Алты ғасыр арыдан аман жеткен Тайқазан
Алты ғасыр арыдан аман жеткен Тайқазан
Ұлан-байтақ Ұлы далада кең көсілген қазақ елінде отырықшылық – қала мәдениеті ежелден бар. Бүгінгі Қазақстан аумағында Отырар, Сығанақ, Сайрам, Тараз, Баласағұн, Жент, Жанкент секілді қалалар кезінде әлемге белгілі болған шаһарлар еді. Соның бірі – күллі мұсылман дүниесі рухани орталық санайтын Түркістан қаласы.
Түркістан қаласының атын әйгілі қылған мұндағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болса, кесенеге көрік берген әйгілі Тайқазан мен қос шырағдан қоятын қола тұғыр (оны 1397 жылы жасаған исфахандық Абд Из ад-дин Тәж ад-Дин) еді. Бірақ заманның аласапыранында осы жәдігерліктер о бастағы орнынан қозғалып, 1935 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына көрсетуге әкетіліп, 55 жылдан соң Тайқазан ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайта оралды.
Жалпыға мәлім, Тайқазан аты әлемге әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің бұйрығымен 1399 жылы 25 маусымда (мұсылманша айтсақ, хижраның 801 жылы, шаууал айының 20-сы күні) Түркістан қаласының маңындағы Қарнақ елді мекенінде құйылған. Оны жасаған иран шебері Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи. Зерттеушілердің айтуынша қазан мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір секілді жеті металдың қоспасынан жасалған көрінеді.
Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі – 2,42 метр. Тұғырының биіктігі – 0,54 метр, диаметрі – 0,607м. Тайқазанның сыртқы бөлігі бес бөлікке бөлініп өрнектелген. Құран Кәрім аятынан үзінді, Мұхаммед Пайғамбар хадисі, қазанның кімге арнап жасалғаны, құйылып біткен уақыты, қазанды жасаған шебердің өз аты-жөні, парсыша тілек сөз, Құдайдың құдыреті жайлы ескерту сөз жазылған.
Тайқазан, шын мәнінде әлемде теңдесі жоқ жәдігерліктің бірі. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның қалауынсыз Тайқазанды тарихи орнынан қозғап, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж музейіне алып кеткен орталық үкімет ұзақ уақыт өктемдік жасап, қайтармай қойды. Дегенмен Тайқазанды қайтару үшін бірнеше рет әрекет жасалып, 1989 жылға дейін оның бәрі сәтсіз аяқталған.
Қазақстан Республикасы Президенті архивінде Тайқазанға қатысты аса құнды құжаттар сақталған. Сол құжаттардан Тайқазанды Түркістанға қайтару туралы діндарлар қауымының өкілдерінің бірнеше рет өтініш жасағанын көруге болады. Сондай-ақ мұрағатта 1937 жылы, сол уақытта ҚазКСР ағарту ісінің халық комиссары Темірбек Жүргеновтің қазан мен екі шырағдан қойғышты Қожа Ахмет Ясауи мешітіне қайтару туралы өтініш білдіріп, Бүкілодақтық комитеттің өнер істері бойынша бөліміне жазған хаты сақталған. Осыдан кейін аталған мәселе бойынша РСФСР мен Қазақстанның арасында бірнеше рет хат алмасулар болып, сол кездерде Эрмитаждың директоры болған Иосиф Орбели Тайқазанды қайтарғысы келмей, мәселені басқаша жолмен шешкісі келіп, Эрмитаж қорынан қазақстандық мұражайларды байыта түсетін экспонаттар бөлуге келісуді ұсынды. Сөйтіп КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы өнер істері бойынша Комитет бұл бірегей ескерткіштердің орнына Қазақстанға ерекше көркем туындыларды беруге келісті. Осылайша Тайқазан Мемлекеттік Эрмитаж мұражайында ұзақ уақыт тұрып қалды.
Дегенмен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тайқазанды елге қайтару үшін мәселе қайта қозғалып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің рұқсатымен 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Тайқазан отанына оралып, өзінің бұрынғы орны Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тұғырына қойылды.
Әрине, Тайқазанның елге оралуына еңбек сіңірген азаматтар көп, оның ішінде қазақтың біртуар перзенті, ғалым этнограф, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің, сондай-ақ сол тұста Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған, Тайқазан мәселесімен тікелей айналысқан қоғам қайраткері, қаламгер Нұридін Балқияұлының есімін ерекше атап өтуге болады.
Бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде айбынданып тұрған алып Тайқазанның жасалғанына 620 жыл болса, елімізге қайта оралғанына 30 жыл толып отыр. Тайқазанның оралуы – тәуелсіз Қазақстанның рухани жеңісі!
P.S.
Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Тайқазанның құйылғанына 620 жыл және елімізге оралғанына 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрме өтті. Көрмеге келген ғалымдар, Түркістан қаласының Құрметті азаматтары, түрлі қоғамдық ұйым мүшелері, студенттер мен мектеп оқушылары, қала тұрғындары мен қонақтар көрмеге қойылған 50-ге жуық жәдігерліктерді тамашалады. Әсіресе, көрмеге қойылған 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқан сәттің фотолары және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан кезде түсірілген суреттер келушілерге ерекше әсер етті.