада еңбек етіп, тәжірибе жинаған, оқушылардан түрлі тәсіл үйренген әдіскер (методист) маман екенін байқауыңызға болады. Үш кітаптағы ортақ қасиет – ұлттық психология, этнопедагогика заңдылықтарының үйлесуі. Қайым аға жинастырған деректер арасынан Мұстақым Малдыбайдың өнеркәсіптің дамуына қосқан үлесі барын білдік. 1920-1921 жылдары совет өкіметі тұрақты орныққан соң, алашшылдардың саясатына жол жабылып, олар қоғамдық ортадан кетуге мәжбүр болды. Сол жылдары Мұстақым да туған еліне оралып, Қарқаралы қаласында ағасы Сәулет екеуі бірігіп, кооператив ашқан. Сүт қабылдап, сүт өнімдерін шығартқан. Май зауытын салған. Ағасына мал бітіп, үлкен бір дәулетті отбасы болған екен. 1924 жылғы Орталықтың шығарған қаулысына сәйкес ет, сүт салығы шығып, жергілікті шолақ белсенділердің көрсетуімен әуелі дәулетті кісі ретінде ағасы Сәулет тергеуге алыныпты. 1928 жылы дүние-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өзі итжеккенге айдалған. Ал Мұстақым ашқан, ұйымдастырған зауыт пен кооператив талан-таражға түскен. 1925-1926 жылдары Мұстақым «Алаш ісі» бойынша күдікті ретінде бақылауда жүрген әрі Қарқаралыдағы қазақ мектебінде оқытушы болып қызмет істеген. 1928 жылдың қаңтарында сүйген жары Ғазиза бақиға аттанған-ды. Бір деректе Ғазиза Мұстақымның қырқын берген соң қайтыс болды деп жазылған. 2020 жылы Мұстақым Малдыбайдай үлкен қайраткердің туғанына 140 жыл. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде Мұстақымның есімімен аталатын ештеңе жоқ. Мұстақымды аялау, құрметтеу – туған жерінен, туған жұртынан басталуы керек. Оның есімін халық жадында мәңгі сақтау үшін бірқатар насихаттау, дәріптеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Осыған орай, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтовтың атына басылым арқылы төмендегідей ұсыныс айтамыз: – Қарағанды қаласындағы орталық көшелердің біріне тұлғаның атын беру және ескерткішін орнату; – Қарқаралы қаласындағы орталық көшелердің біріне тұлғаның есімін беру; – Қарқаралы ауданына қарасты мектептердің біріне немесе тұлға туған ауылдағы мектепке қайраткердің есімін беру; – Қарқаралы ауданындағы Сарықияқ деген жердегі тұлға жерленген бейітті қоршау, басына белгітас орнату және оны облыстық деңгейдегі «Қасиетті Қазақстан» жобасының тізіміне қосу ке­рек. Ел тізгінін ұстап, жергілікті билік басында жүрген бұл елшіл, мемлекетшіл азаматтар Мұстақым Малдыбайұлының рухына адалдық танытып, ұсыныстарымызды ескеріп, қолдайды деп сенім артамыз. Мұстақымның елі еді деп Едірейге жол түскенде, Қарқаралыны басып, Құнанбай қажы мешітіне аялдап, Мұстақым қызмет еткен мектеп (бүгінде дүкен болып тұр) пен Мәди Бәпиұлы қамалған түрмені (қазір монша) көретін едік... Бірақ Едірейден ел үдере көшкен, тек жұрттың орны мен ата-бабаның зираты ғана қалыпты. Өзекті өртейтін өкініш сол. Қорғансыз елінің теңдігі үшін бас­тарын қауіп-қатерге тігіп, бодандықтағы ұлтының аяусыз жаншылып басылған рухы үшін күресіп, қуғын-сүргінге ұшыраған Алашшыл топтың сапында Мұстақым Малдыбайұлы да бар. 1927 жылдың желтоқсанында аяулы жұрт ағасы, Алаш баласы Мұстақым Малдыбай 48 жасында Отан үшін, жер үшін өлім құшқан құрбан. Ол – Тәуелсіздікті жақындатқан ұлтымыздың біртуар азаматы.

Елдос Нүсіпұлы