ТҮРКІСТАННЫҢ  ҰЛЫ АҚЫНЫ – АБАЙ

ТҮРКІСТАННЫҢ  ҰЛЫ АҚЫНЫ – АБАЙ

ТҮРКІСТАННЫҢ  ҰЛЫ АҚЫНЫ – АБАЙ
ашық дереккөзі
Ұлы Абайдың өмірден өткеніне 30 жыл толуына орай «Яш Түркістан» жорналында жарық көрген бұл мақаланың авторы ретінде Есен Тұрсын көрсетілген. Зерттеу барысында көз жеткізгеніміздей, Есен Тұрсын – «Яш Түркістан» жорналының жауапты хатшысы Тахир Шағатайдың лақап аты. Мұстафа Шоқайдың мұғажырлықтағы сенімді серігі бола білген Тахир Шағатайдың ұлты өзбек, ол әуелі Берлинде социология саласында докторлық қорғап, соғыстан кейінгі жылдарда Түркияның Анкара қаласында  профессор болып қызмет атқарған. Шоқайдың шынайы мұрагерлерінің бірі болған ол Түркістан және Мұстафа Шоқай жөнінде жазылған бірнеше кітаптың авторы. Мақала «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» деп аталады. Мақалаға қосымша Абайдың суреті басылып, оның астына «Түркістанның ең үлкен ақыны – Абай Құнанбайұлы» деп жазылған. Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін жан қиған күрескер азаматтың бағалауынша, Абай тек қазақтың ғана емес,Түркістанның да бас ақыны! Сондай-ақ, автор қазақ әдебиетін түрік халықтары әдебиетінің ішінде ең бай әдебиет деп атап көрсетеді. Бұл – өресі биік өзбек жігітінің жүрекжарды пікірі болса керек! Өйткені, ол мақаладағы ойларын осымен доғармай, 1954 жылы Түркияда басылып шыққан «Түркістанда түрікшілдік және халықшылдық» атты еңбегінде де Абайды Түркістандағы жаңару кезеңінің басы деп атап көрсеткен. Мақалада айтылған жайттарды қайталап, талдап жатуды жөн көрмедік. Дегенмен, сталиндік зобалаңның әсерімен қайсыбір «зиялыларымыздың» Абай шығармаларын «тұрпайы социализм» тұрғысынан талдап, таптық тұрғыдан бағалап, оны «байшыл, ұлтшыл» деп қаралап жатқан кезде жазылғанын ескерер болсақ, мақаланың құны арта түспек. Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын тап басып айтқан автор осы тұста Мұхтар Әуезовпен үндесіп кетеді. Тахир Шағатай Мұхтар Әуезовті де жақсы біліп, іштей түсініскен. Сондықтан, ол мақалада Әуезовтің есімін Ахаң мен Міржақып қатарында атамайды. Бұл – келешек заңғар жазушыны құптап, оны қанды қырғыннан қорғаудың бір тәсілі еді. Олай дейтініміз, М.Әуезов қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір еңбегінде Т.Шағатай жазушы туралы жылы пікір білдірген еді. Сонымен шағатай тілінде жазылған мақаланы жолма-жол аударылған қалпында назарларыңызға ұсынамыз.    Түрік халықтары әдебиеті ішінде ең бай әдебиет қазақ халқының әдебиеті десек, ешқандай артық айтпаған болар едік. Қазақ халқында ақындық өнер мен философиялық дүниетанымының күшті дамығаны жайында ел аралап, қазақтар арасында болған көптеген шет елдік ғалымдар да айтып кеткен. Кең дала, заңғар таулар мен жайлы жайлаулар және табиғи тұрмыс салты сыйлаған кең мүмкіншілік пен мұңсыз өмір сияқты алғышарттардың халық өнерінің дамуына үлкен үлес қосқаны анық. Қазақ халық әдебиеті сарқылмас, шексіз қазына. Сондай-ақ, ол басқа халықтар әдебиеті сияқты біржақты ғана емес. Ол табиғи, қоғамдық тұрмыстың әр саласына тамыр тартқан. Тарихи оқиғаларды керемет шеберлікпен суреттейтін қазақ халық әдебиетінің ішінде көптеген философиялық, дүниетанымдық туындыларды ұшыратуға болады. Өйткені, көне заманнан бері қазақ әдебиеті халықтың төл туындыларымен бірге атақты ақын-жыраулар шығармаларымен де ерекшеленеді. Қазақтардың көшпелі өмір салты жазуды етене меңгеруді белгілі дәрежеде кешіктірген. Сондықтан, халық өмірінің елеулі оқиғалары ұзақ уақыт ауызша айтылып, тараған. Бұл жағдай көптеген құнды шығармалардың тар шеңберде қалуына яки тіпті ұмытылып қалуына әкеп соқтырған. Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдебиетінің өзі орасан байлық ретінде көрсетуге әбден жеткілікті. Халық ауыз әдебиетінің ішінде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек»,  «Айман – Шолпан», «Бозжігіт» және тағы басқа туындылар ерекше атап көрсетерлік. Жоғарыда айтылған жайтқа қарап, қазақ әдебиетінде жазба әдебиет жоқ екен деп ойлап қалмаңыз. Сонау ислам дінін қабылдаған кезден бастап-ақ қазақ арасында жазба әдебиет кездеседі. Алайда, бұл әдебиет ислам діні және сол арқылы келген ислам мәдениетінің әсерімен тілдік және өзіндік ерекшеліктерінен айырыла бастады. Бұл әсер көбіне исламдық таным мен арабша, парсыша сөздерде көрініс тапты. Халық әдеби тіліндегі тазалық жойыла бастады, тұрмыс салты