Арыста не өзгерді?

Арыста не өзгерді?

Арыста не өзгерді?
ашық дереккөзі
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында шаһарды төтенше жағдайдан кейін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау бойынша аппараттық жиын өтті. Басқосуға секторларға жауапты барлық облыс әкімдігінің өкілдері, Түркістан облыстық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік мамандары қатысты. Кездесуде Түркістан облысы Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстары жайында баяндама жасады. "Арыс қаласында орналасқан 7,8,9,10 және 11-ші секторларда жалпы зақымдалған 2975 үй бар. Оның ішінде, жөндеуді қажет ететін 2568 жеке және 73 көпқабатты тұрғын үйлер, сонымен қатар, жаңадан салынып жатқан 334 үй. Бүгінгі күнге осы секторларда 94 мердігер компания, 180 техника және 2505 жұмысшы жұмылдырылған. Түркістан облысына тиесілі 7-секторда зақымдалған 478 үй орналасқан. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін жеке және көпқабатты тұрғын үйлерде жұмыстар аяқталды. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 100 үйдің бәрінде тиісті жұмыстар жүргізілуде", - деді ол. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысына қарасты 8-секторда зақымдалған 537 үй бар. Жөндеуді қажет ететін 5 үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 5 үйдің бәрінде тиісті жұмыстар атқарылуда, 20-қыркүйекте пайдалануға тапсыру жоспарланған. Ал Нұр-Сұлтан қаласының 9-секторында 696 үй бар. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін 249 жеке және 31 көпқабатты үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 160 үйдің кірпішін қалау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде сектордағы барлық үйлерді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Шымкент қаласына тиесілі 10-секторда – 636 үй орналасқан. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін 10 үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары бар. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 56 үйдің 4-і үйі пайдалануға тапсырылып, қалған үйлерде кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Ал Батыс Қазақстан облысына тиесілі 11-секторда 627 үй бар. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін жеке және көпқабатты тұрғын үйлерде жұмыстар аяқталған. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 13 үйдің 4-і пайдалануға тапсырылып, қалған үйлердің бәрінде кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде барлық үйлерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Жиынды қорытқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық сектор жауаптыларына құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтау қажеттігін нықтап тапсырды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі