Жүсіп ата кесенесіне жөндеу жасалды

Жүсіп ата кесенесіне жөндеу жасалды

Жүсіп ата кесенесіне  жөндеу жасалды
ашық дереккөзі
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық - музейіне қарасты Жүсіп ата кесенесінде абаттандыру жұмыстары жүрді.  Жергілікті демеушілердің көмегімен кесенеге кіретін темір қақпа орнатылып, асфальт жол салынды. Сондай-ақ, кесене айналасындағы жалғыз аяқ жолдарды бетондалып,  дәретхана  жөндеуден өтті. Зияратшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында дәрет алу бөлмесіне ыстық және суық су жүргізіліп, пайдалануға берілді. Жүсіп ата кесенесінің қорықшысы Сабырыддин Эшановтың айтуынша, қасиетті жерге келіп, баба басына құран бағыштап, зиярат етушілер саны күн санап артып келеді. Мұнда Өзбекстан және Қырғызстан елдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келушілердің қарасы қалың. Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта Ескі Иқан ауылында орналасқан Жүсіп ата кесенесі жергілікті маңызы бар – сәулеттік ескерткіш. Жалпы жер көлемі - 1,5 га. Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, әрі жиені ретінде белгілі Жүсіп ата XII ғасырдағы діни тұлғалардың бірі саналады. Жүсіп ата кесенесінің іргесіне 2005 жылы зерттеулер жүргізілген. Кесене екі бөлмеден тұрады. Жалпы ұзындығы 22-23 метр,  ені 12,87 метр. Зияратхана бөлмесінің ішкі өлшемдері 9,24 мх9,21 метрді құрайды. 2008 жылы Жүсіп ата кесенесіне толық  реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілген.