Сөз өнерінің патриархы

Сөз өнерінің патриархы

Сөз өнерінің патриархы
ашық дереккөзі
Әр дәуірде жоғарғы марапаттарға лайық азаматтар болады, олар елі үшін еңбек етіп, сол арқылы ұлтының, мем­ле­кетінің дамуына, әлем­ге атағы аспандап, мәртебесінің көтері­луі­не зор пайдасын тигізеді. Қазақ дегенде еске түсетін сондай дегдар азаматтың бірегейі – ұлттық әдебиетіміздің классигі, аса көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Әбдіжәміл Кәрімұлы қазақ көр­кемсөзін жаңа деңгейге кө­тер­ген аса дарынды тұлға. Хат таныған күллі қазаққа ғана емес, аты да, шы­ғар­малары да алыс-жақын елдерге кеңінен танылған. «Күткен күн», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» секілді роман­да­ры әлденеше рет басылып шығып, дә­режесі биік әдеби сыйлықтарға ие бол­ды. Шығармалары әлемнің іргелі ел­деріне қазақ әдебиетінің қуатын танытты. Романдары жер жүзінің 40-қа жуық тілдеріне аударылып, көп тара­лым­мен оқырмандар қолына тиген қазақ жазу­шысының өзгеше талант құдіретін аты дүниежүзіне белгілі көп­те­ген қалам­гер­лер жоғары бағалады. Биікке биіктің көзі түседі. Қазақ қаламгерлері арасында шығармалары тұңғыш рет Нобель сыйлығына үміт­кер ретінде ұсынылған да осы Әбді­жә­міл Нұрпейісов. Биыл Қазақстанның Халық жазу­шы­сы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толып, қаламгер мерейтойы елімізде кең түрде аталып өтуде. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаев Әбдіжәміл Нұрпейісовті қабыл­дап, оның өңіріне «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының «Алтын жұлдыз» белгісін тақты. Бұл – Мемлекет басшы­сы­ның қазақ әдебиетіне деген үлкен құр­меті еді. «Сіз халқымызға керексіз. Сон­дық­тан сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шы­ғармашылық табыс, бақ-береке тілеймін», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті қазақ қаламгерінің омырауына «Алтын жұлдыз» белгісін тағып жатып. Өз кезегінде Әбдіжәміл Нұрпейісов те Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризалығын біл­діріп, алғыс айтты және Қазақ­стан­ды әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қатарына қосу жолындағы істеп жат­қан еңбегіне табыс тілеп, тілек­тестігін білдірді. Әбдіжәміл Нұрпейісов – белгілі ғалым, көрнекті қаламгер Мырзатай Жол­дасбеков айтпақшы, «Бүгіндері дү­ниелік әдебиеттің таңдаулы шебер­ле­рінің біріне айналды. Ұлттық салт-дәс­түрдің уызына жарып өскен, мәйекті тілі­мен тебірене білетін, оқырманды да тебіренте жүретін сөз зергерімен за­мандас болғанымызға мың мәрте тәу­бе айтамыз. Ағаға қарап паң­да­на­мыз! Ағаға қарап биіктейміз! Бала­дай еркелігіміз ұстайды. Шүбәсіз шындық: Әбдіжәміл Нұрпейісов кітап оқитын әрбір қазақтың жүрегінің төрінде, туған халқымен бірге жасай береді».