17 Қазан, 12:00 473 0 Әдебиет Ахмет ӨМІРЗАҚ

Сұлу сөзден сарай соққан

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ - 125 ЖЫЛ

«Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен» деп белгілі ақын Тұрсынзада Есімжанов айтқандай, күллі қазаққа таныстыруды қажет етпейтін тұлғаның біріІлияс Жансүгіров.

Ташкент, Алматы, Мәскеу шаһарларында білім алып, өнерімен де, қоғамдық-саяси қызметімен де халқының көркеюіне зор пайдасын тигізген Ілияс ақын ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен журналистикасына зор еңбек сіңірді.

Өткен ғасырдағы қазақ басына төнген ауыр нәубеттің бірі – 1937 жылғы сталиндік репрессия болса, соның құрығына алғаш түскен қазақтың ардақты перзенттерінің бірі де Ілияс Жансүгіров болды. Дегенмен, заманның қиындығы мен жүйенің қиянаты арда туған асыл перзентін халықтың жадынан біржола өшіре алмады. Ақынның туындылары ел арасында «мұқабасыз кітап» күйінде қолдан қолға өтіп, оқылып жатты. Кейін кеңестің қанды қырғындардың ұйымдастырушысы әрі дем берушісі И.В.Сталин өліп, КСРО жаңа басшылықтың қолына өткен «жылымық» кезеңде өзге қазақ тұлғаларымен бірге саяси жақтан ақталған Ілияс та халқымен қайта қауышты.

Биыл ақынның туғанына 125 жыл толып, осыған орай қазақ елі бір жылда туып, бір жылда өмірден өткен Сәкен, Бейімбет, Ілиястың мерейлі мерекесін жан-жақты атап өтіп жатыр.

Өткен аптада ақынның туған жері Алматы облысының Ақсу ауданы орталығын Жансүгіров кентінде және облыс орталығы Талдықорған қаласында Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған бірқатар шаралар өтті.

Мерейтойдың алғашқы шарасы – Жансүгіров ауылындағы орталық алаңда Ілияс Жансүгіровтің ескерткішінің ашылуы болды. Салтанатты шарада Алматы облысы әкімі Амандық Баталов құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Жансүгіров ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Айтбайұлы аудан халқы атынан мерейтой ұйымдастырушылары мен қатысушыларына ізігі тілегін білдірсе, Қазақстан Жазушылар одағынан осы ұйымның басшыларының бірі – ақын Бауыржан Жақып Ілияс Жансүгіровтің әдебиеттегі орны туралы сөз сөйлеп, Ілиясқа арнаған өлеңін оқыды.

Салтанатты шара Жансүгіров ауылындағы Е.Сихимов атындағы орталық стадионда жалғасып, «Құлагер» театрландырылған көрінісі жұртшылықтың назарына ұсынылды (режиссері  С.А. Асылхан). Атқа мініп келіп, халқымен қауышқан Ілияс ақын «Құлагерін» оқып, оның соңы поэмадағы оқиғаларға ұласып кететін театрландырылған көрініс, шын мәнінде, ашық аспан астында көрсетілген мықты драмалық шығармаға айналды.

Түстен кейін Жансүгіров ауылы ипподромында ақынның 125 жылдығына арналған «Көкпар» ұлттық ат спорты ойы­ны өткізіліп, Ақсу халық театры Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны» драмасын көрсетті.

Келесі күні облыс орталығы Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрында Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда ақын Бауыржан Жақып, ғалым Серікқазы Қорабай, Нұрдәулет Ақыш, т.б. баяндама жасады. Конференциядан соң Алматы облысы әкім­ді­гінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында басылып шыққан Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығына арналған 20 томдық кітаптың тұсаукесері болды. Сондай-ақ ақынның 125 жылдығына арналған республикалық жазба ақын­дардың мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Аталған мүшәйраның бас жүлдесіне белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Байбота Қошым-Ноғай ие болды.

 

P.S.

Бір кезде «Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай, Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым» деп асқақ сөздің арнасын кең ашып, дауылдата жырлаған Ілияс ақын бүгінде халқымен біте қайнасып кеткен өнер иесі. Ақынның туған жері арда перзен­ті­нің «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді» деген аталы сөзін ұмытпай, мерейтойын жоғары дәрежеде өткізді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, талай тұлғалардың туған жерінде өткен мерейтойларын көріп жүрміз ғой, бұрын да бұндай шараларды өз деңгейінде өткізіп жүрген жетісулықтар бұл жолы да тойға тыңғылықты дайындалғанын көрсетті. Ілиястай ақынның мерейтойы даңқына сай өткізілгені келушілерге ерекше әсер берді деп ойлаймын. Халық күткен мерекелердің лайықты атап өтілуі – ұлтымыздың рухани жаңғыруына септігін тигізері сөзсіз.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Алматы – Талдықорған – Жансүгіров

 

Соңғы жаңалықтар