3 Қазан, 11:04 377 0 Сұхбат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Хадиша Сейітова: Көрінбей кетсем де, халық мені таниды

Оңтүстік өңірдің атын шығарған екі Хадиша бар. Оның бірі – Хадиша Шалабаева, екіншісі – Хадиша Сейітова. Екеуі де дауыс ырғағы бөлек әнші. Алайда, ән өнеріне сонау 1995 жылдан бері қадам басқан Хадиша Сейітова туралы көпшілік жұрт біле бермейді. Біз «Достар, достар», «Туған күн», «Ана, әке» әндерімен танылған әнші Хадишаның неліктен сахнадан қол үзіп қалғанын сұраған едік.

 Сахнадан 5-6 жылға үзіліс алдым

–  Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам стансасында өмірге келдім. Отбасында 4 ұлдың ішінде өстім. Әке-шешем өнерден құралақан жандар емес. Кішкентайымнан ән айтуға, әуен жазуға құштар болдым. Бұл маған әуелі Алладан берілген қа­сиет шығар. Осы жолды таңдап, Шымкент қаласындағы музыка колледжін тә­мәм­дап, жоғары оқу орнын сырттай бітір­дім.  Міне, 1995 жылдан бері өнер атты кие­лі кеменің ағынымен келе жатқаныма 25 жылдай болыпты. Талай додада топ жарып, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері атандым. Ең алғаш 1994 жылы «Үкілі үміт», одан кейін республикалық «Арай», «Жас қанат» байқауының лауреаты болдым. Шымкент қаласында еңбек ете жүріп, 2007 жылы ҚР Мәдениет қайраткері атағына ие болдым. Әри­­не, әнші ретінде републикалық деңгейде көрінбеген шығармын. Алматыға анда-санда концертке қатысу үшін ғана келіп жүрдім. Шынында да, өнерден алыстап кеткенім рас. Отбасылық жағдайға байланысты 5-6 жыл үзіліс алдым. Бірақ мені оң­түстік өңір халқы танып, қашан да ризашылығын білдіруден танған емес. Қа­зір әншілердің наны – той ғой. Ән­шінің табы­сының 90 пайызы тойдан келеді. Сол кейде тойдан табылып жатамын. «Хадиша, неге көрінбей кет­тіңіз?!» деп сұрайтын тыңдарман көп. Сон­дықтан бір білсе, өзім­нің туған же­рімнің әнсүйер қауымы жақсы біледі.

Жыл басында Алматыға көшіп келдім. Шығармашылығымды дамытсам деген ниетім бар. Кейде «Әншілік өнерді қоя салсам ба екен?», «Жалпы, халыққа керекпін бе, жоқ па?» деген ой мазалап жүрген. Жоқ, олай емес екен. Алты жылдық үзілістен кейін еліміздің Батыс өңірін аралап, концерт бердім. Сол концерттен кейін халықтың үлкен қошеметіне ие болдым. Қариялар батасын беріп, алғысын жаудырды. Содан кейін дереу ойымды жинақтап алдым да, «Мұным жарамас, жаңа әндер жазып, тыңдарманымды қуантайын» деген шешімге келіп, іске қайта кірістім.

Жақын арада  жарқ етемін

Қандай жағдай болмасын, ешқашан репертуарым тоқтаған емес. Кейбір әнге түсірілген арнайы бейнебаяндарым «Той-думан» телеарнасынан көрсетілді. Әркім­нің ән таңдау деңгейі әртүрлі. Ән орындау­да өз стилім бар. Әрине, халықтың бә­ріне ұнау мүмкін емес. Естеріңізде болса, 2014 жылы Республика сарайында «Ән-Хадиша» атты кешімді өткіздім. Алматыда жүріп, әлі бір концерт бере алмай жүрген әншілер де жетерлік. Оның жанында мұным ерлік-ау деймін өзіме риза болып. Дегеніме, діттеген мақсатыма жетпей тыным таппайтын еңбекқорлығым бар. Бұйырса, желтоқсан айына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ән кешімді өткізсем деген жоспар құрдым. Одан бөлек Батыс өңірінің халқы тағы шақырып жатыр. Гастрольдік сапарымды Шымкент қаласынан бастасам деймін. Ән сапар деген өте жақсы. Әнші шыңдалады, шабыт алады. Той бөлек, сахна басқа. Жалпы, өзім ән қорына бай әншімін. Кез келген жанрда, барлық тақырыпта айта беремін. Халық әні, эстрада, лирика, тағысын тағы. Мысалы, барған жерімде тыңдарманның көбі «Достар, достар» әнімді сұрайды. Бұл әнді қазірге дейін үшінші рет өңдедім. Соңғы үш жылда 70-80 ән жазыппын. Ал барлығы 500-ден астам әнім бар. Өзім ара-тұра ән жазамын. Ал мәтін жөнінде көмек керек болса, ақын Жексен Қарақұлов ағама қолқа саламын. Ол кісі менің ойымды дөп басады. Сондай-ақ, Индира Елубаева, Карима Ораловамен байланыс үзген емеспін. Және ешқашан ән сатып алған жоқпын. Композитордың көбі: «Хадиша, мына ән сенің даусыңа келетін сияқты» деп өздері ұсынып жатады. Егер шынымен, даусыма, мінез-құлқыма келіп жатса, қуана-қуана орындаймын. Кейде әдемі әннің шырқын мән-мағынасыз сөзі бұзып тұрады. Сондай кезде рұқсат сұрап, басқа ақындардың көмегіне жүгінемін. Ал әні мен сөзі қабысып, орындаушысын нақты тауып жатса, онда керемет дүние шығатыны сөзсіз.

Халық маған «қазақстандық Маша Рас­путина»  деген ат берген. Ол кіммен дуэт айтады? Әрине, Киркоровпен. Өкі­ніш­ке қарай, бізде ондай дауыс иесі сирек. Тек Серікбол Сайлаубектің өзін-өзі ұстауы менің мінезіме келетін сияқты. Оның даусы – таза эстрадалық бағытта. Қа­зір бірге айтатын көңілді ән іздеп жатырмыз. Әншінің ән қоржыны жаңарып тұрса, оны үздіксіз халықпен бөлісіп отыр­са, бұдан артық не керек?! Өзім қалай да, халыққа бар екенімді көрсеткім келеді, оны әндерім арқылы дәлелдегім келеді.

Кейбір әншілер сияқты қатып қалған стильде жүрмеймін. Өзгерісті жаным сүйеді. Бірқалыпты жүруден шаршаймын. Киетін киімдерімді де өз талғамыммен таңдаймын. Егер әнші болмағанда, дизайнер болар ма едім, кім білсін?!

 

Соңғы жаңалықтар