Еліміздегі ең бай адамдардың табысы жарияланды

Еліміздегі ең бай адамдардың табысы жарияланды

Еліміздегі ең бай адамдардың табысы жарияланды
ашық дереккөзі
Елімізде 12 миллион ересек адам бар. Олардың 96 пайыздан астамының жалақысы жылына 10 мың доллардан аспайды. Бұл – әрине қарапайым халықтың табысы. Ал Қазақстандағы ең бай адамдардың жалақысы қандай? Finprom.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, елімізде 162 адам жалпы байлықтың жартысына ие. Халықтың 96,6 процентінің табысы жылына 10 мың доллардан аспайды. Еліміздегі 326 мың адам бір жылда 10 мың доллардан бастап 100 мың долларға дейін ақша табады. Қазақстандағы 42 мың адамның табысы 100 мыңнан бір миллион долларға дейін жетеді. Сонымен қатар елімізде жылдық табысы 50 миллион долларға дейін жететін тұрғындар бар. Бұл рейтингте ерекше атап өтетін ақпарат, Қазақстандағы 162 адам жалпы байлықтың 55 процентіне ие. Оның ішінде 112 адам жылына 50-ден 80 миллионға дейін, 45 адам - 80-нен 800 миллионға дейін және бес адам екіден үш миллиард долларға дейін табыс табады. 2019 жылдың екінші тоқсанындағы ақпарат бойынша, халықтың орташа табысы 169 мың 500 теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 10 процентке артық. Ал аймақтарға жіктесек, ең көп жалақы Алматы қаласында. Ондағы айлық 234 мың теңгеден асады. Жалақысы жоғары өңірлердің қатарында бас қаламыз да бар. Елордалықтардың орташа айлығы – 226 мың теңге. Қарағанды облысы үздік үштікті түйіндейді. Ондағы халықтың орташа табысы – 199 мың теңге. Бұл тізімге Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары кірді. Ал еліміздің сегіз өңірдегі халықтың табысы орташа республикалық есептен төмен. Жалақысы аз аймақтар қатарында Түркістан (100,4 мың), Жамбыл (128,1 мың) және Қызылорда (137,7 мың) облыстары.