Арқада егін орағы басталды

Арқада егін орағы басталды

Арқада егін орағы басталды
ашық дереккөзі
Жайдары жаздың да соңғы аптасы қарбалас тірлікпен басталғандай. Олай дейтініміз, енді бірер күннен кейін күзгі салымның науқандық тірліктерінің бірі астық ору жұмысына қызу дайындықтың басталуы. Елімізде алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысы егістікке орақ салды. Өңірдің Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра аудандарында егін орағы қызу басталып кетті. Биылғы жылғы жоспарланған 844 мың гектар алқаптан сапалы  астық өнімдері алынады деп күтілуде. Облыс бойынша осы жұмыстарға 2344 комбаин, картоп қазатын 72, ал оны жинайтын 60 комбаин  жұмылдырылып отыр. – Күзгі дала жұмыстарына 15 мың тонна арзан дизель отыны, шілде- тамыз айларында бөлінген 10 мың тонна жанармайды оператор толық төлеп, бүгінгі таңда 9800 тоннасы жеткізіліп алынды, – дейді  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы  С.Апақашов. – Жаздың соншалықты ыстық болуы, әсіресе, егілген егін алқаптарына әжептәуір қолайсыздық туғызып еді. Сонда да болса, тиянақты дайындықтың арқасында егістікке алғашқы орақ түсті. Жанар-жағар май мәселесі де жаз айларынан бастап қарастырылып, оң нәтижеге қол жеткізілді. Биылғы жылы 631 мың гектардан бидай, 200 мың гектардан арпа, 16 мың гектар алқаптан сұлы жиналады деп күтілуде. Сонымен қатар,  24 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілсе, 10.4 гектардан картоп және бір жарым мың алқаптан басқа көкөніс түрлері жиналып алынуға тиіс. Аймақ басшысы егін ору науқанының әрбір күнін тиімді пайдаланып, жауын-шашынға ұрынбай жинап алуына бақылау жасайтынын айта келіп, келесі жылы картоп, қырыққабат, пияз және сәбіз егетін алқаптарды ұлғайту керек деп санайды. – Күзде өтетін егін орағы еш кедергісіз өтіп, жиналған өнім облыс көлемін астық және көкөніспен толық қамтуға тиіс, – дей келе аймақ әкімі Ерлан Қошанов мырза алдағы уақытта көршілес елдерден келетін өнімдерге сұраныс азаюы үшін  баға тұрақтылығын да баса назарда ұстау керек екенін айтып өтті. – Бізде көкөністерге сұраныс жоғары, оларды сақтау мүмкіндіктері де қарастырылған. Сондай-ақ, көкөніс қоры қысқы және көктемгі кезеңде олардың бағасының өсуін бақылауға мүмкіндік береді,– деді облыс әкімі. Қаһарлы қыстың хабаршысындай сезілетін күзгі салқынға, жауынды күндерге ұрынып қалмау жағын басты назарда ұстау керек екенін баса айтып өткен аймақ басшысы науқандық жұмыстардың ішіндегі – халыққа тікелей қажеттілігі басым астық ору науқанына да жауапты мамандарды жұмылдыра білуде.

Т. МИРМАНОВА

Қарағанды облысы