Ерлан Саиров, саясаттанушы: Бюджет ашық әрі транспарентті болуы керек

Ерлан Саиров, саясаттанушы: Бюджет ашық әрі транспарентті болуы керек

Ерлан Саиров, саясаттанушы: Бюджет ашық әрі транспарентті болуы керек
ашық дереккөзі
– «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінде партия мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлерге біраз міндет жүктелді. Сіздіңше бұл міндет пен талапқа не кіреді? – Жалпы, қоғамның, елдің дамуының архитектурасы өзгеріп жатыр. Қоғам саяси процестерге либерализация жасау жөнінде сұраныс жасауда. Осы тұрғыда «Nur Otan» партиясының алдына қойған міндеттері ауқымды бола түсіп, нақты өзгеріске ұшырайтыны анық. Қоғам қой­ып отырған талап­тардың ең негізгісі – мемлекет пен азаматтардың ара­сын­да­ғы қа­рым-қаты­нас­тың ашық әрі әді­лет­ті болуы. Билеуші партия ретінде осы та­лапқа әрқашан дайын болуы тиіс. Бұл қа­лай жүзеге асады? Ең бірінші, «Nur Otan» партиясының ай­мақ­­тар­дағы де­пу­таттары өзінің жұмысын күшейте оты­рып, сол жердегі халықтың мұң-мұқ­та­жын, әлеу­мет­тік, мәдени, эко­но­микалық са­лада қандай талап-тілек­те­рі бар екенін ескеріп, сол үдеден шыға білуі керек. Екін­шіден, жер­гілікті тұрғындардың мәселесін дер кезінде көтеріп, билік ор­ган­дарына жеткізетін күшке айналуы қажет. Яғни, пар­тия бұқарамен жұмыс істеуді мықтап қолға алуы тиіс. Үшін­шіден, бүгінде мемлекеттік қызмет­кер­лердің көп­шілігі «Nur Otan» пар­тиясының мүшесі. Осыған сәйкес, мем­лекеттік қыз­мет­кер­лер­дің де жұмыс істеу стилі мен стан­дарт­тары өз­ге­руі керек. Олар бюджетті немесе белгілі бір мемлекеттік шешімді қа­был­даған кезде ең алдымен билік партиясының мү­шесі екендігін және билік партиясының имиджі әр мем­лекеттік қызметке қатысты екенін түсінсе деймін.   Әрине, осы екі міндет әлеуметтік һәм экономикалық салада өзгеше жұмыс істеу стиліне ие болып, яғни халықтың көксеген ойы мен мүддесі тұрғысынан шешім қабылдауға алып келсе оң нәтиже орнайды. Ол үшін жаңа  технологияны енгізіп, адам­дар­ға деген көзқарасты өзгерту қажет. Адам мемлекеттің негізгі капиталы және әлеу­меттік-экономикалық да­му­дың не­гізгі қайнар көзі. Сондықтан әрбір шешім қабылданарда, осы шешім адам­ның, оның жанұясының тағдырына, тұр­мыс-тірші­лі­гіне қа­лай әсер етеді деген сұрақ әрқашан көкейде болуы керек. Бүгінгі таңда адам капиталы, са­палы адамды дәріп­теу болашақ дамудың бас­ты фун­­­даменті екендігі анық. Біз елі­міздің даму тенденцияларына баға бергенде, тек қана ішкі жалпы өнім­нің санына бағдар жасауды доғара­тын уақыт жетті. ІЖӨ ел дамуының негізгі инди­ка­торы бола алмайды. Оның орнына адам дамуы­ның ин­ди­­каторларын енгізу өте өзек­ті. Сол кезде адамның әлеу­мет­тік-рухани келбеті, оның өзін-өзі сезінуі, болашаққа деген сенімі тәрізді нақты көрсеткіштер пайда болып, адам­ның сапалық қажет­ті­лік­тері мен оны сол қажеттілікті өтеу индикаторлары пайда болады. Бізге керегі осы. Міне осы тұр­ғыда, пар­тия­ның да көрсет­кіш­тері мен құн­ды­лықтары нақты азаматтың күн­де­лікті қажеттіліктері мен әлеуметтік тұ­тыну дәрежесіне ойыстыру идеясы шы­ғады. Яғни, партияның негізгі құн­ды­лығы елі­міз­дің әрбір азаматы, соның бақыт дә­ре­жесі. Жаңаша ой­лау дегеніміз осы. Ең алдымен партия мүшесі өзінің жүріс-тұрысын дұрыс­тап, жауапкер­ші­лікті сезінуі керек. – Үкімет бағдарла­ма­лар­дың орындалуы барысы жайында есеп беруі тиіс. Со­ны­мен қатар мемлекеттік мекемелердің бірін­ші бас­шы­лары да жариялы түр­де есеп беретіндігі айтылды. Мұн­дай есептердің біздің қоғам үшін қандай ықпалы бар?  