Дүйсен Қасейінов: Түркі әлемін ортақ мәдениет жақындастырады

Дүйсен Қасейінов: Түркі әлемін ортақ мәдениет жақындастырады

Дүйсен Қасейінов: Түркі әлемін ортақ мәдениет жақындастырады
ашық дереккөзі
Түркі жұрты түгелміз бе? Бірімізді біріміз толық танимыз ба? Саясаттың салқыны ұрып араға түскен жылдар бізді алыстатып кеткен жоқ па? Түркі әлемінің ХХI ғасырда табысуы мүмкін бе? Бұл сауалдарға енді шындап мән беріп, жауап іздейтін сәт туды. Құрылғанына жиырма бес жыл толған ТҮРКСОЙ Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейінов мырзамен осы мәселелер жөнінде кеңінен әңгіме өрбіттік. – Дүйсен мырза, сонау 1993 жылы құрылған ТҮРКСОЙ ұйымы түркі бірлігін сақтап қалуға қаншалықты үлес қосты? Дүйсен Қасейінов, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы: ТҮРКСОЙ ұйымының атауы ең басында түрік тілінде TÜRK Kültür ve Sanat Ortak Yönetimi (Түрк Күлтүр ве Санат Ортак Йөнетими, қазақшасы: Түркі мәдениеті мен өнерінің ортақ ұйымы) тіркесінен қысқартылып «TÜRKSOY»  деген атаумен қалыптасқан.  Бірақ бұл атау аббревиатура ғана емес, «түрік» (түркі) және «сой» (тек, негіз) деген  екі сөзден құралып «түркітектес» деген де мағына береді. «Сой» сөзі «ата», «тек» мағынасында Махамбет жырларында да кездеседі. 2009 жылы Баку қаласында өткен Түркі республикалары Мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңе­сінде ұйымның толық атауы қол­данысқа ыңғайлы болу үшін «Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы» (түрікше: Uluslar arası Türk Kültürü Teşkilatı, ағылшынша: INTERNATİONAL  ORGA­NİZA­TİON  OF  TURKİC CULTURE) болып өзгертіліп, қысқаша түрі «ТҮРК­СОЙ» аббревиатурасын сақтап қалды. 1992 жылдың көктемінде түркітілдес тәуелсіз алты мемлекеттің Мәдениет министрлері Ыстамбұлда кездесіп, бірлесіп жұмыс жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Ал осы жиыннан бастау алған ұйымның кұкықтық мәртебесін айқындап, кұрылымын бекіту сол жылғы желтоқсанда өткен түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі мәжілісінің еншісіне тиді. Бакуде өткен бұл басқосуда ТҮРКСОЙ-дың тұрақты аткарушы органы Бас дирекцияны құруға шешім қабылданды. Бұл ұйымның тағы бір салмақты кұ­жатына қазақ жерінде қол қойылды. ТҮРКСОЙ-дың жұмыс жүргізу принциптері жөніндегі шарт Алматыда 1993 жылғы 12 шілдеде жасалды. Осы жиынға ұйымға мүше алты елдің – Түрік Рес­пуб­ли­касы, Қазақстан, Қырғызстан, Түр­кі­менстан, Әзірбайжан және Өз­бек­станның мәдениет саласының басшылары қа­тысты. Кейіннен шартқа бақылаушы ел ре­тінде Татарстан, Башқұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тыва қосылды. Осылайша уақыт өткен сайын халық­аралық ұйымның аясы кеңейе түсті. Сол кездегі министр Еркеғали Рахмадиев тұрақты кеңестің мүшесі еді. 1991 жылы шығармашылық одақтар әлсіреп, қаржылай қолдау болмай қалды. Тура сол 1993 жылы валюта рубльден теңгеге көшті. Халық көп қиыншылықты бастан өткізді. Сонымен бірге әлем елдері де бір-бірімен қақтығысып жатты. Әзірбайжан мен Армения арасында Қарабақ мәселесі туындады, Тәжікстанда өзара соғыс болды. Қазақстанда ондай бір елеулі қақтығыстар болмаса да, мәдениет саласында қарым-қатынас азайды, әлсіреді. Консерватория басшысы ретінде Орта Азия, Кеңестер одағы бойынша байқаулар ұйымдастырып, жанымыздағы мемлекеттермен байланыс орнатуға кірістік. – ТҮРКСОЙ ұйымының негізгі мақсаты мәдени байла­ныс­ты ғана жандандыру ма? Саясатқа араласпайсыздар ма? – Негізінен араласпайды. «Сен саясатпен араласпасаң, саясат сенімен араласады» деген пікір бар емес пе?! Бәрібір мемлекеттер арасындағы саясаткерлердің, басшылардың арасында татулық орнаса, мәдениет адамдарының да қа­ты­насы жақсы болады. Ал алда-жалда ки­кіл­жің туындаса, сөзсіз арасы суып қалады. Егер мемлекеттер арасында осындай түсініспеушілік жағдай орын алса, біз жаймен өз ісімізге кірісеміз. Мысалы, кезінде Атамбаев Назарбаевқа небір сөз айтса да, қазақ халқы мен қырғыз халқы араздасқан жоқ қой. Әрине, шекара уақытша жабылғанда экономика саласы біраз зардап шекті. Бірақ мәдениетті ешқандай күш тоқтата алмайды. Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов дос болса, бәрібір дос болып қала береді. Мәселен, Бішкек музыка академиясының консер­ва­ториясының ректоры Мұратбек Бегалиевпен талай жылдан доспын. Алайда, біздің достығымызға сызат түсе алмайды. – Екі елдің арасындағы мәдени байланыс қалай дамуда? Мәселен, Түркияның бірнеше қаласында қазақ ақын-жазушыларының ескерткіші ашылғанынан хабардармыз... – Жыл сайын суретшілер, мүсіншілер, фотосуретшілер, ақындар, жазушылар, журналистер, сәулетшілер, музыкатанушылар, фольклортанушылардың т.б. кездесулерін, симпозиумдары мен конференцияларын өткіземіз. Тұрақты журнал, ғылыми-танымдық кітаптар шыға­ры­лады. Ұйымның қолдауымен деректі фильмдер түсіріледі, бірнеше мемлекетте театр фестивальдары, музыкалық кон­курс­­тар, жарыстар өткізіледі. 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы шеңберінде домбыра ұстап тұрған қазақ қызы бейнеленген «Астана» ескерткіші Анкара қаласының Қазақстан даңғылында орнатылды. 2012 жылы елшіліктің ұйымдастыруымен «Балалық шағымның аспаны», «Қыз Жібек», «Тақия­лы періште», «Көшпенділер», «Бәйтерек» атты қазақ фильмдері түрік тіліне аударылып, көрермендердің назарына ұсы­ныл­ды. Күні бүгінге дейін Қазақстан туралы түрік тілінде оннан аса танымдық  бейнефильм шығарылды. 2010-2014 жылдары Елбасы Н.Назар­баев­тың таңдамалы шығармалар жинағы (5 томдық), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі көшбасшы», «Қа­зақ­­стан-Түркия: Жоғары деңгейлі ынты­мақ­тастық», «Қазақстан-Түркия: Достық пен ынтымақтастыққа 20 жыл», «Абай шығармалары», Абайдың «Қара сөздері», М.Мақатаевтың шығармалары, «Қазақ­стан», «Қазақстан: түрік инвесторлары үшін жолсілтеме», ал 2015 жылы әл-Фара­бидің шығармалары түрік тілінде кітап ретінде арнайы шығарылды. Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы қарсаңында Анкарадан саябақ ашылды. Ол кезде Дина Нұрпейісова атындағы оркестр келді. Абай Құнанбайұлы, Мағ­жан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов ескерткіш­тері орнатылған. Тәттімбет жыраудың 200 жылдығына орай саябақты салтанатты түрде аштық. Мерекелік шараға Тәттімбет атындағы оркестр келген болатын. Одан кейін Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығында саябағын ашып, ескерт­кішін де қойып үлгердік. Мағжан Жұмабаевтың бюсті бұрыннан бар. Былтыр ақынның 125 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Соған байланысты Түркияда Мағжанның да ескерткішін қоюды ойлас­тыр­дық. Мағжанға көп түріктер риза. Оны өзбектер, түркімендер білмеуі мүм­кін. Түркияда осыдан 100 жыл бұрын Чанаккале шайқасы болған кезде «Алыс­тағы азап көрген бауырларым» деп өлең арнаған. Оған түрік ақыны түрікше жауап жазған. Сол кездерде біздің бабаларымыз бір-бірін қолдады. Сол үшін қуда­лан­ды, азап көрді. – Осы уақытқа дейін қаншама қазақ ақын-жазушыларының кітабы түрік тіліне аударылды. Оған Қазақстанның Түркиядағы елшілігі де, ТҮРКСОЙ да бастамашыл болды. Түркі әлемі қаламгерлері бірін-бірі танып жатыр ма? – Түркияда атқарылған істің, жаса­лып жатқан жұмыстың бәрі елшілікпен бірге жүзеге асады. Белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», Мағжан Жұмабаевтың үшінші кітабын шығардық. Ең алдымен бір кітапты түрікше, қазақша шығардық. Қазір бір кітап толығымен әзірбайжан тілінде жарық көріп, Бакуде тұсауын кесті. Одан бөлек Махмұд Қашқари атындағы сыйлық та жазушыларға стимул беріп келеді. Бізден де лауреат болған жігіттер бар. Оны жалғастырамыз. Біз жыл сайын әдеби журналдардың конгресін өткіземіз. Сол жерде кездесіп, ақпарат алмасады. Кімнің қандай шығармалары шығып жатыр, оны өздері аударып, журналдарына жариялайды. Ол да үлкен көмек. Кітап шығару қиын болса да, шығарамыз. Ал оны оқу одан да қиын. Әдебиетшілер ғана бір-бірін оқиды. Біз неғұрлым көп конференция өткізсек, оқу орындары оқытушылары келеді. Олар студенттеріне оқытады дегендей мұның бәрі қалам­гер­лер шығармаларын танытады. – Бір сөзіңізде «Мәдениет – ксенофобияның тиімді құралы» болып табылады деген екенсіз. Осы ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз... – Қазіргі замандағы ксенофобия­ны білмеймін. Қазіргі кезде бәрі ашық. Бәрін оқуға болады. Ол заманда да ата-бабамызды қырып тастағанын білеміз. Оны ксенофобияға жатқызуға бола ма, білмеймін. Адамдардың мұндай жағдайға келуі – біріншіден, мәдениеттің аз бол­ған­дығы. Мәдениетте – білім де, тәрбие де бар. Расында, үзілген қарым-қатынасты жандандыратын, суып кеткен екі мем­ле­кеттің арасын жақындастыру өнер адам­дарына жүктеледі. Олар бір-бірін қолдаса, бәрі басқаша болады. Мысалы, Қайсын Құлиевтің 100 жылдығына орай кітабын аударып, шығардық. Осы шара аясында қан­шама мақала, ақпарат жарық көрді. Алайда бізге ешкім «тойлаңдар» деп айт­қан жоқ. Ресей мен Түркияның арасы суып кеткенде бұл мерейтойды атап өтуге рұқсат бермей қойды. Оның астарында саяси астар да, қызғаныш та бар. Жалғыз Ресейге ғана емес, басқа мемлекеттерге де қызғанышпен қарайтындар аз емес. Ежелгі тарихтан солай. Қазір оның куәсі өзіміз болып отырмыз. Ресей мен Түркия арасында әлгі ұшақ оқиғасы орын алғанда ертесіне ТҮРКСОЙ-мен қарым-қатынас үзілсін деген шешім шыққан. Бірақ оған қарамастан Ресейге, Қайсын