ШОНА

ШОНА

ШОНА
ашық дереккөзі
Радиодан немесе теледи­дар­дан белгілі әнші-ком­па­зитор Әбиірбек Тінәлиевтің «Анам­ның тілі – аяулы үні» деген өлеңі құлағыма шалынса мен ерік­сіз оның мәтінін жазған көп­шілікке таныс қазақ сықақшысы, ұлт жанашыры Шона Смахан­ұлын еске аламын: Өмірге келдім, Анамды көрдім, Деді ол: жаным, Арайлы таңым. Самал боп желпіп, Жырымен ертіп, Үйретті тынбай Бал тілін, әнін. Анамның тілі – айбыным менің, Анамның тілі – ай-күнім менің! Сүйемін байтақ елімді туған, Сүйемін мәңгі – өмірді думан. Шона Смаханұлы сайып­қы­ран сатирик, шоқ тілді ақын ретінде ерте танылған қаламгер. Ол ауылдық мектептің мұғалімі бола жүріп, сонау 1950 жылдан бастап қаламды өзіне серік етіп, өндіре өлең жазып, нәрлі, уытты шығармаларымен көптің көзіне түсіп, біраз сатиралық дүниелері облыстық, республикалық баспа­лар­да жарық көріп, «ақын бала» ата­нады. Ол мектеп партасынан, төменгі сыныптан басталған ақи­қат­қа, өмірге, өлең-өнерге құш­тар­лық хақында былай дейді: «Әсте сатирик болсам» деп арман­да­мадым десем, өтірік айтқан боп шы­ғар едім… Кейін мұғалім бо­лып жүріп те, өлеңнен қолымды үз­генім жоқ. Ауданда мұғалім­дер­дің тамыз кеңесі өтер кезде «Жанды газет» шығаратынбыз. Бұл қабырға газет те менің шым­шы­ма, шаншымаларыма көп орын беретін. Жазғандарым рес­пуб­ликалық газет-журналдарда да көрініп жүретін. «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» газеттері мен «Ара» журналы болды. Ол туралы: «Қай газетте, иә журналда жұмыс істейін, журналистік өмірдегі мақсатым айқын болды, ол – белең алған кемшіліктерді аяусыз сынау еді». Халық батыры Бауыржан Мо­мыш­ұлы: «Орынды мысқыл – оттан да өткір» деген қанатты сөзі Шона ақынның сықақтарын оқығаннан кейін пайда болды дейді айтушылар. Мүмкін онысы, сірә, рас болар. Ел аузында Шона айтқан екен деген түйрегіштей түйреп өтер мысқылдар аз емес, Мысалы, «Мен, мен, мен деп төсін ұрады, Төсі сынса несін ұрады», немесе «Кең болғасын бүйені, Жұтып қойды түйені», «Болар бала білім іздейді, Тозар бала шылым іздейді» және т.б. Белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек әріптесі Шона туралы: «Оның тілі тесіп шығады, немесе кесіп шығады» деуі бекер емес болар. Өмір шындығынан туған Шона­ның сықақтарының ел аузынан соңғы кездерге дейін түспей келе жатқаны да рас. Ш.Смаханұлының танымал шығармалары «Өліп-тірілген», «Со­қыршектегі волга», «Дүние- қоң­ыздың арманы», «Әженің әл­диі», «Шалдан шыққан шатақ», «Түлкі тәрбиеші» тағы да көп­те­ген интермедия, скетч, этюд, иро­ния­лары бүгінге дейін сахналарда орындалып, көрермен қуа­ны­шына ие болуда. Қаламгер өзі мақ­сат етіп алған жанрына бүкіл шығармашылық ғұмырында адал қызмет етіп, оның қыр-сырына мүмкіндігінше тереңірек енуге тырысып, түрлі көркемдік бар­лау­лар жасап отырды. Соның нә­ти­жесінде әзіл-сықақ жанр­ы­ның әр саласында көңіл тұщы­тар­лық еңбектер туғызды. Оның са­ти­ралық әңгімелері юморес­ка­лары, мысалдары мен шымшы­ма­лары, пародиялары мен скетчтері іліп түсетін өткірлігімен есте қал­ды. Әлі де еміс-еміс оның шығар­ма­ларына оралып, әртүрлі бас­па­лардан оның дүниелерін кез­дес­тіруге болады. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде жазушы-са­ти­рик Шона Смаханұлының шы­ғар­машылығына арналған «Шо­наның шошаласы» деген рубри­ка­мен көп жылдардан бері ай сайын әзіл-қалжыңдар, сықақтар топ­тамасы жарияланып, оқушы­ларына ұсынылуда. Бұл – Шона ағаға деген жерлестерінің ыстық махаббаты, асыл құрметі. Сатирик-ақын Шона Смахан­ұлы артында мол әдеби мұра ғана емес, азамат ретінде елеулі із де қалдырғаны мәлім. Тоталитарлық заманда білім беру саласындағы солақайлықтарды сынап, қазақ мектептерін көбейту жолындағы белсенді іс-әрекеттері үшін «ұлт­шыл» атанған күрескер ақын Шо­на Смаханұлының ұлттық рух, ата-баба дәстүрлерін жаңғыртуға бар қуатын арнағанын кім біл­мейді. Тіл мәртебесін көтеруге қиып түсер сөз семсерімен араша түскені көпшілікке мәлім. Ол бар саналы ғұмырын елін, Отанын сүюге арнап, сол жолда қызмет етіп, мемлекеттік тіліміздің ны­ғаюы­на ерекше серпін күш беріп, қазақ руханиятының өсіп-өркен­деуіне өлшеусіз үлес қосқан асыл азамат еді. «Ол Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Мектеп кеңе­сі­нің төрағасы ретінде бүкіл рес­пуб­ликамыздағы қазақ мектеп­те­рінің жағдайына айрықша назар аударып, Алматыда қазақ мек­теп­тері мен балалар бақшаларының санын көбейту жолында жанын салды. Сол тұста Мектеп кеңе­сі­нің жауапты хатшысы, кейін төр­ағасының орынбасары болып Шө­кеңмен бірге қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға атсалысқанымды әлі күнге іштей мақтан тұтамын. Өткен ғасырдың 85 жылына дейiн КСРО-да ұлт жөнiнде үс­тем­дiк еткен сұрқия саясаттың қайта құру кезеңiнде iргесi шайқалғаны жұртқа мәлiм. Әсi­ресе орыс тiлiн жалпыға бiр­дей ету үшiн, ұлттық мектептердi жа­уып, ұлттың өз ана тiлiнде оқып,  дамуына үлкен кедергi келтiрген болатын. Жариялылық кезiнде қазақ мектептерi мен балалар бақ­шасын ашу мәселесiн ендi же­ке адамдар емес, өтiмдi әрi сал­мақ­ты болу үшiн ұйымдар аты­нан, ұжым атынан қойыла бас­та­ды. Бұл игiлiктi шараның басында бел­гiлi сатирик ақын Шона Сма­хан­ұлы жүрдi. Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагерi Шона Смаханұлы Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегi хатшысы О.Сүлей­мен­овпен келiсiп, Одақ жанынан қа­зақ мектептерiмен айналысатын бө­лiм ашып, белсендi iс-әрекетке бiлек түре, тайсалмай әрi тайсақ­та­май тiке кiрiстi. Шона Смахан­ұлы республика басшысы Д.Қо­наев­тың құзырына бұл мәселенi жет­­кiзiп, ағарту саласындағы со­­­ла­­қайлықты, қазақ мек­теп­те­рiнiң жабылып, жыл сайын оқу­шы­лар санының да азайып бара жат­қа­нын, мұның өзi ұлты­мыз­дың бо­ла­шағына қауiптi екенiн көтерiп, дабыл қақты. Шона Смахан­ұлы­ның жан айқайына Жазу­шы­лар одағының кейбiр мүше­лерi, жур­на­лис­тер, зиялы жұрт­шы­лық жедел үн қосып, қолдау бiлдiрдi. Республиканың баспасөз беттерiн­де қазақ мектебiнiң тағ­дыры жа­йын­да қоғамдық пiкiр көтерiле бастады, мұның да басы-қасында жүрген азамат Шона Сма­ханұлы болатын», – дейді жазу­шы-журна­лист Көлбай Адыр­бекұлы. Ұлт жанашыры болған Шона Смаханұлы тынбай, шырылдап жүріп Алматыда қазақ мектеп­те­рінің, бала бақшалардың санын көбейтуге барынша атсалысып, қоғамымызда бей-берекет мүш­кіл жайға ұшыраған қазақ ті­лін дамыту туралы билік ал­дына, тіпті сол кездегі респуб­ли­калық компартияның бірінші бас­шысы Дінмұхамед Қонаевтың қа­был­дауында болып, мәселені ашық қойып, жанын аямай, барынша тер төккен белгілі қо­ғам қай­рат­керіне айналды. Шо­кең­нің ол бас­тамасын алматылық зия­лы қауым қызу қолдап, уақыт өткен сайын келешегі бұлыңғыр болып бара жатқан ұлтымыздың тілін қорғап қалуға үн қосып, сол кездегі астанамызда бірнеше қазақ мектебі мен балабақша ашыл­ғаны барлығымызға аян. Ол іс басқа өңірлерде де қолдау та­уып, жыл сайын қысқарып, қо­жырып, азайып бара жатқан қа­зақ мектептерінің санын тежеуге, тіп­ті, базбір өңірлерде көбейтуге басты себеп болды. 1986 жылғы желтоқсан оқи­ға­сынан кейін себепсіз қуғынға ұшы­раған жастарды қорғауға бел­сене, батыл қатысқан қалам­герлердің бірі Шона Смаханұлы бол­ғанын көпшілік жақсы біледі. Күрескерлік қасиетін ол ешкім­нен тайсалмай, жалтақ­тамай, бұқ­­пайламай ашық біл­ді­ріп, аза­маттық позициясын, ұлт­тық ұстанымын, рух батылдығын көр­сетті. Сол қаһарлы 17 жел­тоқ­сан күні кешке Шона аға Қонаев­қа телефон шалып, хал-жағдайын сұрайды. Осының алдында ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пле­нумы өтіп, онда Ди­маш Ахметұлы рес­пуб­лика партия ұйымының басшылығы­нан алын­ға­ны белгілі болатын. Оның орнына Колбин­нің сай­лануына жастар нара­зылық көрсетіп, алаң­ға шы­ғып жатқаны тағы бар. Тура осындай сәтте Димекеңнің хал-жағдайын сұрағаны Шө­кеңе бәле болып жабыс­қан. Күн-түн демей «үш әріп» шақырып, сұ­рақ­­қа алып, әбден жүй­ке­сін тоз­дырып, мазасын ке­ті­ріп, берекесін алып­ты. Басы­лым­дарда жа­ры­са «Шона Сма­ханұлы ұлтшыл жазу­шы» деп қаралаған мақа­ла­лар дайындалып, базбірі жария­ла­нып жатты. Шона ағай «жеңіл шағылатын жаң­ғақ емес» екенін дәлел­де­ді, қайсарлық көрсетіп, барынша тіресті. Шөкең белді бекем буып өзінің азаматтық мінезін тағы осы кезде танытты: «Құдай өзі берген жанын өзі ала­ды. Қалтама партбилетті босқа са­лып жүрмін бе? Өздерінің қата­ры­на соғыста өткен мүшесін қор­ға­сын. Жоғарғы партия орган­да­рына шағым жазайын!» – деп, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Горбачевтің, екіншісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Кол­биннің атына телеграмма жі­береді. Сол телеграммалардан соң ғана Шөкеңді аңду, қудалау ты­йы­­лады. Жігіттермен кездескенде көңілі жайланып: «Бауырларым, қостілділік туралы қаулы шықты ғой. Енді іске бұрынғыдан да ба­тыл кірісейік!» – деп қайрат беріп жү­ретін... Ұлт болашағы үшін жа­нын салып, қайратқа мініп, ба­сын бәйгеге тіккен Шона ағаның бұл ерен қызметін ерлікпен тепе-тең десек қателеспейміз. Ақеділ азамат Шона аға туған жері Талас өңірін жанындай жақ­сы көретін. Уақыт тауып «Ойық» аулына жиі атбасын бұратын, үлкенді-кішілерге сәлем беріп, аунап-қунап жатып, ауыл тірші­лі­гімен танысып, оның жетістігіне жас баладай қуанатын. Оған оның мына жыр жолдары куә: Өткіздім қилы өмірдің бәрін бастан, Елім де, жерім де көп  бауыр басқан. Дариға-ай, туған жерді  ойлағанда, Жас шығар жастық болған  қара тастан. Шона Смаханұлы 1988 жылы 65-ке қараған шағында Алматыда дүние салды. 1992 жылғы 8 желтоқсанында Алматы қаласындағы №62 мек­тепке Шона Смаханұлы есімі берілді.Туған өлкесі – Жамбыл облысындағы Тараз қаласы мен Талас ауданында да орта мекте­п­терге ақын аты берілді. Жас құ­рақтай жетіліп өсіп келе жатқан жас­тар көрнекті сатирик-ақын Шона Смаханұлының шығар­ма­ларына мезгіл-мезгіл оралып, шығармашылық кештер, оқулар, конкурстар өткізуде. Оның сөзіне жазылған «Анамның тілі – аяулы үні» әні әр мектепте жез қоңы­рау­дың жағымды қоңыр үніндей әуелетіп шырқалуда... Ұлтының жарқын болашағы үшін, ана тілінің ұмытылмауы, кен­­желенбеуі үшін асау тол­қынды ағысқа қарсы жүзіп, «от пен суға» түсуге дайын тұратын, тіпті, басын бәйгеге тіккен Шона аға еліміздің егемендік алғанын, байрағымыздың көкте желбі­ре­ге­нін көре алмады, өкінішке қа­рай, өмір ол күндерге жеткізбеді. Бірақ, белгілі қаламгер Ш.Сма­хан­ұлының ерен патриоттылығын, қажырлы тіл жанашырлығын, қайтпас қайраткерлігін көпшілік әсте ұмыта қоймас.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,

профессор