2 Қараша, 19:32 401 0 Заң Анар ЛЕПЕСОВА

Бір қап қару жинап, аса ауыр қылмысқа дайындалған Алматы тұрғыны ұсталды

12 калибрлі екі шолақ және тегіс ұңғылы мылтықтар, карабин, 15 оқ-дәрі. Осынша қару-жарақ арқалаған алматылық аса ауыр қылмысқа дайындалған. Тәртіп сақшылары заңсыз қаруды "Думан" ықшам ауданынан, күдіктіні тінту кезінде Audi көлігінен тапты. Бұл туралы  "Астана" арнасы хабарлады. 

Қалалық полиция департаменті қару-жарақты сақтаған 27 жастағы күдіктіні уақытша оқшау абақтысына қамады.  Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 287 бабы, 3-бөлігі бойынша қарастырылып жатыр. Тергеу жұмыстары басталып кетті.  Күдіктінің бұрын бопсалау фактісі бойынша істі болғаны анықталды.

"Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қару-жарақты өзінің үйінде және автокөлігінде сақтаған 92 жылы туған Т. есімді азаматты құрықтаған. Бұл азамат аса ауыр қылмысқа бел буыпты. Қарақшылық, шабуыл, тонау әрекеттерін жасамақшы болды. Бірақ қылмыстық пиғылын жүзеге асырып үлгерген жоқ. Ұсталды", — дейді Алматы қаласындағы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

"Қорамсақ" қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катновтың айтуынша, қазір пневматикалық қару-жарақты сатып алу қиын емес. Осыдан бір ай бұрын "Аққент" шағын ауданында 15 жастағы бозбала суық қарумен бүтін бір отбасын асыраушысынан айырған еді. Қару-жарақты сатып алу үшін қатаң тәртіп орнатылуы қажет.

"Қылмыскерлер негізінен тапаншаға әуес кtkледі. Қазір пневматикалық қарулар емін-еркін сатылады.  Әсіресе ғаламторда. Осыны шектеу керек. Қатаң талаптар қойылуы керек", — дейді вице-президент.

Күдіктіден тәркіленген қарулар сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Қарулардың бұрын қандайда бір қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталмақ.

Соңғы жаңалықтар