15 Қазан, 11:30 520 0 Білгенге маржан "Түркістан" газетінің авторлары

Шарын туристерді жыл бойы қабылдайды

Қазақ журналистері отандық туризмді насихаттауды жалғастыруда. Қазақстанның ең көрікті жерлері Көлсай, Қайыңды, Түргеннен бастаған бір топ қазақ журналистері бұл жолы саяхатты  «Шарын» ұлттық табиғи паркіндегі Шарын шатқалы мен Ерен тоғайына жалғастырды.

Дүниежүзінде өте сирек кездесетін табиғи көріністі көргіңіз келсе Шарын шатқалына міндетті түрде келіңіз! Бұл миллион жылдар бұрын пайда болған шатқал. Мұндай табиғат басқа ешбір аймақта, жер бетінде жоқ. Иә, дәл осындай көріністі әлем бойынша тек Солтүстік Американың Аризона штатындағы шатқалдар алқабынан көре аласыз. Алайда, ғалымдар ен геологтар Шарынның қызғылт топырағы, өзгеше ойылымдық өрнектері, жартас бедерлері, табиғи жақпар құздары Колорадо каньонынан өзгерек екендігін айтады.

Осындай, ғажап көріністі көргенде, Құдайым, Қазақ жеріне табиғаттың көз арбаған таңғажайып тартуын жасай салғанын қараңызшы деп, кеудеңде мақтаныш сезімі кернейді.

Алматыдан 2-3 сағаттық, 200 шақырымдық жерде орналасқан  Шарын шатқалына әп-сәтте жеттік. Қанша рет бұл жерге жол түссе де, ішін аралауға уақыт болмап еді. Бұл жолы коньонның ішіне түсіп, асықпастан әр тасы мен жотасын зерделеп қарап, ғажайып көріністердің куәсі болдық. Көлік қоятын тұрақтан төмен қарай 3 шақырым жаяу жүріп, аңызға толы каньонды араладық. Жыл сайын осы жалғыз аяқ Қамалдар аңғары жолымен 10 мыңнан аса саяхатшы жүреді. Жол жөнекей келушілер үшін демалатын орындықтар жасап қойылған. Қоқыс тастайтын жәшіктер де қарастырылған.

Миллиондаған жыл бұрынғы жер бетіндегі тіршілік нышандарынан сыр шертетін тылсымға толы шатқалда көне замандардан сақталған алуан пішінді, түрлі жартастарды көре аласыз. Біз бедерлі көріністердің бірін ару қызға, бірін мыстан кемпірге, енді бірін айбарлы арыстан мен батырға, кейбірін қыран құсқа теңеп, ертегілер әлеміне кіргендей болдық. Шын мәнісінде, бұнда «Мыстан кемпір», «Айдаһар»,  «Тас қалашық», «Шайтан қала» т.б. атаулармен аталатын түрлі пішінді жартастар бар екен.  Бұл атаулармен ел арасында аңыз, ертегі текті әңгімелер де тараған. Бұл аймақпен таныстырған гидтің айтуынша, бұл жерде түрлі құбылыстар орын алып, түнде әр түрлі дауыстар шығады екен. Мәселен, ылдилап келе жатқан бұрылыстағы Мыстан сайында (Ущелье ведьм)  түнде әйелдердің жылаған дауыс естіледі екен. Біз де бұл сапарда керемет құбылыстың куәсі болдық. Қайтар жолда бір тамшы жаңбыр жаумаса да, сол жағымыздан аспанда үлкен кемпірқосақ шықты (Суреттер төменде). Бәріміз таңқалысып, табиғаттың тылсым көрінісін жақсылыққа жорыдық.

         Айта кетейік, парк аумағын арнайы мамандар қарап отырады. Бір жағдай бола қалғанда рациямен бір-бірімен байланыса алады. Парк өкілдерінің айтуынша, барлық инспекторлар алғашқы медициналық көмекті көрсете алатын мамандар.   

Назира Жұмақұлова, журналист 

Соңғы жаңалықтар