Архив ел тарихынан сыр шертеді

Архив ел тарихынан сыр шертеді

Архив ел тарихынан сыр шертеді
ашық дереккөзі
Қай мемлекет болса да, өзінің архив және архивтегі қор істерін маңызды салалардың бірі санайды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағ­дар­ламалық мақаласы атап көрсетілген «Архив – 2025» бағдарламасын әзір­леу бастамасы елімізге серпіліс алып келгені сөзсіз.  Елбасының 2013 жылғы 8 қаң­тар­дағы №464 Жарлығымен бекі­тіл­ген «Ақпа­рат­ты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағ­дар­ла­масына сәйкес «Құжат­тар­дың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін құруды бастады. Осы кезден бастап құ­жаттарды электронды қорға көшіру жұ­мыс­тары басталды. Ал сандық жүйеге қосыл­ған соң ең соңғы үлгідегі технологияларды қол­данғанда кітапты сөгіп әуре болмайды, 1 ми­нутта 150-180 парақты көшіріп беруге болады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­­­дарла­масы республикамызда 2017 жы­лы қабылданғаны белгілі. Аталған бағ­дар­лама халықтың цифрлық сауатты­лығын арттыруды және шалғайда­ғы елді мекендерде 2022 жылға дейін интернетке қол­жетім­ді­лікті қамтамасыз етуді көздейді. Яғни цифрлы экономиканы жоғары білімді, бі­лікті мамандарсыз қалыптас­ты­ру мүмкін емес. Осы орайда ІТ мамандар бар дегені­міз­бен, архивтің ішкі құрылымы мен оның құжаттарының мазмұны мен құра­мын толықтай мең­герген цифрландыру про­це­сін игере алатын ІТ мамандар жеткілік­сіз. Қазақстанда жалғыз архив ісі мамандарын даярлайтын оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Мұн­дағы білім алушылар саны өте аз. Себебі бөлінетін гранттар саны шектеулі. Тіпті соңғы жылдары докторантураның ашылғанымен оған тапсырушылар да аз екені белгілі. Бұл кәсіби даярланған ма­ман­дардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сол себепті елімізде алдағы жылдарда архив ісі саласында ІТ мамандар даярлайтын мамандықтар ашу керек. Сонымен қатар архив саласына цифрландыруды жүргізуге заманауи талаптарға сай тех­ни­калық жабдықтар қажет, ол үшін мемлекеттік бірнеше жобалар дайындалу үс­тінде. Бүгінгі күні архив саласындағы мемлекеттік қызметтердің ерекшелігі сан алуан және күрделене түсуде. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің халық үшін қолжетімді болуы, оның сапалы орын­далуы, атқарылған жұмыстардың жариялылығы – үкімет тарапынан қо­йы­­лып отырған басты талаптардың бірі. Жамбыл облысы бойынша бүгінгі күні 1 облыстық, 1 қалалық, 10 аудан көле­мін­дегі мемлекеттік архивтер халық­қа қалт­қы­сыз қызмет етуде.Солардың бірі Талас ауданының мемлекеттік архиві. Аталған архив Талас және Сарысу аудандары та­ри­хының сан қырлы тұстары: саясат, экономика, мәдениет, ауылшаруа­шы­лық, халық ағарту тақырыбындағы 1925-2017 ж.ж. аралығындағы барлығы 261 қорда 58958 сақтау бірлігі құжаттар сақталып отыр. Бүгінгі таңда архив саласында мем­ле­кет­­тік сақтаудағы барлық құжаттарға сан­дық көшірме жасалып, «электронды архив» жасақталуда. 2016 жылдан бастау алған «Электрондық үкімет»-e-gov пор­та­лы арқылы және «ХҚКО» департаменті арқылы қызмет көрсетудің бүгінгі таң­да­ғы көрсеткіштері жақсы, оның ішінде жеке тұлғалар жүз пайыз электрондық үкімет ар­қылы өз сұраныстарына жауап алып отыр. Бүгінгі күннің басты талабы – тұтынушы үшін жеңіл, әрі ыңғайлы, әрі тиімді тәсілмен, заманауи технологиялардың ар­қа­сында қарым-қатынас жасау, қағаз­бас­тылықтан арылту екенін халыққа түсіндіру, жеткізу. Осы орайда архивте жо­спар­лы түрде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Архивте адалдық алаңы жобасы қолға алынып отыр. «Архив-2025» бағытын халық арасында кеңінен насихаттап, аудандағы округтерде түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді. Талас ауданы әкімдігінің ұйымдасты­руы­мен сандық қолтаңба алу, «Электрондық үкімет» e-gov порталы арқылы өтініш беру, түрлі салалардан архивтік анықтама алудың және мобильді байланыс арқылы ақпарат алудың жолдары мен тиімділігін насихат­тауға арналған жәрмеңкеге біздің мамандар үнемі атсалысып келеді. Бір ғана жылғы статистикалық мәліметтерді алып қарасақ, 2018 жылы әлеу­мет­тік сипаттағы әртүрлі, барлығы – 2559 өтініштер мен хаттарға архивтік анық­тама­лар дайындалды. Жалпы архивтен берілетін мемлекеттік қызметтің түрі «Архивтік анықтама» болғандықтан келіп түсетін сұраныстың түрі мен сипаты да әртүрлі. Көпшілігі зейнетке шығу үшін еңбек өтілі, айлық табысы, аударылған зейнетақы жарнасы, мекеме атауы туралы сұраса, енді бірі оқу орнын бітіргенін, акт жазбаларын, сату-сатып алу келісім шарттары мен жекешелендіру шарттарын, енді бірі иелігіндегі жері туралы шешім, қаулы, қарарды анықтауды сұрайды.Сондай-ақ, алыс-жақын шет ел азаматтары да хат арқылы, сенімді өкілдері арқылы сенім хатпен өтініш білдірсе, кейбірі Сыртқы Істер Министрлігі арқылы әр түрлі сұраныстар жолдайды. Мысалы Германиядан түсетін сұраныс­тар­дың талабы өзгеше, ол елдің зейнетақы қорлары әрбір азаматтың Қазақстандағы еңбек өтілі 30 жыл немесе 40 жыл болса, сол жылдардағы жұмыс күнін, ауырған күнін, еңбек демалысын, оқуға байланыс­ты, бала күтіміне байланысты демалыста болған күндерінің толық есебін сұрайды. Архив мекемелеріне мұнымен қоса Қазақстанның өзге аймақтарынан, алыс-жақын шетелдерден сұрау хаттар үнемі толассыз түсіп жатады. Әрине, осындай сұраныстардың нәтижесінде кейде жоғын іздеп тапқан, аз ғана архив мәліметтерінен төбелері көкке жететін тұрғындарды көргенде өз мамандығыңның мәртебелі екенін ұғынасың. Адамдардың көздеріне жас үйіретін мұндай жұмыстардың орындалуы рухани, кәсіби қанағаттанарлық сезімін тудырады, өйткені әрбір сұраудың артында адам тағдыры тұр.   Алмас МҰХТАРОВ, Жамбыл облысы,Талас ауданының мемлекеттік архивінің директоры