"Nur Otan" айтыс өнерін дамытуға атсалысады

"Nur Otan" айтыс өнерін дамытуға атсалысады

"Nur Otan" айтыс өнерін дамытуға атсалысады
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек алдағы уақытта партия заман талаптарына сай өзгеріп, нақты реформалар қолға алынатыны туралы айтты. «Хабар» агенттігінің «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында Бауыржан Байбек 21 тамызда өткен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасы берген тапсырмалардың маңызы, партияны қайта жандандыру жолындағы жаңа бағдарлама және партия жұмысының алдағы бағыт-бағдары туралы баяндады. «Елбасы Саяси кеңестің отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты жаңа бағдарламаны таныстырып, билеуші партияға нақты тапсырмалар берді. Олардың ең бастысы – партия жұмысын жандандыру. Қазір жағдай жақсарды. Соған байланысты қоғамның сұранысы да өзгерді. Біз осы сұраныстарға сай болып, халықтың сенімін ақтау үшін жұмыс істейміз. Сондықтан біздің негізгі жаңа құралымыз – праймериз, яғни кез келген мәселені ашық, әділ талқылау», – деді Бауыржан Байбек алдағы уақытта партия заман талаптарына сай өзгеріп, нақты реформалар қолға алынатынын айтты. Оның айтуынша, Елбасы анықтап берген 7 бағыт арқылы партия жұмысын қайта жандандыру аясында жастарға, әсіресе, ауыл жастарына жағдай жасау, ауылды жерлерде жұмыс орындарын ашу, ірі қалаларға көшкен азаматтарға қолдау көрсету, көп балалы ана, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, басқа да әлеуметтік топтарға нақты көмек көрсету, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру, партиялық бақылауды күшейту сияқты көптеген өзекті мәселелер бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ Бауыржан Байбек бүгінде партияның алдына қойылып отырған талаптарға Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялардың мүшелері, нұротандық министрлер мен әкімдер де сай болуы керектігін айтты. «Елбасы «Nur Otan»-ды нақты істердің партиясы деп үнемі айтып келеді. Сондықтан біз билеуші партия ретінде ең алдымен ашық, әділ болуды өзімізден талап етеміз. Біз бір-бірімізден ел үшін нақты не істегенімізді сұрауымыз керек. Осыны әр партия қызметкері сезінуі тиіс. Сол себепті алдағы уақытта өз қатарымызды тазартуға баса мән береміз, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. Сонымен бірге ол бұдан былай партияның қоғамдағы бар мәселелерді жасырмай, ашық айтатынын жеткізді. «Егер бір мәселе оң шешімін тапса немесе соңына дейін жеткізілмесе, соның бәрін халыққа жариялап отырамыз. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сондықтан партия бар кемшіліктерді дер кезінде көтеріп, айту керек. Елбасы «Nur Media» холдингіне нақты тапсырма берді. Ол жалпы БАҚ-қа да қатысты. Отандық ақпарат құралдары шындықты айтулары керек. Бірақ сынның деструктивті және конструктивті деген екі түрі бар. Яғни, адам тек сынай бермей, мәселенің шешілу жолын да айтуы тиіс. Сонда ғана ондай сынның халыққа пайдасы болады. Ал құр сөзбен еш нәрсеге жете алмаймыз», – деді ол. Сұхбат кезінде партияның халықты масылдық психологиядан арылтып, еңбек етуге үгіттеу ісінен де тыс қалмайтыны сөз болды. «Елбасы үнемі халықты адал еңбек етуге шақырып келеді. Бұл – қоғамда әділдіктің орнауына да үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан адам өзі үнемі алға ұмтылып, талпынуы керек. Кәсіппен айналысамын дегенге мемлекет те қолдау көрсетіп отыр. Партия да осы іске атсалысып, түсіндіру жұмыстарына қатысады. Біздің мақсатымыз – халыққа балық емес, қармақ беру», – деді Бауыржан Байбек. Бұдан басқа партия төрағасының бірінші орынбасары айтыс өнері, төл мәдениетімізді дәріптеу сияқты маңызды салаларға ерекше тоқталып, бұл бағытта партия ауқымды жұмыстар жүргізетінін айтты. «Елбасы тәуелсіздік алғалы бері айтысты қолдап келе жатыр. Айтыс біздің салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі. Ол да праймериз сияқты. Себебі ол жерде ашық сын айтылып, елдің сөзін сөйлеген ең мықты ақын жеңіске жетеді. Партияда праймериздер солай өтуі керек. Өйткені партия нағыз демократиялық институт. Сондықтан ішкі партиялық демократия қалыптасып, түрлі пікірлер айтылуы тиіс. Сол себепті партия алдағы уақытта барлық мәселені ашық талқылайтын болады, – деген Бауыржан Байбек «Nur Otan»-ның халықтық партия екенін, сондықтан халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, азаматтардың не нәрсеге мұқтаж екенін білу, елдің арасында жүріп, етене жұмыс істеу партиялықтардың басты міндеті екенін жеткізді. Сондай-ақ ол айтыскер болу үшін талант пен дарыннан бөлек жан-жақты білім де керек екеніне тоқталды. «Айтыскер болу үшін талант керек. Сонымен бірге білім мен мәдениет те қажет. Сондықтан партия айтыс өнерінің дамуы үшін айтыскерлермен жұмысқа да баса мән береді», – деді Бауыржан Байбек. Әңгіме барысында ұлттық рух мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл жөнінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары ұлттық рухы осал халықтың ешқандай биікке көтеріле алмайтынын айтты. «Елбасымыз үнемі осы мәселеге баса мән беріп, барлық жағдайды жасап келеді. Тұңғыш Президентіміз бұл істе көбіне Жапонияның тәжірибесін мысалға келтіріп отырады. Кезінде алашордалықтар да салт-дәстүр мен жаңа технологияны ұштастырып, екі жақтың озық тұстарын қатар алып жүру керектігін айтқан еді. Сол себепті біз өзіміздің жақсы, заман талабына сай ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғап, оларды болашақтың талаптарымен үйлестіре дамытуымыз керек. Ал кемшін тұстарымыздан бас тартудан қорықпауымыз қажет», – деді Бауыржан Байбек. Сондай-ақ ол 2013 жылы қабылданған «Nur Otan» партиясының доктринасына тоқталып өтті. «Партиямыздың доктринасында төл мәдениетімізді, руханиятымызды дамыту мәселелері ашық айтылған. Бұл – біз үшін аса маңызды. Себебі қазіргі таңда қоғамдағы кейбір мәселелер осы саладағы олқылықтардан болып отыр. Соның ішінде ең алдымен отбасылық құндылықтарымыз әлсіреп кетті. Сондықтан алдағы уақытта партия осы бағыттағы жұмыстарды қолға алады», – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.