Бұдан нәтиже күте аламыз ба? – Билік шешімдерінің барлығы ашық әрі транспарентті болуы керек. Бұл де­ге­німіз не? Біріншіден, облыс­тық, ау­дан­дық, қалалық деңгейдегі бюд­жетті қа­был­даған кезде халық­пен ақылдасып отыру керек. Жалпы, аймақтардағы бюд­жеттің ашық және жариялы түрде бол­ғаны жөн. Ха­лық­пен кеңесіп, бірқатар мә­селеде пікір алмасып, ұтымды тұс­тарды енгізу де «Nur Otan» партиясының ен­шісінде. Себебі, билеуші партия ғана осын­дай тосын ұсыныстарды енгізе ала­ды. Ең алдымен бюджетті қабылдау кезінде ашықтық, екінші халыққа әр­қашан да есеп беру керектігі маңызды. Бюд­жетті қабылдау деңгейінде сол бюд­жеттің параметрлері жөнінде қоғам өкілдерімен консультация жасаудың өзі халықтың ризашылығын тудыра­тын­ы анық. Осы процесті пи­лот­ты жоба ретінде бір-екі ауданның деңгейінде енгізіп, ха­лық­тың тыныс-тіршілігін бағдарласа да артық болмас еді.  Біз сандық технология за­манында өмір сүріп жатқандықтан, бюджеттің қалай жұмсалып жат­қа­нын электронды түрде біліп отыруы­мыз керек. Яғни, ашық әрі транс­па­рентті түрде жасауға мүмкіндік мол. Білім, денсаулық, жалпы әлеуметтік сала болсын, қанша қаражаттың қай­да жұмсалып отырғанын күнбе-күн көріп отырсақ жақсы емес пе?! Бас­шылардың халық алдындағы есебі осыдан тұруы тиіс. Міне осындай қадам­дар партия мен мемлекеттік орган­дар­ға сенім ұялата­тын­дығы анық. Бүгінгі таңда «сенім» кате­го­риясы әлеуметтік сапаға ие. Сенім бол­са, партияның да рейтингі ар­тып, халықтың ұйымға деген опти­мизмі артатыны шындық. Нақты осын­­дай әлеуметтік бағдары бар жо­ба­лар­ды іс-жүзіне асыру халық­пен қарым-қаты­нас­тың жаңа бағыт-бағдарын жасап бере­тіндігі анық. Ең бірінші бюджет қара­жатының іске асуын халық бақы­лауына алатын болса, «Nur Otan» пар­тиясының жаңа тұр­паттағы имид­жінің қалып­та­суына ықпал етеді. – Жалпы, Елбасы мен Мем­­лекет басшысының тап­сыр­ма­ла­рының орындалуы қандай деңгейде? Атқарушы билікке бе­рілген тапсыр­ма­лар­ды жүзеге асы­руға Үкі­мет­тің қазіргі құры­лы­мы қаншалықты даяр деп ойлайсыз?  – «Nur Otan» партиясының ме­нед­­ж­­­ментіне қатысты нақты тап­сыр­ма беріл­ді. Бұл партияның жұ­мысын қайта құру жөніндегі ұтымды бастама. Партияға ай­мақтардағы өз ойын ашық айтып жүрген, қоғамдық-саяси салада нақты пікірі бар аза­маттар арқылы инкор­по­рация жасау, сонымен бірге  «Nur Otan» партия­сы­ның іс-қимылдар жоспарын аудан­дық, ауыл­дық деңгейде халықпен ақылдасу, үшін­ші­ден, Қазақстан ай­мақ­­та­рындағы эко­номикалық, әлеу­меттік мәселелердің картасын жасап, соны шешудің мар­шру­тын  түзуден басталады. Міне, осы жаңа әдіс-тәсілдер іс жүзінде қолданылса, бұл партияны халыққа етене жақын­дас­ты­ра­тыны анық. Яғни, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сына сәйкес, ең негізгі мәселе – «Nur Otan» партиясының аймақтық стра­тегиясын қайта жасап, халықтың мұң-мұқтажын халықпен бірге шешу аясында іс жүзінде асыру керек. Сон­да ғана билік пар­тия­сының беделі биіктей түседі. Партияның жұмыс стилін қайта қарау тек қана пар­тияның ішкі құры­лымына қатысты емес, ұйымның тыныс-тіршілігі қо­ғам көтеріп жүрген мәсе­ле­лер­мен ете­не араласуы керек. Мы­салы, Мә­жі­лістің көп­пар­тиялылығы «Nur Otan» партия­сы­на тек қана көмек бо­­ла­­тындығы анық. Билік пар­тия­сына спарринг жасай алатын оп­по­зициялық партияның пайда болуы партияның өзіне қажет дер едім. Өйт­кені, осындай партия пайда бо­латын болса, «Nur Otan» өзінің жүзу қабілетін арттыру үшін жаңа­шыл­дық пен ұтым­ды­лыққа батыл бағыт ала­тындығы анық. Сол кезде пар­тия­ның ішкі адами, рухани әлеуеті артып, жаңа белестердің жаңа идеялары пайда болары