16 Қазан, 14:47 430 0 Руханият Анар ЛЕПЕСОВА

Алматыда жас тарихшылар сайысы өтті

Алматыда «Менің кіші Отаным» тақырыбында жас тарихшылардың қалалық зияткерлік сайысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сайысқа аудандық кезеңде жеңіп шыққан 9-сыныптың 4 оқушысынан тұратын 8 команда қатысты. Жарыстың I күнінде барлық қатысушылар Қазақстан тарихы пәнінің оқу бағдарламасы бойынша «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы дайындаған тест тапсырмаларын орындады. ІI күнінде команданың әрбір мүшесі жеке номинация бойынша өз жобаларын қорғады.

Оқушылардың жұмысын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және құқық институтының директоры, профессор Б.С.Жұмағұлов бастаған профессор-оқытушыларынан тұратын тәуелсіз қазылар алқасы бағалады. Барлық сайыскерлер жетекшілерімен бірге бір залда отырып, бірі-бірінің дайындаған жобаларымен танысып, қорғау барысын тыңдап, сұрақтар қойып, өзінің дайындығын салыстыра бағалауға мүмкіндік алды.

Бес сағатқа созылған жоба қорғау сайысының және тест тапсырмаларын орындаудың қорытындысында «Менің кіші Отанымның тарихы» номинациясы бойынша №175 гимназияның оқушысы Жанерке Мадалиева, «Кіші Отанымның символы» номинациясы бойынша №175 гимназияның оқушысы Амина Есімжанова, «Менің кіші Отанымның болашағы» номинациясы бойынша №12 мамандырылған гимназия оқушысы Қобыланды Нұрғалиев және «Менің туған өлкем» номинациясы бойынша №62 гимназияның оқушысы Айгерім Әділет жеңімпаз атанып қараша айында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Менің кіші Отаным» атты жас тарихшылардың қалалық зияткерлік сайысының мақсаты- жас ұрпақтың бойында өзінің кіші Отаны – туған ауылына, өскен өңіріне, Қазақстан Республикасына деген мақтаныш сезімін, тарихи танымдық қызығушылығын, қазақстандық патриотизм мен ұлттық даралық қасиетін қалыптастыру.

=

Соңғы жаңалықтар