өзгеріп, дамыған сайын әдебиет түрлі тармаққа бөлініп, түрлене берді. Алғашқы кезеңде тек діни сипатта болған әдебиеттің бұл түрі де уақыт өте келе сан салалы бағытта дамуға көшті. Сонымен қатар, ерекше ескерте кетерлік жайт, сырттан келген әсерге қарамастан, қазақ халық әдебиетінде ауыз әдебиеті үстем болып қала берді. Ауыз әдебиетінде дәстүрлі қазақ әдебиетінің рухы басым болса, жазба әдебиетінде сыртқы дүниенің әсері айқын еді. Әртүрлі тармақтарға бөлінгеніне қарамастан бұл үрдіс ХІХ ғасырдың орта тұсына дайін жалғасын тапты. Осы кезеңнен бастап ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы әдебиетке үлкен өзгеріс әкеліп, халық әдебиетіне жаңа бағыт берді. Ол заманауи сипатта, ұлттық рухта өлеңдер жаза бастады. Абай орыс әдебиеті және сол арқылы  Еуропа әдебиетін жетік білетін. Дегенмен, бұл таныстық оны қазақ ауылынан, кең даласынан және дала төсінде еркін жайлаған халқынан айырған жоқ. Ол дәстүрлі қазақ әдебиетіндегі халықшылдықты  заманауи ұлтшылдыққа айналдырды. Абай өз өлеңдерін халықты тануға һәм танытуға арнады. Халықтың кемшіліктерін көрсетіп, одан тиылуға шақырды. Ол халықты, елін және оның табиғатын суреттеді, өткен күндердің жарқын беттерін сағынды, өз дәуіріндегі халықтың жағдайына жаны ауырып, қайғырды. Халықты келешек үшін дайындық жасауға, оқу-білім мен мәдениетке шақырды. Абай қазақ жастарын, жалпы қазақ жұртшылығын елін танып, білуге, оны сүюге және оған қызмет етуге үндеді. Орыс зерттеуші ғалымдары Абайды орыс әдебиетінің алыптары Пушкин мен Лермонтовты оқып, олардың шығармаларымен жақын таныс болған деп жазады. Ал, большевиктер оны «дала аристократы» ретінде қарап, «феодализм мен байшылықтың жыршысы, ұлтшыл» деп қаралауда. Біздің пайымдауымыз бойынша, Абай қазақ әдебиетіне жаңа заманға сай ұлттық рух пен сипат берген ұлттық әдебиеттің шынайы реформаторы еді. Ол мұндай қызметті атқару үшін жеткілікті қабілет пен мүмкіншілікке ие еді. Абайдың жолын қуған кейінгі буын әдебиет өкілдері оның әсерімен һәм салған дара жолымен жүрді. Қазақ әдебиетінде бірден жаңашылдық рухы басым боп шыға келді. Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Сұлтанмах­мұт, Ғұмар Қарашұлы және тағы басқалары Абай қалыптастырған әдеби мектептің көрнекті өкілдері. Соның ішінде, әсіресе, Ахмет Байтұрсын мен Міржақып Дулат тек қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас Түркістанның қалыптасып, құрылуына, одан кейін 1925-1930 жылдары кезеңінде маңызды қызмет  атқарған ерекше тұлғалар. Бұл екі азамат қазіргі кезде Кеңестік Ресей өкіметі тарапынан «ұлтшыл» деп айыпталып, мұзға оранған солтүстік өлкеге айдауға жіберілген. Абай туған халқының ауыл тұрмысынан қол үзбеді. Ол шығармаларын қалың қазақ арасында, өз ауылында отырып жазды. Сондықтан, ол көзі тірісінде үлкен Түркістанның түкпір-түкпіріне танылып, өзіне лайықты бағасын ала алмады. Оның даңқы 1908 жылы «Абай өлеңдері» деген атпен жарық көрген шығармалары арқылы шығып, жалпақ жұртқа кеңінен белгілі болды. Алайда, өкінішке қарай,бұл кезде ақын өмірден озып кеткен еді. Сонымен бірге, ол артына мол мұра, мықты негіз қалдырып кетті, қазақ әдебиетінде оның әсері тез көрініп, Абай мектебі қалыптасты. Міне, еліне, халқына өлшеусіз қызмет жасаған ұлы ақынның өмірден өткеніне отыз жыл толып отыр. Өкініш сол, оның құнды шығармаларын халқымыз өз қажетіне қалауынша жарата алмай отыр. Өйтткені, елімізде үстем болып отырған қызыл диктатура Түркістан ұлттық әдебиетінің өкілдері сияқты Абай және оның шығармаларын Түркістан халқынан мейлінше жырақ ұстауға тырысуда. Төңкерістің алғашқы жылдарында қайта жарық көрген Абай өлеңдері бұл күндері мектептерден, кітапханалардан және кітап дүкендерінің сөрелерінен алынып тасталған. Бұл күндері орыстың кез-келген ұлтшыл ақын-жазушысының еңбегін табуға болатын Түркістанда Абайдың шығармаларын кездестіре алмайсыз. Мұның себебі де белгілі: орыс ұлтшылдығы! Алайда, бұл әрекеттер пайдасыз әрі нәтижесіз болады. Өйткені, Абай сияқты ұлттық ақындардың еңбектері мен Түркістан халқы арасында «Қытай қорғанын» орната алмайсыз. Қаншалықты шектеу қойылғанымен, халық рухының туындысы болған шығармалар оның жүрегінен берік орын алып, жасампаздығы арта бермек.  

Аударып, баспаға әзірлеп,

түсінік жазған:

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

тарих ғылымдарының кандидаты

№29. 15 шілде. 2004