Мемқызметшілерді қысқартуға байланысты агенттік кеңес өткізді

Мемқызметшілерді қысқартуға байланысты агенттік кеңес өткізді

Мемқызметшілерді қысқартуға байланысты агенттік кеңес өткізді
ашық дереккөзі
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Мемлекет басшысының «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру мәселелерін талқылау жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.  Кеңеске Агенттіктің орталық аппаратының, оның ведомстволық бағынысты ұйымдары – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Персоналды басқару жөніндегі ұлттық орталығының, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы Агенттіктің аумақтық департаменттерінің қызметкерлері қатысты. Анар Жайылғанова Жолдаудан туындайтын мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған міндеттерді сапалы және уақытылы орындауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. «Мемлекет басшысымен 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға біртіндеп қысқартуға кірісіп,  үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау міндеті қойылды. Бұл ретте жас кадрларды мемлекеттік қызметке тарту, сондай-ақ меритократия қағидаттарын сақтау жөніндегі шараларды пысықтау қажет. Біздің алдымызда аталған тапсырманы жүзеге асыру үшін тәсілдеме жасау міндеті тұр», - деп атап өтті Төраға. Сондай-ақ Агенттік төрағасы Мемлекет басшысы атап өткен  сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін этикалық бақылау призмасы арқылы қараудың қажеттілігі атап өтілді. А. Жайылғанованың айтуынша: «Мемлекеттік қызметшілер, әсіресе бақылаушы органдарда қызмет атқаратын мамандар бизнес-қоғамдастықпен қарым-қатынаста этикалық нормалар мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың қандай да бір бұзушылығын заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру немесе біреудің мүдделерін жақтауға жасалған талпыныс ретінде бағалануы мүмкін екендігін нақты түсінуі қажет». Оның айтуынша, электрондық түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін одан әрі көбейту қажеттілігі, оның ішінде  қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру айтарлықтай маңызға ие. Әсіресе, бұл Мемлекет басшысының цифрлық экономиканы және Орталық Азия өңірінде инфокоммуникациялық технологияларды дамыту деңгейі бойынша көшбасшылықты күшейту, сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесін жаппай енгізу жөніндегі айтқан міндеттері аясында өзекті болып табылады.