15 Қазан, 11:11 266 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Елімізде жыл сайын 15 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмады

Жыл сайын Қазақстанда 35 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. Қазір 180 мыңға жуық науқас есепке алынған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дертке шалдыққандардың 50 пайызы емделіп шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, мемлекет онкологиялық ауруларды емдеуге жыл сайын 36 млрд теңге бөліп отыр. Одан бөлек, озық технологиялы емдеу әдістері енгізіліп жатыр.

Аты қорқынышты ауруға шалдыққандардың көбі дәрігердің алдына кеш келеді. Ал, асқынған дертті емдеу қиын. Елордадағы онкология орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, сырқаттардың 40%-і 3 немесе 4 сатысында ем іздейді. Ол кезеңде ісік метастазаға айнала бастайды. Дәрігердің аузынан жаман дерт туралы естіген сырқатқа психологтың да көмегі керек болады. Адам ауруды сұрап алмайды. «Дегенмен, ағзада қандай да дерттің белгісін байқаған адам дереу дәрігерге барғаны дұрыс», - деді тәжірбиелі онколог. Қазір сырқаттарды емдеудің жаңа әдістері де көбейді.

Мұхтар Төлеутаев, қалалық онкология орталығының директоры:

- Бас пен мойын аумағында орналасқан ісіктер болады, жақ сүйегі, тіл, тілдің обыры, ауыз қуысының обыры дейді. Сол жерде микрохирургиялық жақ қалыптастыру, адамға жасанды тіл жасайтындай операциялар қолға алынып, көмек көрсете аламыз. Ол микроскопия арқылы жасалатын операция. Одан кейін ауыз қуысында пластикалық операция жасап, сол мүшелерде кездескен ісіктерді алып тастауға оталарды меңгерген.

Томотерапия. Елімізде биыл қолданыла бастады. 130 адам осы әдіспен ем қабылдаған. Оның үштен бірі тегін медициналық көмек аясында емделген. Несімен ерекшеленеді десек. Адамның денесінде хирургиялық тілік жасалмайды. Ісікті жан-жағынан сәулемен сылып алады. Бұл терапия Орта Азия елдерінде тек Қазақстанда бар. Сондықтан көрші елдерден де сырқаттар келе бастаған.

Ержан Шаяхметов, ядролық медицина және томотерапия орталығының хирург-онкологы:

- Бұл үдеткіш желімен салыстырғанда аз мөлшері терапия саналады. Яғни, тиімділігі – емдеу үшін аз мөлшерлі, төмен процентті сәуле қолданылады. Сондай-ақ ісіктің жан-жағындағы сау тіндерге зиянын тигізбейді. Мысалы, қуықасты безінің қатерлі ісігін 99%-ке емдеп шығады. Ары қарай гормонды терапиямен емдейді.

Елімізде 180 мыңға жуық адам қатерлі ісік ауруымен есепте тұр. Жыл сайын мыңдаған адамнан анықталады. Дерт салдарынан 15 мың адамның дәм-тұзы таусылады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Түркістан облыстарында көрсеткіш жоғары.

 

Соңғы жаңалықтар