7 Қараша, 10:57 283 0 Нұр Отан Әсел ӘНУАРБЕК

Зәуреш АМАНЖОЛОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты:   Жастардың денсаулығы алаңдатарлық жағдайда

Халықтың денсаулығын сақтау – әрбір мемлекет үшін аса маңызды міндет екені айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеге Nur Otan партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасында да назар аударылды. Осы ретте Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжоловамен жас ұрпақтың денсаулығын сақтау бойынша аз-кем тілдескен едік.

– Зәуреш Жұманәліқызы, кез келген ұлт үшін ұрпақ саулығы – бірінші орында. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында да жас ұрпақтың денсаулығын ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жүктелді. Бұл ретте жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтауда сізді алаңдататын мәселелерге тоқталып өтсеңіз...

– Рас, дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Елбасы халыққа жолдауларында ұрпақ денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та бұл мәселеге ерекше мән беруде. Халық санасының өсуі мен сапасы оның денсаулығына байланысты. Ел дамуының «Қазақстан-2030» стратегиясының ұзақ мерзімді  басымдық бағыттарының бірі ретінде – аурудың алдын алу және салауатты өмір сүру салтын  ынталандыру маңызды компонент болып табылатын «Денсаулық, білім және азаматтардың амандығы» деп атап көрсетті.

Қазіргі таңда елімізде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, денсаулық сақтау саласы тарапынан көптеген іс-шаралар атқарылуда. Жыл сайын аурудың алдын алу мақсатында 18 жасқа толмаған балаларға  профилактикалық медициналық тексерулер жүргізіледі. 2018 жылдың қортындысы бойынша  тексеруден өткен жасөспірімдердің 10,6 пайызының ауруы анықталып, оның 3,1 пайызы диспансерлік есепке алынды.

Соңғы үш жылда  15-29 жас аралығындағы онкологиялық аурулар 9,2 пайыз, психикалық аурулар 6,4 пайыз, туберкулез 22 пайызға азайса да, бүгінгі күні жастардың денсаулығы алаңдатып отыр. Атап айтсақ, тыныс алу жүйелері 28 пайыз, зәр шығару жыныстық аурулары 8,5 пайыз, неврологиялық және көз аурулары да азаяр емес.

Сондай-ақ 2018 жылдың қортындысы бойынша  әскер қатарына қабылдау үшін медициналық комиссия тексеруінен өткен жастардың 72  пайызы  әскерге жарамды. Әскерге жарамсыздар қатарынан анықталып отырған аурулар қатарында іш-құрылыс аурулары (28,4 пайыз) көш бастап тұр. Одан кейін хирургиялық (25,7 пайыз) және неврология аурулары (16,4 пайыз) да  жиі тіркелген.  Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары байқалып отырған балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы жағдайындағы жағымсыз көріністер мемлекетке үлкен әлеуметтік және экономикалық шығын әкеледі.

Бүгінгі күні жастардың психикалық және мінез-құлық ауытқуларының өсу қаупі зор. Жастардың психикалық мінез-құлқы өзгеруінің негізгі  факторлары ретінде нені атап айтар едіңіз?

– Жағымсыз отбасылық орта, ата-ана тарапынан қамқорлықтың болмауы, тәрбие берудегі кемшіліктер,  күйзелістер мен қысымға қарсы күреске қабілетсіздігі, психологиялық көмек қызметінің жеткіліксіздігі, өз бетімен шешім қабылдай алмауы, агрессиялық жарнамалардың болуы.

Ерекше назар аударатын жағдай қазіргі кезде ересектерді ескермегенде жасөспірімдер арасында кальян мен электронды темекі пайдалану кең таралуда. Ғаламтор бетін ашсаң электронды темекінің түр-түрі бар. Бұл жастардың назарын еріксіз аудартады. Әсіресе, мектеп қабырғасында балалардың, оның ішінде қыз балаларының пайдалануы үлкен алаңдатушылық туғызуда. Бұл жағдай жастардың денсаулығына, оның ішінде репродуктивтік функциясына зиянын тигізетіні сөзсіз.

Қоғамның ең осал топтарының бірі – балалар мен жасөспірімдер болып табылатындықтан, олардың темекі, алкогольді, есірткі және психотроптық заттарды пайдаланып денсаулығына қауіп-қатер төндіру  факторлары алаңдатады. Әсіресе, жастар саны ең аз өңір – Солтүстік Қазақстан облысында наркология диспансерінде тіркеуде тұратын жастар саны өте жоғары, одан кейінгі кезекте Алматы облысы мен Алматы қаласы тұр.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы осындай ахуалды бағамдай отырып, өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар айтасыз?

– Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеті, яғни елдің ересектер денсаулығының іргетасы бала жастан қаланады. Сондықтан мен жастардың денсаулығын нығайтуға бейжай қарауға болмайтындығын баса айтқым келеді. Ең алдымен, жастардың дер кезінде профилактикалық скринингтерден өтуін қамтамасыз ету қажет. Одан бөлек жасөспірімдер мен жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруда  ата-аналармен мақсатты жұмыстар жүргізу, күйзелістер мен қысымға қарсы күреске қабілетсіз балаларға психологиялық көмек көрсету қызметінің қол жетімділігін арттыру, темекі, алкоголь және басқа да психотроптық заттардың балаларға сатылуына қатаң бақылау жасау, дәстүрлі отбасының өзегін нығайту, оның психологиялық-педагогикалық мәдениетін көтеруге көңіл бөлген абзал. Аталған факторлардың оң шешімін табуына медицина саласымен қоса сектораралық және ведомствоаралық жүйелер ынтымақтастығының да  үлес қосатыны анық.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар