Әл-Фараби үйі Ыстамбұл төрінде ашылды  

Әл-Фараби үйі Ыстамбұл төрінде ашылды  

Әл-Фараби үйі  Ыстамбұл төрінде ашылды   
ашық дереккөзі
Түркияның Ыстамбұл шаһарында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Әл-Фараби үйін ашты. Жобаны ҚазҰУ Ыстамбұл қалалық әкімдігімен бірлесе отырып, Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ және Түркиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды. Шараның салтанатты ашылуына Ыстамбұл қаласы әкімінің орын­басары Шенгүл Арслан (Şengül ALTAN ARSLAN) ханым, Ыстамбұл университетінің ректоры Махмұт Ак, «ТҮРКСОЙ» Бас Хатшысы Дүйсен Қасейінов, танымал түркі қайраткері, атақты киноактер Сердар Гөкхан, Түркия қазақтары қорының төрағасы Пазыл Топлы, Түркиядағы Қазақстан Республикасы елшілігі мен Ыстамбұлдағы ҚР Бас консулдығының өкілдері және еуропадағы қазақ диаспорасы қатысты. Сонымен қатар, Түркі Әлемі этнографиялық мұражай-кешенінде өткен салтанатты шараға түрік, татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, әзірбайжан және басқа да түркі ұлттарының зиялы қауымы келіп Ұлы ойшылдың үйінің ашылуына куә болды. Шараны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов ресми құттықтау сөзімен бастап ашты. Ол өз сөзінде: «Әл-Фараби бабамыздың асыл мұрасын зерттеп, зерделеп, дәріптеуде және бабамыздың мұражай-үйін ашуда жан-жақты қолдау көрсетіп отырған баршаңызға, атап айтқанда: Ыстамбұл қаласы мэриясына және қала мэрі Экрем Имамоглу мыр­заға, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағ­дат Құлтайұлы Әміреевке, Қазақстан Рес­публикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбек­ұлына, ТЮРКСОЙ Түркі мәдениеті халық­аралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Құрабайұлы Қасейіновке, БҰҰ Өркениеттер Альянсы Түркия Ұлттық үйлестіру комитетінің президенті Бекір Қарлығаға, Түркі әлемі мәдени орталығының бұрынғы директоры Кемал Каптанер мырзаға алғысымыз шексіз», –  деп жиылған жұрттың алдында ұйымдастырушылар атынан ерекше ілтипатын білдірді. Ыстамбұл қаласы әкімінің орынбасары Шенгүл Арслан ханым өз құттықтау сөзінде «Ұлы Әл-Фараби, тек Шығыс әлемі үшін ғана емес, Батыс елдері үшін де айтулы оқиға. Ол тек түркі дүниесінің ғана емес, барша адамзатқа ортақ мақтаныш. Ғұламаның ғылыми мұраларын зерттеу, насихаттау, оларды келешекке жеткізу борышымыз. Енді осы үйі арқылы Әл-Фарабиді, оның мол мұрасын күллі түркі жұрты жақын танысатын болды. Сондықтан да осы жобаға ұйытқы болып, жүзеге асырған Ғалым Мұтанұлы бастаған Қазақстан Ұлттық университеті ұжымына ерекше алғысымды білдіремін» деп, ағынан жарылып, Университет басшысына «Ыстамбұл» атты альбом сыйлады. Өз кезегінде Ғалым Мұтанұлы қазақы салтпен Шенгүл ханымның иығына камзол жауып, Әл-Фараби кәдесыйын естелікке сыйға тартты. Сондай-ақ, Ғ. Мұтанов университет атынан Әл-Фараби үйінің Ыстамбұл шаһарында ашылуына ерекше еңбек сіңірген Түркі Әлемі этнографиялық мұражай-кешенінің бұрынғы және қазіргі басшыларын «Әл-Фараби» медалімен марапаттады.  

Ж.Әшім