Айша Шерханқызы: Бүтін қазақ руханиятына жасалған айрықша құрмет

Айша Шерханқызы: Бүтін қазақ руханиятына жасалған айрықша құрмет

Айша Шерханқызы:  Бүтін қазақ руханиятына жасалған айрықша құрмет
ашық дереккөзі
Қазақстанның Халық жазушысы  Шерхан Мұртазаның Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, зиялы қауым өкілдері мен жазушының ұрпақтары арнайы келді. Шерағаңның жарқын бейнесін бедерлеген мемориалды тақтайша кеңестік кезең мен одан кейінгі тәуелсіздік жылдары ұлт руханиятына сіңірген ерен еңбегін дәріптеп, дара тұлғаның есімін кейінгі ұрпақ санасына ұялату мақсатында қойылған. Аталған шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Шара барысында сөз алған жазушының қызы Алма Шерханқызы: «Әкем халқым десе жанын беруге әзір тұратын тұлға еді. Ол ақтық демі қалғанша киелі сөз өнерінің киесін кетірмеуге, тұнығын лайламауға бар күшін сарп етті. Бұл әкеме ғана емес, бүтін қазақ руханиятына жасалған айрықша құрмет деп білемін», – деп ағынан жарылды. Онан өзге Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жазушының шығармашылығы мен артында қалған бай мұралары жайлы сөз сөйледі. Тағы бір айта кетерлігі, қайраткер-қаламгерді еске алуға бильярдтан  дәстүрлі турнир өтті. Шерхан Мұртаза атындағы турнир сонымен қатар, жазушының өзі қызмет атқарған «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. «Ағалар» мен «Жастар» тобы көп ішінен мықтыны анық­тап, бағалы сыйлықтарға ие болды. «Ағалар» тобында бірінші орын – Ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы иеленсе, «Жас­тар» тобындағы бірінші орын «Al­maty» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы Үмбетәлі Меймешке бұйырды.