сөзсіз. Пар­тияның өзіне биік белестерді бағындыру үшін күшті қарсыластың жетіспей тұр­ған­дығын көп­теген адамдар түсінген тәрізді. Сон­дық­тан саяси әртараптандыру аясында осы мәсе­ле­ні де ойланған жөн тәрізді. Партияға жергілікті мәсли­хат­тардың құзырын кеңейту, олардың тиім­ділігін арт­тыру, олардан нақты өкілетті ұйым­дар­ды жасау да «Nur Otan» партиясының мүд­делеріне сәйкес келер еді. Өйткені, сол Мәслихат  депутат­та­рының ба­сым көпшілігі осы пар­тияның мүшелері. Яғни, бұл процесс партияның аймақтық по­тен­циалын арттыратын әдіс-тәсіл екен­дігі анық. Бюджет сферасында еңбек ететін аза­маттарды өзінің жұмысына сәй­кес келмейтін функцияларға жегіп қою процесіне билік партиясының ара­ла­сатын уақыты жеткен тәрізді. Сонда ғана партияның беделі халық арасына еселеп өсетіндігі бесенеден белгілі. Міне, атқарушы билікке беріл­ген тап­сырмаларды осындай «кіш­кен­тай», бірақ нақты іс-қимылдан жа­саса, пар­тияның бет-әлпеті жақ­сара түсе­тін­дігі анық. Үкіметтің жұмысына келетін бол­сақ, көптеген министрліктердің жұ­мы­сы сын көтермейді. Мысалы, Нұр-Сұлтан-Қара­ған­ды автожо­лы­ның өтеу құны осы екі қалаға барып келуге 800 теңгеге пара-пар. Ал осынау соманы қарапайым адам­дар көтере ала ма? Сол қаржы қайда кетіп жатыр, кім иелік етіп отыр. Бұл мәселені неге көтермеске? Яғни, халық­тың мұң-мүддесіне қатысты партияның кө­тере алатын мәселелері өте көп. Үкіметке ұнамайтын, бірақ, халықтың мүд­де­леріне сәйкес ке­ле­тін мәселелерді көтеру өте маңызды.  Сонымен нақты айналысу керек тәрізді. – Осы аптаның басында Қазақ­стан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев тұң­ғыш рет халық­қа Жол­дауын арнады. Бұл жолғы жол­дауда халықтың әлеу­мет­тік мәселесі көбірек еске­рілген секілді. Сонымен қатар қа­зір­гі саяси бағы­ты­мыз жайын­да  «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» – деген тұ­жы­­рым да түйіндепті. Осы түсінікті тарқатып айта кетсеңіз. – Қазақстан Президенті өзінің Жол­­дауын­да экономикалық даму өріс алуы үшін елімізде әлеуметтік-саяси модер­ни­зация жасалуы керек деді. Бұл «Nur Otan» пар­тиясының ал­дына жаңа бе­лес­тер қоятыны анық. Партияның бет-бейнесін жа­сау үшін халықтың алдына шығып, түйт­кілдерін нақты қойып отыру керек. Бүгінде саяси транс­фор­ма­ция мәсе­ле­сі бойынша партияның жұмыс іс­теу қыз­метін қайта қарап, озық елдердегі би­леуші партия­лар­дың әдіс-тәсілін енгізіп, қо­ғамдық бел­сен­ділердің легін алып келуге ын­та­лан­дыру керек. Жа­қын­да Елбасы Н.На­зар­баев еліміздегі мәсе­лелерді шешу үшін блогерлерге бірге жүру жөнінде ұсыныс айтты. Яғни, күр­меуі қиын түйткілдерді шешуге қа­жетті ойлар болса партия қол­дайтынын айт­ты. Сонымен бір­ге сая­си мәсе­ле­ден бөлек, күн тәр­тібінде тұр­ған өзекті жайттар жетер­лік. Мәсе­лен, жастар мәселесі. Жастар – еліміздің бо­лашағы. Кез келген мемлекет жас ұрпақ үшін бар жағдайды істеуден тар­тын­байды. Сон­дық­тан бүгіннен бастап партияға жас­тарды тартып, оларды тәрбиелеудің жаңа мектебін қалып­тас­тыру керек. Мұ­ның бәрі «Nur Otan» пар­тия­сының кел­бетін басқа қырынан көр­сетіп, плю­ра­лизм мен саяси модер­ни­зацияны жақын­да­татыны анық. «Nur Otan» саяси плюрализммен саяси өзгеріс­тердің тың алаңы мен халыққа еңбек ету­дің қайнар көзі болуы тиіс. Өйткені, билік партиясының алдын­да, әрқашан да өзінің жо­ғарғы план­ка­сын дәлелдеп отыру мис­сиясы болады. Сол миссияның алдыңғы қатарында болу бүгінгі құбылмалы заманда өзінің өзек­тілігі мен қажеттілігін дәлелдеп отыруда... – Әңгімеңізге рахмет!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы