Алаш руханиятының тамыршысы

Алаш руханиятының тамыршысы

Алаш руханиятының тамыршысы
ашық дереккөзі
Қай халықта болмасын, дауылды шақта кеудесін оққа төсеп, жанын отқа қақтап, ұлтының ой-санасын оятып, мүлгіген намысын найзағайдай ойнататын, тағдыр тосқан аласапыраннан аман алып шығатын, атанжілік азаматтар тумай қоймайды. «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың» ардақты аты – «Алашты» орнықтыру жолында тозақ отынан да тайсалмай, «бесқаруын» асынып шыққан ұлт ұстазы – А.Байтұрсыновтың ұстанымы дұшпанының тісін шықырлатып, қандастарының мерейін үстем етіп, ата-бабамыздың ерлік жолына, Алаш қолынан шыққан рухани құндылықтарға сана микрочипімен үңілдіргені ақиқат. Алаш арыстары ақталып, олардың ұшан-теңіз рухани байлығын КСРО архивтерінен тірнектеп жинап, тірілтудің амалы жандана бастады. «Алаш мұрасын» зерттеуде сол баяғы креативтік кредосынан айнымай, жан-жақты білімдарлығымен, парасаттылық, саяси күрестің тәсілдері мен қалыптасқан жағдайды қапысыз бағалаған алаштанушылар деп бірегей ғалымдар Ү.Сұбханбердина, К.Нұрпейісов, Қ.Атабаев, М.Қойгелді, Т.Жұртбай, Е.Сыдықов, Д.Қамзабекұлы, Т.Омарбек, Қ.Сақ, Ө.Әбдиманұлы, Ғ.Әнес, М.Тәж-Мұрат, А.Ісмақова, Ә.Қара, А.Махаева, Д.Аманжолова, Д.Сүлейменова, К.Ілиясовалардың есімдерін ерекше құрметпен атар едік. Бұлар еңбегі бөлек, жөні бөлек, ғұмырларын халқының тәуелсіздігін алып беруге садақа еткен әулиепиғыл күрескерлерге қатысты деректер іздеп, шексіз Кеңес империясының кітапхана, мұрағаттарын қалдырмай шарлап, Алаш ардагерлерінің рухын халқымен емірендіре қауыштырды. Сондықтан біз олардың еңбегі қандай ауыр, азапты, жауапты, қастерлі әрі азаматтық тұрлаулықты, ұлтжандылықты, қырағылық пен анық қасиеттерді тал бойына тұндырған кісілікті кісі екеніне көз жеткізу үшін солардың бірінің ғана тұлғалық тылсымына барлау жасауды жөн көрдік. Біздің таңдауымыз Алаштануға бозбалалықтың бозала таңынан бастап араласып, ақыл-ойының сергектігі, қиялының жүйріктігі, ұстаным тұрлаулылығымен ерекшеленетін филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сақ Қайрат Өмірбайұлы болуы жайдан-жай емес. Ол таланты мен білімін, жан байлығы мен ар байлығын, бүкіл көп қырлы қабілетін бір ғана үлкен мақсатқа – Алаш қайраткерлерінен қалған ешбір өлшеммен өлшеуге келмейтін рухани байлықты қылшығына қылау түсірмей халқының игілігіне жаратып, өлмес өмір сыйлаған ерлікке пара-пар табанды ізденістерімен жұртының алғысына бөленген ғалым. Табиғатындағы тәкаппарлық, тегіндегі бекзадалық, мінезіндегі өршілдік, ең қажеттіні жіті сезінерлік интуициясының қуаттылығы Қайраттың қайратын ерте қайрап не нәрсені де ешкімге арқа сүйемей, шиеленген түйінді өзі шешуге, алынбасты алқына жеңіп шығуға, адал күшімен өрге сүйреуге дағдыландырды. Мәселен, академик, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған Қайрат Сақтың да, өздерінің де жоғары оқу орнының соңғы курстарында оқып жүрген шақтарында Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеуде «Ақиқат» атты бейформалды қоғам құрып, архивте күні-түні тынбай еңбектеніп, жұдырықтай жүректері ұлт мүддесі деп соғып, біраз жұмыс атқарғандарын сүйсіне айтады. Еңбек жолы шетелдердегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Отан» қоғамының «Біздің Отан» газетінде тілші қызметінен басталды. Араб жазуын жетік білетіндіктен белгілі библиограф-ғалым Ү.Сұбханбердинамен бірге «Дала уалаятының газеті» энциклопедиялық жинағының IV-V томдарын құрастыруға атсалысты. 