Ырысты арттырар ынтымақтастық

Ырысты арттырар ынтымақтастық

Ырысты арттырар ынтымақтастық
ашық дереккөзі
Армения астанасы Ереванда ЕЭК-ке мүше бес ел Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Бұл бестік бұған дейін де Кедендік одақ аясында түрлі кездесу өткізіп, ЕАЭО елдерінің тауар айналымы мәселесін жиі талқыға салып жүрді. Жоғары Еуразиялық эконо­ми­­ка­лық кеңестің отыры­сы­на Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республи­ка­сының Пре­зи­ден­ті Александр Лу­ка­шенко, Қыр­ғыз Рес­пуб­­ликасының Президенті Соорон­бай Жээнбеков, Ресей Феде­рациясының Президенті Владимир Пу­тин, Арме­нияның Премьер-минис­трі Никол Па­ши­нян және Еуразиялық эко­­но­ми­калық комиссия алқасының төрағасы Ти­гран Саркисян қатысты. Әуелгі сөзді алған Қазақстан Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев армян тарапына жылы қабылдауына және оты­рысқа жо­ғары деңгейде дайын­дал­ғаны үшін риза­шы­лығын білдірді. Сон­­дай-ақ, ол Еуразия­лық эконо­ми­ка­лық одақ­тың әлемдік сау­да-саттықты дамытудың аса маңыз­ды бөлігіне айналғанына сенім­ді еке­нін айтса да, тауар айналымы азайып кеткенін мә­лімдеді. – Біз Еуразиялық экономи­ка­лық одақ келісімінің әр әрпі мен ру­хын мүлтіксіз сақтай оты­рып, эконо­ми­калық интеграцияға тың серпін беруіміз керек. Бүгінгі отырыс біздің интеграциялық бірлестіктің ары қарай дамуына үлес қосарына сенім­дімін. Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ – әлемдік сауданың даму­ын­да маңыз­ды орынға ие болды. Біздің одақ сырт­қы серіктестермен өзара тиімді ынты­мақ­тастық үшін ашық. Алайда нарық тез өзгеріп бара жатқан коньюктурасы, дер­жавалар арасындағы өсіп келе жатқан бәсе­келестік, сауда соғыстары, протек­цио­низмнің өсуі – әлемдік эко­но­миканың тұрақсыздығын туды­рып отыр, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелерге назар аудару керектігін баса айтты. «Біріншіден, БҰҰ мәліметіне сәй­кес, әлемде туындаған сауда соғыс­тары ке­лесі жылдың басында әлемдік эко­но­миканы 850 млрд доллардан 1 трлн долларға дейінгі шығынға ұшыратуы мүм­кін. Өндіріс қарқынының бәсең­деуі, жаһандық ауқымда инвес­ти­ция­лар­дың қысқаруы әлемдік ЖІӨ-ні 1 пайызға азайтуы мүмкін. Бұл – өте ау­қымды сандар. Әлемдегі эконо­ми­ка­лық өсімнің төмендеуі, бұл мәселенің сау­да серіктестеріміз ЕО-да, Қытайда ай­тар­лықтай білінуі біз үшін де жағымсыз жайға апаруы ықтимал. Осы жылы тауар айналымының қыс­қар­ғанын байқап отырмыз. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қоры­тын­дысы бойынша, ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен тауар айналымы 2 пайызға азайған. Одақ елдерінің өзара тауар айналымы 5 пайызға дейін, яғни 28 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл – жағымсыз тенденция», – деді Қ.Тоқаев. Мәселен, одақ ішінде Қазақстан экспорты едәуір азайып кетіп,  Қазақ­станның ЕАЭО елдерімен экспорты 6 пайызға дейін қысқарған. Әрине, оған әр­түрлі фактор әсер еткен. Тіпті, бұл тұрғыда Президент әкімшілік кедер­гі­лердің барын жоққа шығарған жоқ. «Бұған шынайы әрі өзара ынтымақ­тас­тық, интеграция мен кооперацияның арқа­сында ғана қол жеткізуге болады. Біздің елдеріміз ортақ ішкі нарықтағы кедергілерді жою жұмыстарын жалғас­ты­ра беруі керек. Комиссия ұлттық заңнамаларға мониторинг тетіктерін күшейте алады және солай істеуге тиіс деп ойлаймын. Еуразиялық экономи­ка­лық одақ шеңберіндегі қолданыстағы құқықтарды түсіндіру мен ақпарат­тандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Шара барысында Қ.Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесіп, сауда-экономикалық ынты­мақ­­тастықты кеңейту туралы келісім жасасты. Ол туралы Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «Біздің елдеріміз бар­лық бағыттарда сенімді және ашық диалог орнатты» және «Мәдени-гума­ни­тарлық байланыстар дамып келеді» деп атап өтті. Ақорданың сайтында хабарлағандай, кездесу барысында екі­жақты сауда-экономикалық серіктес­тік және көлік логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқы­лан­ды. «Біздің сауда экономикалық қатынастарымыз жақында күшейе түсті. Менің ойымша, біздің әлеуетіміз әлдеқайда зор. Біз бұл мүмкіндікті іске асыру үшін жұмыс істеуіміз керек, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер аша­ды», – деді Армения  Премьер– минис­трі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лун және Иран Президенті Хасан Руханимен кездесуде мемлекет­ара­лық ынтымақтастық пен сауда-эконо­микалық саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісім жасасты. Ал  Беларусь Президенті Алек­сандр Лукашенкомен өткен достық кездесуде екі жақты байланысты нығайтып, ынтымақтастығын одан әрі тереңдету жайы сөз болды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібіндегі басты мәселе Еуразиялық экономи­ка­лық одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур Республикасының арасын­да­ғы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою болды. Аталған келісім ЕАЭО елдері үшін 600 миллион халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауым­дастығына мүше мемлекеттердің алып нарығына жол ашады. Осыған бай­ланысты, Қазақстан Президенті кеңей­іп жатқан жаңа нарықтар мен сауда-экономикалық байланыстарды дамытып, аталған бағыттағы келіссөз­дер­дің жоғары деңгейін сақтап қалу маңызды екенін айтты. Жоғары кеңес­тің барысында Сингапур Респуб­ли­ка­сымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. Осымен ЕАЭО осы бағытта Вьетнамды қоса айтқанда екінші елмен келісім жасады. Ендігіде Иран Ислам Республикасымен сауда-экономикалық және логистикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды мәселе. Жоғары Еуразиялық экономика­лық кеңес жиынында мемлекет басшы­лары ЕАЭО алдағы жылға арналған бюджетін қарап, Көлік және энергетика саласындағы заңнаманы үйлестіру бойынша бірқатар шешімдерге талдау жа­сап, ЕАЭО-ның ортақ қаржы нары­ғын және оның негізгі бағыттарын қалып­тастыру тұжырымдамасы бекі­тілді. Бұдан өзге көлік-логистика сала­сын дамыту, ЕАЭО елдерінің транзиттік мүмкіндіктерін нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Осылайша, Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындысы бойынша 20 құжат қабылданды.