Қалталылардың шетелде жасырған ақшасы қашан қайтып оралады?

Қалталылардың шетелде жасырған ақшасы қашан қайтып оралады?

Қалталылардың шетелде жасырған ақшасы қашан қайтып оралады?
ашық дереккөзі

Мүлікті жария ету науқаны қазақстандық бай-бағландардың шет елдегі капиталдарын елге әкелуіне түрткі бола ала ма? Бұл турасында “Нұр Отан” партиясының ХVI съезiн­де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Шетелде ештеңенi жасыра алмайтыныңды, бәрiн анықтауға болатынын өздерiңiз де байқап отырсыздар. Жақында HSBC банкi ақшасын сонда сақтайтын 100 мың адамның тiзiмiн жариялады. Қазақстандық қалталылардың бар ақшасын сыртта сақтайтындығы түсініксіз. Ол бiздiң Отанымыз емес, онда бiздi ешкiм күтпейдi, ешкiм жақсы көрмейдi. Бұған дейiнгi капиталды заңдастыруда ешкiмдi жазалаған жоқпыз. Бұл жолы да жазаламайтынына кепiлдiк беремiн. Сырттағы ақшаны Қазақстанға әкелiңiздер, ол ақша өзiмiзге жұмыс iстесiн”, – деген еді. Айтылған құлаққағысқа елең еткендердің басым көпшілігі бар байлығын сенімді жерге сақтадым деп санайтын шенді-шекпенділер мен қалтасы қалың кәсіпкерлер болып шықты. Бұл жолы Президент сырттағы ақшаны елге әкелудің соңғы мүмкіндігі – мүлікті жария ету екендігін қадап айтты. Қазақстаннан шетелге қанша ақша шығып жатқандығы турасында анық ақпарат болмаса да, оны анықтаудың алдағы уақытта белгіленген өз науқаны бар. 2017 жылы 17,5 миллион халықтың табысы мен шығынын көрсететiн жалпыхалықтық дек­ларация жүріп, сол кезде шығыс-кірістің жаппай есебі сұралады. Сол кезде дәл бүгінгідей мемлекет ақшасын сыртта сақтап жүргендерге кешіріммен қарамасы да анық. Былтырғы жылы Tax Justice Network зерт­теу компания­сы тәуел­сiздiк алғалы берi Қазақстаннан оффшорлы аймақтарға 138 миллиард доллар шыққандығы туралы дерек келтiрген. Ал Ұлттық банк төрағасы Қ.Келiм­бетов капиталды заңдастыру бойынша заң жобасы дайындалмас бұрын, елден сыртқа нақты қанша капитал шыққандығынан нақты хабардар емес екендігін, бiрақ миллиондаған қаражаттың құлағы көрінетіндігін айтып қалғаны есте. Сан миллиондаған қомақты қаржының иелеріне мемлекеттің капиталды заңдастыру туралы шешімі ұнай қоймауы мүмкін. Жиған-тергенін жалпақ жұртқа жария етіп, оны Қазақстанның игілігіне жұмсау олар үшін қаншалықты тиімді болмақ? Шетел экономикасына ақша салғандар үшін көргенім көп сөз, көрмегенім бір сөз деп құтыла салғаннан дұрысы жоқ. Содан да болар мүліктерді жария ету науқаны да, заңдастыруға жасалған шаралар да мемлекет күткендегідей нәтижелі болмай отыр. Капиталды заңдастыру алғаш рет қолға алынған 2001 жылы елге небары жарты миллион долларға жуық қаражат, ал 2006 жылы елге 5 миллиард доллардан астам ақша қайтарылды. Өткен жылы елімізде заңдастыру науқаны айтарлықтай нәтиже бермегені жоғарғы билік тарапынан айтылып та жүр. Әсіресе, капиталды жариялауға ешкімнің құлық танытпағаны анықталған. Ұлттық банктің қаңтарда жасаған есебі бойынша, осы шара басталған 5 ай ішінде айналымға небәрі 9 миллиард 6 миллион теңге түскен. Ал мүлік бойынша, 16 мың 46 өтініш берілген. Тіпті, Үкімет бұл жолғы заңдастырудан 12 млрд. доллар шамасында қаржы түсіруді жоспарлап қойған еді. Мүлікті жариялау науқанының барысы жөнінде Қаржы министрі Б.Сұлтанов: «Біріншіден, бұл науқан 2006-2007 жылдары болған мүлікті заңдастыру сияқты өтпек. Осы іспетті заң жобасы даярланып жатыр. Оның негізгі шарттарына тоқталсақ, жарияланатын ақша табыс болып саналмайды. Сондықтан оған салық салынбайды. Екіншіден, сол ақшаны жария еткен азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктен босатылады. Ал барлық жеке мәліметтер құпия болып сақталады», ̶ дейді. Министр атап көрсеткендей, ақшаны заңдастыру барысында капитал арнайы банк шоттарына аударылады. Оған тиісті үстемеақы да төленеді. «Дегенмен, азаматтар өз ақшасын депозитте ұстағысы келмесе, оны мемлекеттік құнды қағаздарға (банктердің облигациялары, халықтық IPO аясындағы акциялар) сала алады. Бұдан басқа, жекешелендірудің екінші толқыны аясында құрылыс нысандарын сатып алуға да болады. Ал еш нәрсеге салғың келмесе, ақшаны мүлдем алып кетуге болады. Бірақ банк 10 пайыз көлемінде алымды ұстап қалады. Бұл салық емес, ақшаны отандық экономикаға салуға итермелеудің бір жолы десек болады», ̶ деді Б. Сұлтанов. Кезiнде сыртқа кеткен ақшаны керi қайтару әрекетiн сарапшылар елге қаржы әкелу және оны экономиканың қажетiне құюға бағытталған шара деп түсiндiрген. Оның үстiне шетелдер де күмәндi жолмен табылған ақшаға күдiкпен қарап, соңғы уақытта iрi қаржы институттары өз салымшыларын жария ете бастады. Шетелдiк банктер мен оффшорлы аймақтарда ақша сақтайтындардың басым бөлігі ісін өрге домалатқан кәсiпкерлер болғандықтан капиталды заңдастыру арнайы адамдар үшiн жасалған болуы ықтимал деп тұжырым жасайды кейбір сарапшылар. Десе де, бұл бастаманы жүзеге асыруда мемлекеттің нақты қандай ұстанымға басымдылық танытып отырғандығы анық емес.

Бүгінгінің мұрасы – байшыкештің сарайы

Бүгінде әлем бойынша пәтер мен үй бағасының арзандауы жылжымайтын мүлік ретінде капиталды көбейтудің ең табыс­ты жолы болып отыр. Сондықтан шама-шарқы жететіндер әлемнің салтанаты келіскен шаһарларынан сапалы баспана алуға тырысып бағуда. Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, шетелде үйі бар қазақтың саны 10 пайызды құрайды. Бір таңданарлығы, олардың хал-ахуалы туралы нақты ақпарат еліміздегі банктерде, риэлторлық компанияларда сақталмайды екен. «Қазіргі таңда капиталдарын сыртқа сақтап отырғандар туралы нақты статистика ешбір агенттікте, Ұлттық банкте де, риэлторлық компанияларда да жоқ екенін растай аламын. Тек жорамал ретінде ел тұрғындарының 1-2 пайызы ғана шетелдерде капитал сақтайды деп айтуға болады. Көп жағдайда шетелдік жылжымайтын мүліктің қожайыны қалтасы қалың кәсіпкерлер болып отыр. Мұндай адамдардың шығыны аз, кірісі көп. Олардың айлық, жылдық тапқан-таянғандарынан жұмсаған шығындары өте аз болады. Сондықтан кәсіпкерлердің қалталары күн сайын қалыңдап, нақты капиталдары қомақты бола түсуде», – дейді Е.Мүсірепов. Үстірт қарағанда, сыртқа капитал салып, жылжымайтын мүлікпен айналысуды кәсіп еткен кәсіпкерлердің ісі қандай процестер арқылы жүзеге асатыны көпшілікке беймәлім көрінеді. Десе де, оның тыңнан түрен салған тың тақырып емес екені анық. Мысалы, миллион еуросы бар кәсіпкер кезекті девальвацияда, қаржысы желге ұшып кетпеуі үшін қымбат жағалаудан баспана сатып алып, өз құнынан екі есе астам пайда көруіне болады екен. Сарапшылардың пікірінше, еуропалық жылжымайтын мүлікке ақша салса, оның құны жойылмайтын көрінеді. Базбіреулер Дубайда 150-200 мың еуроға пәтер, Испанияда 500 мың еуроға вилла, ірі инвесторлар курорттық ауданнан қонақүй сатып алады да, пайдасын көріп, өз игілігіне жұмсайды. Осы қатардан қазақстандық қалталы кәсіпкерлер де қалыс қалмай, бұл істен айтарлықтай пайда тауып отыр. Саудасы жүрген шетелдіктердің бұл ретте қазақстандықтар туралы көзқарасы да жаман болмауы заңдылық. Олар алыс-жақын елдерде қазақстандық сатып алушыларға оң көзқараспен қарайды екен. «Ресейліктер арзан үйге жүгірсе, қазақстандықтар ең сапалысы мен бағалысына тоқталады. Егер бір қазақстандық бір үй сатып алса, енді аз уақытта оның таныстары, туыстары жылжымайтын мүлік алатынын біледі», – дейді шетелдік сатушылар. Дүниежүзінің бүгінгі тұрақсыз экономикалық жағдайында шетелдің баспана бағасының да құны күн санап құлдырап бара жатқандығы ешкімді таңғалдырмасы анық. Мәселен, Эмираттарға әйгілі Пальма аралдарына орналасқан үйлер ай сайын бірнеше мың долларға арзандауда. «Best Realty»-тің мәліметі бойынша, соңғы екі жылда Балтық елдерінде баға 65 пайызға арзандаса, Ирландияда 60 пайызға, АҚШ-та 50 пайызға төмендеген. Курорттық жылжымайтын мүлікке инвестиция салатындар Кипрді де назардан тыс қалдырмайды. Ең негізгісі, жылжымайтын мүлік сатып алушылар арасында көш бас­тап тұрған қазақстандықтар Ұлыбританияда алдыңғы қатарлы үй алушылардың рейтінгінде екінші орынға шыққан. Лондоннан басқаны місе тұтпайтын қазақтардың нақты кім екендігі турасында нақты ақпарат жоқ болғанымен, анау-мынау адам емес екендігі ұғынықты жайт.

Тағы да қалталылар жайында...

Әлемдегi миллиардерлердi түгендеп шығатын Forbes журналы биылғы жылы да сол дәстүрiнен жаңылмай, жаңа тiзiмдi жария еттi. Қызығы сол, бұрынғыша тізімге сол баяғы қазақстандық бестік еніпті. Былтырғы жылдан айырмасы, бiреудiң дәулетi артса, ендi бiрiнiкi керiсiнше азайған. 2013 жылы 670-орында тұрған Болат Өтемұратов былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, 796-орынға түскен. Forte bank иесi Б.Өтемұратовтың дәулетi 2,2 миллиард долларға бағаланған. Енді бір Қазақстандағы ең бай адам – ENRC-дiң iрi акционерi Алиджан Ибрагимов Еуразиялық үштiкке енді. Былтыр 2,1 миллиард доллармен 704-орыннан табылса, осы жолы 1,7 миллиард доллар дәулетiмен 1046-орынға түскен. 2013 жылы Қазақстандағы ең бай адам атанған “Қазақмыс­тың” қожасы Владимир Ким­нiң байлығы 2,3 миллиард доллар­ға бағаланған едi. 2014 жылдың қорытындысы бойынша В.Кимнiң байлығы 1,6 миллиард долларға кемiп, 1078-орынға сырғыған. Сөйтiп, өткен жылы 641-орында тұрған Қазақстанның ең бай адамы бұл жолы ең “кедей” миллиар­дер болып шықты. А.Ибрагимов пен В.Ким­нiң қалтасы әлемдiк нарықтағы ахуалдың салдарынан қағылды деп пайымдайды аталмыш агенттік. Қазақстан экспорттайтын түстi металдардың бағасы арзандады. Бұл ретте банк саласына қайтып оралған Болат Өтемұратовтың байлығы нелiктен сол қалпында қалғаны түсiнiксiз. Forte bank-тiң иесi “Темiрбанк” және “Альянс банк” акцияларын сатып алып, үш банктi бiрiктiргені мәлім. “Темiрбанктiң” 79,88 пайыз акциясы үшiн 35,7 миллиард теңге, ал “Альянс банктiң” 16 пайыз акциясы үшiн 1,5 мил­лиард теңге санап берген Б.Өте­мұратов биылғы жылы қалған акцияларды сатып алатынын мәлiмдеген. Қазақстандық сарапшылар былай есептейді: Forbes тiзiмiне енген қазақстандықтар байлығының жиынтығы 9,1 миллиард долларға тең. Ал Қазақстанның жалпы iшкi өнiмi – 231,9 миллиард долларды құрайды. Демек, аталған қазақстандық миллиардерлердiң байлығы iшкi жалпы өнiмнiң 3,9 пайызына парапар. Жақында түзету енгiзiлген Қазақстан бюджетi 1 триллион теңгеге қысқарғанын есепке алсақ, 9,1 миллиард доллардың 60 пайызы осы тапшылықты жоюға жетері аян. Елімізде 1300 орындық мектеп салудың құны 2 миллиард теңгені құрайды. Егер дәулеттiлердiң тiзiмiне кiрген бестiк жомарттық танытса, Қазақстанда олардың ақшасына 841 мектеп салуға болар едi. P.S: Бүгінгі әлемдік экономикалық дүрбелең кезеңінде екіге айрылған бай мен кедей дейтін екі таптың аражігі күн санап артып отырғандығы ащы да болса шындық. Сыртқа инвестиция салып, өз елінің дамуына қолында бар көмекті көрсетуге құлықсыздық танытқандарға Елбасы кешіріммен қарап, бұл жолы да мүмкіндік беріп отыр. Көрсетілген кешірімділік пен берілген мүмкіндіктің қайырын қалталылар қауымы түсіне қояр ма екен? Ол жағын алдағы уақыт көрсетер.