1993-1996 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аспирантурасында білімін жетілдіріп, бір мезгілде кезінде саяси қуғын-сүргін салдарынан жабылып қалған «Қазақ» газетін қайта тірілтіп, 266-нөмірі болып жалғасын тапқан апталық бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Әсіресе оны Алаш қозғалысының көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың кемеңгерлігі, мәрттік болмыстары, ұлттық мәміле, ұлттық консенсус төңірегіндегі ойларының, шешімдерінің трансформациясы «асыл білімді іздесең, соларды оқы, ерінбе» деген берік байлам жасауға табан тіретті. Соның ықпалы болар, университетті бітірер шақта диплом жұмысына үлкен ғалым, ұстазы Тауман Амандосовтың қолдауымен «Міржақып Дулатовтың журналистік және публицистік қызметі» деген тақырыпты таңдап, бүгінгі болмыспен Міржақып ғұмыр кешкен найзағайы ойнаған дауылды шақты салыстыра саралай отырып, ғұламаның публицистикасына саяси, әлеуметтік, философиялық қорытынды жасауға талпыныс жасайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 1990 жылы үздік дипломмен аяқтаған соң ол еңбек жолын «Шалқар» газетінде тілші қызметімен жалғастырады. 1993-1996 жылдары өзі жоғары білім алған оқу орнының аспирантурасында оқып, атақты ғалым, көрнекті қаламгер әрі қоғам қайраткері Темірбек Қожекеев пен Қазақстан Журналистика академиясының Президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаевтың ғылыми жетекшілігімен 1998 жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық-саяси мәселелердің жазылуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. «Тарих армен суарылып, адалдықпен ғана жазылатын нәзік ғылым» (Әлімғазы Дәулетхан) екенін Қайрат Сақ «Қазақ» газетінің тарихын «жілігін шағып, майын жегізумен» дәлелдей алды. Қайрат Өмірбайұлы 1996 жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқытушылық қызметке тартылды. Қазақ білімінің қара шаңырағында оқытушылықпен қоса «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы (1998-1999), «Қазақ университеті» баспасының директоры (1999-2000), «Баспа ісі және редакциялау» кафедрасының меңгерушісі (2000-2008) қызметтерін жемісті атқарды. 2008 жылы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының шақыруымен «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 2010 жылы жаңадан ашылған «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының тұңғыш меңгерушісі қызметін атқара жүріп, журналистика және саясаттану факультетінің ашылуына ұйытқы болды. Ұстанымына берік, жаңалық туын жоғары ұстаған, саннан сапаға жаны құмар, кәсіби шеберлікті бірініші орынға қоюда принципінен шегінуге жоқ Қайрат ректордың алдына заманға лайық журналист кадрларын әзірлейтін «Журналистика және саясаттану» факультетін ашу жайлы ұсыныс жасайды. Факультеттің құрылымдық жүйесі, мазмұны, паспорты, кафедралардың атқаратын қызметі жайлы құжаттары жоғары сапада әзірленгендіктен, мемлекеттік мәні айырықша өті­ніш қолдау табады. Көзі қарақты мамандардың жазғанына қарағанда, мұндай факультет бізде және Польша мемлекетіндегі Варшава университетінде ғана тіркеліпті. Ректор соны факультетті аяғынан тік тұрғызып, өзі ұсынған жаңалықты қапысыз жүзеге асыру мақсатын көздейтін филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақты бір жылдан кейін, яғни, 2011 жылы факультет деканы етіп тағайындайды. Араға біраз жылдар салып барып, Қайрат Сақ басқаратын факультет жаңадан ашылғанына қарамастан тәуелсіз рейтинг агенттігінің сараптауы бойынша республикамызда бірінші орынға жайғасуы – сол ақиқатты айғақтайтын жәйіт. Осы факультетті аяғынан тұрғызу барысында күрмеуі қиын шаруалардың тігісін жатқызу төңірегіндегі бар қиындықтардың жуан ортасында жүрген саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Нәубат Қалиев жиында: «Сіз Қайрат Сақ деген аты-жөніңізге толық лайықтысыз, Қайрат десе қайратты, Сақ десе сақ екеніңіз ақиқат. Яғни көлгірсу, қызба мінез, өтірік айту табиғатыңызға жат нәрсе», – деуін Қайрат Өмірбайұлымен бір қазанда қайнап жүрген әріптесінің оның жұлдызы жануын жақыннан бақылап берген әділетті бағасы санаған ләзім. Осы мерейтойға қатысып, Қайрат Сақты университет атынан құттықтап, сөз сөйлеген университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов: «...Қайрекеңнің мерейтойы – ғалымдардың, зиялылардың, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің тойы. Олай дейтінім, осы университеттің отымен кіріп, күлімен шығып, жыртысын жыртып жүрген белгілі де, білікті азамат Қайрат Өмірбайұлы осындай үлкен абыройға өзінің таза еңбегімен, маңдай терімен, қолындағы қаламының күшімен келді. Белгілі журналист, қарымды қаламгер болды. Қайрекең аз ғана уақыттың ішінде Журналистика факультетінің қалыптасып, дамып, іргесінің мығым болуына күш салды. Факультет шағын ғана уақытта бедел жинап, атақ-абыройы алыстарға жетті, шәкірттері шартарапта қызмет етіп жүр», – деп кемел басшы қарауындағы қызметкерінің өрелі іс, келісті қызметін, көтерілген биігі, азаматтық келбетін аз сөзбен аптап берген. Қайрат Сақ – жан-жақты қабілет иесі: ұстаз, ғалым, журналист, аудармашы, қазақ тілінің жоқшысы, қоғам қайраткері. Бұлар творчестволық кемелділік пен кісілік ірілікті, зиялылықты, еркіндікті қажетсінетіні аян. Д.С. Мехачев: «Зиялы адам үшін еркіндік – адами категория, оның жан-дүниесі ар-ұяттан құралған, ең бастысы, оның болмысына таным бостандығы, түйсік тәуелсіздігі тән», – деп дұрыс пайымдапты. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы». Қайрат Сақ – кешегі М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев тәрізді корифейлердің алдын көрген З.Қабдолов, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, Ә.Ыдырысов, Ш.Елеукенов, С.Қозыбаев, Н.Омашев, А.Мархабаев, Ү.Уайдин мектебінен өткен зейінді шәкірті. Ол мектептің гуманистік ұстанымы: «Маман тәрбиелеуден бұрын – Адам тәрбиелеу». Журналистика және саясаттану факультетін республика жастарымен бірге шетелдік жастар да таңдап келіп, оқып жатқанына ерекше маңыз берген Қайрат Сақ білім берудің сапасын бұрынғыдан да жетілдіре түсуді көздеп, журналистиканың функциясын, жауапкершілігін, жанрларын, тілі мен стилін, олардың ерекшеліктерін терең білетін журналист-ғалымдарды сабақ беруге тартуда. Асылы, Қайрат Сақ факультетке декан болғалы мерзімдік тәжірибе алмасу мақсатында шетелге жіберу үрдісі ұжымда берік қалыптасты деуге негіз бар. Қазір радио журналистика, теле журналистиканың аса қажетті студиялық сабақтарын студенттер заманауи техникамен жарақталған, елі­мізде ғана емес, ТМД-да теңдессіз саналатын Елор­дадағы Қазмедиа орталығында өту мүм­кін­дігіне ие болып, шәкірттерінің кәсіби тәжірибе жинақтауларына барынша жағдай жасалған. Телехабарлар жасалуының жобасын талқылауды, режиссерлік пультті басқаруды, бейнекамералармен қалай түсірудің тәсілін меңгеріп, монтаж жасауды үйрену білімгерлерге аз олжа емес. Осыншама қиюы қиыса бермейтін, кілті аспандағы шаруалардың оң шешімін табуының басы-қасында жүрген топтастырушы діңгек – кеңесіп пішкен тон келте болмайтынына жұртты ұйыта білетін сұңғыла декан Қайрат Сақ мырза. 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министр­лі­гінің «Қазақстан жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын иеленді. Білімді де білікті маман даярлаудағы ерен еңбегі жоғары бағаланып, оған 2013 жылы Ресейдің Халықаралық Еуразия теле-радио академиясы Президумының шешімімен академик атағы берілді. 2014 жылы Қазақстан журналистер академиясына қабылданды. Ал 2018 жылы Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі атанды. Отандық және шетел ғалымдары жоғары бағалаған «Қазақ» газеті жарияланымдарының академиялық жинағын құрастыруға қатысты. Жинақ «Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы» баспасынан 1998 жылы жарық көрді. Дәл осы жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын сәтті қорғады. 2002 жылы ҚР Ғылым және білім министрлігі ЖАҚ төралқасының шешімімен «Әдебиеттану» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алды. 2007-2017 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің конкурстық негізде қаржыландырылған бірнеше ғылыми жобаға жетекшілік етті. «Ұлттық сана ұйытқысы» (2001), «Қазақ журналистикасы» (2008), «Алаш мұрасы» (20014) оқу құралдарының, «Алаш көсемсөзі» (2014) көп томдығының, 150-ден аса ғылыми мақаланың авторы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлері» бағдарламасы аясында Қытай Халық Республикасының көрнекті жазушысы Ба-Цзиннің «Ызғарлы түн» романын қазақ тіліне аударды. «Аударма» баспасынан екі рет басылып шыққан кітапты жоғары оқу орындары студенттері хрестоматиялық оқулық ретінде пайдалануда. Қайрат Өмірбайұлы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (2015) және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен (2019), ҚР Тұңғыш Президентінің жарлығымен «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен (2018), Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығымен (2002), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет қайраткері төсбелгісімен (2010), «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің шешімі негізінде «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен (2013), ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің шешімімен «Қазақ телевизиясына - 60 жыл» мерекелік төс белгісімен (2018), ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен «ҚР құқық қорғау әскеріне - 25 жыл» төс белгісімен (2018), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен (2014), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 80 жылдық (2014) және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 20 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Ол – студент шағында, әйгілі Желтоқсан қырғын-сүргінінің жуан ортасында жүріп, кеңестік геноцидтің адам баласын қинаудан ләззат алатын садистері хайуандыққа шімірікпей барғанына қарсы әрекет еткен қанды көйлек достарының аман қалғандарын тергеу барысында сыр ашпай, қорғап қалған болат сүйек группа старостасы. Бұл жөнінде курстасының «Сөзі мен ісінің арасында иненің жасуындай жалғандық болмайды» деп бағалауы бізді шын қуантты (Жұмабай Құлиев). Әділіне жүгінсек, ондай азаматтардың қатары қалыңдығы елдің ырысы ғой. Зиялысы мол, бірлігі мықты елдің әрқашан да тұғыры биік, алар қамалы көп.  

Тұрсын СЫДЫҚОВ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі.