16 Тамыз, 09:59 342 0 Білім Túrkistan Gazeti

СҚО-да магистратураға түскендердің тең жартысы шекті балды жинай алмады

Солтүстік Қазақстан облысында биыл магистратураға түсуге өтініш бергендердің тең жартысына жуығы шекті 75 балды жинай алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да магистратураға түсу емтихандары аяқталды. Үміткерлер кешенді тестілеуден 10-14 тамыз аралығында өтті. Биыл оқуды жалғастыруға 366 солтүстікқазақстандық тілек білдірген. Жоғары оқу орны өкілдерінің айтуынша, емтиханды объективті өткізу үшін металл детекторлары мен ұялы телефон сигналдарын басатын құралдар қолданылды. Кешенді тест тапсыратын барлық аудиториялар дыбыстық және бейнежазбамен жабдықталды.

Сонымен қатар, онлайн-трансляция арқылы тестілеуді ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жұртшылық және «Қызылжар - адалдық алаңы» аймақтық жобалық кеңсесінің өкілдері бақылады. Магистратураға түсуге өтініш бергендердің 19-ы емтиханға келмеді. Кешенді тестілеудің талаптарын бұзғаны үшін 17 үміткердің нәтижесі жойылды. Нәтижесінде, 347 үміткердің 27-сі 100-ден жоғары, 138 талапкер 75-тен жоғары балл жинады. Ал өңір бойынша орташа балл 75 балды құрады. «Жалпы биыл үміткерлердің арасында аса сұранысқа ие болып жатқан мамандықтар бұл – филология, оған 366 талапкердің арасынан 33 адам ниет білдірді. Дене шынықтыру мамандығына - 17, тарих және археологияға 14 адам құжаттарын тапсырды. Ал қалған пәндер бойынша тапсырғандардың орташа саны 7 – 8 шамасында», - дейді Қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Алмаз Кенжеғалин.

Соңғы жаңалықтар