Белгілі ақынның қолжазбасы табылды

Белгілі ақынның қолжазбасы табылды

Белгілі ақынның қолжазбасы табылды
ашық дереккөзі
Белгілі ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің жаңа қолжазбасы табылды. Бұл жөнінде түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Серікбай Қосан мәлім етті. Рухани құндылық Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған игілікті істің бірі. «Орталық ғылыми кітапханасында шайырдың бір төлтума қолжазбасын кезіктіріп, түпнұсқаның электронды-сандық көшірмесін алудың сәті түсті. Т.Ізтілеуұлының бұл қолжазбасының мазмұны жағынан бұрынғы мұраларынан елеулі ерекшелігі бар. Қолжазбаның көлемі 139 парақтан, 278 беттен құралған. Қолжазба «Ізтілеуов Тұрмағамбеттің жинаған материалдары» деп аталады. Шығыста жасалып, Бұхара мәдениетінің стилінде өңделген. Кардон қағазбен тысталып, түптелген қолжазбаның биіктігі – 35, ені – 12 сантиметрді құрайды», - деді Серікбай Қосан. Серікбай Қосанның айтуынша, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің бұл қолжазбасы шамамен 20-жылдардың бедерінде хатқа түсе бастаған сияқты. Оның бір дәлелі, қолжазбаның 195-бетінде «Президум КазЦик КССР. 1927 г.» деген тақырыппен үкімет мүшелерінің тізімі берілген. «Ондағы 15 азаматтың арасында ҚазАтком төрағасы Е.Ерназаров, ҚазХалком Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов, Ауыл Шаруабанк бастығы Ұ.Құлымбетов секілді сол тұстағы белгілі тарихи тұлғалардың есімдері аталған», - деді Серікбай Қосан. Серікбай Қосан ақын-аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің отызыншы жылдарда билік тарапынан қудаланып, оның жазған кейбір дүниелері қолды болғанын айтады. Сондықтан бұл қолжазбаны тиісті орындарға кімнің өткізгені нақты емес. «Тұрмағамбет өзінің кейбір қолжазбаларын Т.Жүргенов сынды жақын інілеріне, Қалмақан, Өтебай секілді хатшыларына сеніп қалдыруы бек мүмкін. Ал солардың қайсыбірі аталған азаматтардың қолымен кітапхана қоймаларына өткен шығар. 30-жылдары Алматыда «Ағарту, мәдениет қоғамдары» ашылып, онда көптеген қаламгер қызмет атқарды. Ел-жерден тілшілер тартылып, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бай қоры жинақталды. Сөз болып отырған қолжазбаны аталған мекеме өкілдеріне Тұрмағамбеттің өзі өткізуі мүмкін-ау деген де ой келеді», - деді Серікбай Қосан.