Құлиевтің тойына бардым. Сол мерейтойға  басқа түркітілдес елдерден ресми түрде ешкім барған жоқ. Белгілі, танымал адамдар келмеді. Түркітілдес мемлекеттерде кө­бінде мұндай сезім әлі жоқ. Тіпті, менің заманымдағы адамдарда да. Ал жастар ол туралы білмейді де. Оларға біз үлгі көрсетіп, айтып жүрмесек, қазіргі үгіт-насихатпен кетеді. Мен не үшін камералық оркестр құрдым? Қазіргі музыканы насихаттату үшін. Бүгін жазылған композиторлардың шығармасын мына көрші қырғыздың музыканттары білмейді, орындамайды, репертуарына енгізбейді. Біз керісінше, концерт болса, қырғыздың музыкасын, нотасын іздеп, тауып, сахнаға шығарамыз. Кеңес одағы кезінде орыс композиторларынікін орындайды, өзіміздікін шамалы, ал түркі тектес бауырлардыкін мүлдем шығармайтын. Міне, осыны түзету керек. Тепе-теңдік болуы тиіс. Кейде концерт ұйымдастыру барысында «Санкт-Петербургтен бес әнші шақырасыңдар, ал мына тұрған өзбек, қырғыздан неге шақыр­май­сыңдар?!»  деймін.   ТҮРКСОЙ – түбі бір түркі жұртының шаңырағы – ТҮРКСОЙ жыл сайын әр мемлекеттен бір қалаға мәдени астана мәртебесін беріп келеді. Түркістан қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, іле-шала облыс орталығына айналды... – Түркістан қаласында бір жылдың ішінде 40-тан астам мәдени шара өтті. Туризмді алсаңыз, сол жылдың 9 айында турист екі есе көп келген. Мәдени шараның ашылуына әр мемлекеттен 15-18 адамнан, барлығы 200-ден астам әртіс келді. Түркияда Кастамонуды сайлады. Соның алдында таласқан қаншама қала болды. Кәдімгі байқау арқылы талас болды. Ешкім білмейтін кішкентай Кастамону қаласы әп-сәтте танымал боп шыға келді. Себебі, барып, көрген адамдар жазады. Міне, бізге де туризмді дамыту керек. Түркістан қаласына бара жатқанда Тараздағы Қарахан кесенесі мен Айша бибі мазарына соқтым. Жанымда түркиялық азаматтар бар еді. Олар да таңқалып жатыр. Келесі түркі әлемінің мәдени астанасы – Тараз қаласы болуға лайық десті. Бізге туризм саласында көп нәрсе үйрену керек. Әсіресе, біздікілер Түркияға демалуға барады. Бірақ үйренбейді. Қызмет көрсету саласын жақсарту керек. Менталитетті өзгерту керек. Жолымыз қандай? Қазақстанда бір қала мен екінші қаланың арасы ұзақ. Жасыратын несі бар, дұрыс дәретхана жоқ. Қай турист барады? Ал қыстыгүні ше? Бұл ұят емес пе? Биік мінберлерден туризмді дамытамыз деп сайрап жатады. Айналайын-ау, әуелі дәретханаңды жөндеп алсайшы. Барлық нәрсе ұсақ-түйектен басталмай ма?! – Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғалы екі жылдан асты. Не атқарылды? Көңіліңіз тола ма? – Қазақстанда болып жатқан шара­ның бәрі осы бағдарламаның аясында өтетін болды. Бәрі мемлекеттен ақша алудың жолы. Ал оның не жасағысы келіп жатыр, одан руханият саласына қандай пайда бар, оны біліп жатқан ешкім жоқ. Бір реттік шара. Одан рухани жаңғыруға не үлес қосылып жатыр? Бұл бағдарламаға бөлінген қаржыға талай жылдан бері армандаған дүниелерді жасауға болар еді. Ал қазір көбі желге ұшып жатыр. Көп нәрсеге қарным ашады. Бәрін көріп, біліп жүрмін. Кейде маңызды дүниеге селқос қарай салады, ал түкке тұрмайтын нәр­сені дабырайтып көрсетеді. – Бүгңнде ТҮРКСОЙ мен ЮНЕСКО-ның байланысы қандай деңгейде? – Өте жақсы. Өзара хаттамамыз бар. Сосын өзім бұрын ЮНЕСКО бойынша Қазақстан жағындағы ұлттық комиссия бас директорының орынбасары болдым ғой. Жалпы, біздің ұлттық комиссиялар өзімен-өзі бірікпейді. Содан барған соң бәрін ақылдасып, кеңесіп жасайық дедім. Дауыс бергенде дауысымыз бір жерден шықсын дедім. Бір жылдары ирандықтар «Наурыз біздікі» деп мәдени мұра тізіміне өз атынан енгізуге тырысты. Бірақ өтпеді. Біз бұл Ирандікі ғана емес, түркі әлемінің ортақ байлығы деп айттық. Сөйтіп, Наурыз мерекесі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл шешім Эфиопияда өткен материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қабылданды. Наурыз мерекесін осы тізімге қосу туралы ұсыныс Қазақ­стан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тә­жік­­стан, Түр­кия, Әзербайжан, Түрк­мен­стан, Ау­ған­­стан, Үндістан, Иран, Ирак жә­не Пәкістан елдерінен түскен болатын. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ең басты бағыт­тарының бірі де осы Наурыз мерекесін әлемдік деңгейге шығару. Осы мақсатта 2010 жылы Еуропада Брюссельде, Парижде, ЮНЕСКО орталығында,  2011 жылы Нью-Йоркте, Вашингтонда,   БҰҰ орталы­ғын­да  8-10 түркі елінің 150-ден астам өнер­пазының қатысуымен Наурызды атап өттік. Одан соң Наурыз­ды түркі­лер­дің бас мейрамы ретінде әуелі Түркияда, содан кейін Ұлыбри­та­нияда өткіздік. – Түбі бір түркі жұрты түгел ме? Ауызбіршілік бар ма? – Бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Әр мемлекеттің деңгейі де бөлек. Сон­дық­тан да ТҮРКСОЙ сияқты ұйым керек. Бәрі қадам-қадаммен келе жатыр. Саясатта, экономикада тартыс, бәсекелестік болуы мүмкін, бірақ өнер саласындағы бәсеке­ден көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Осы ұйымды 10 жыл басқарып келе жат­қан басшы ретінде осыған көзім анық жетті. Маған сеніп, дауыс бер­ген­дердің алдында өз ісіме адалмын дей аламын. Қазір ТҮРКСОЙ-ды білмейтін адам кемде-кем. Біздің БҰҰ, Еуропа кеңесімен, ИСЕСКО, т.б. ұйымдармен қарым-қатына­сы­мыз өте жоғары дең­гей­де.  Себебі, ТҮРК­СОЙ түркі халық­тары­ның мүддесіне орай­лас келетін шаруа­лар­дың ешқай­сы­сынан да шет қалған емес. Әсіресе, туыс елдердің мәдени өміріндегі елеулі шараларды ортақ мереке ретінде өткізіп, бас біріктіруге айрықша маңыз береді. Біздің ұйымның «түркі  халықтарын саяси тұрғыдан біріктіреміз» деген мақсаты жоқ. Алайда, туыс халықтардың мәдени тұрғыдан жақындасуына 25 жыл бойы қызмет етіп келеміз. Әртүрлі мемлекеттерде, түрлі саяси бағытта дамып жатсақ та бүгінгі түркі жұрттары тілдік, ділдік тұрғыдан әлемдегі бір-біріне ең жақын халықтар. Жеке ұлт болып қалыптасулары бұдан 1200-1000 жыл бұрын басталса да ғылымда түркілер әлі күнге біртұтас суперэтнос болып есептеледі. Бізді біріктіруші мемлекеттер емес, бізді біріктіріп тұрған – ортақ мәде­ние­тіміз. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының мақ­саты – осы ортақ мәдениетті насихаттау арқылы ағайынның арасын жақындастыру. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы