«Өңірге ет комбинаты керек»,– дейді облыс әкімі шаруа қожалығындағы жүздесуінде

«Өңірге ет комбинаты керек»,– дейді облыс әкімі шаруа қожалығындағы жүздесуінде

«Өңірге ет комбинаты керек»,–  дейді облыс әкімі шаруа қожалығындағы жүздесуінде
ашық дереккөзі
Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа үндеуінде тұрақты түрде айтылып келе жатқан мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту. Осы ретте «Агроөнеркәсіптік кешенді 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағытында «Ауылдағы жұмыс орны» жаңа жобасы өмірге келгені белгілі. Онда үкіметке жергілікті әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдауды қатаң тапсырған болатын. Әсіресе, «Кооперациялар туралы» заңның қабылданып, бекітілуі біраз өңірлердегі шағын және орта кәсіппен айналушылар қатарын арттырды. Еліміздің ауылшаруашылығы өнімдерін өсіріп, сатумен қатар мал шаруашылығының өнімдерін де қатаң назарда ұстауы заңдылық. Өйткені, Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту аграрлық саланың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы ретте Қарағанды облысындағы атқарылып жатқан тірліктерге тоқтала кетуді жөн санадық. Облыстың агроөнеркәсіп кешені саласы өндіріс­тің өсуімен, ауылдарда қаржы қызметінің дамуымен, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің өсуімен сипатталады. Ол үшін жыл сайынғы өсім малының ішкі және сыртқы сатылымдарын ретке келтіру жақсы нәтижеге қол жеткізетіні белгілі. Сондықтан да биыл Өзбекстанға мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын күшейту мақсатында «Жәке» шаруа қожалығы 28 мың бұқа жеткізу туралы келісім-шарт жасаған. Бірақ тапсырыс берушілердің сұранысы бойынша әрбір бұқаның салмағы 400 келіден кем болмауы керек. Аймақ әкімі Ерлан Қошанов «Жәке» шаруа қожалығының бордақылау алаңында болып, кәсіпорынның бүгінгі тындырған тірліктері мен алдағы жоспарларына қанық болды. Жиырма гектар аймақта мал қоралары мен басқа да өндірістік үй-жайлары орналасқан ірі қара малын бордақылауға арналған бұл алаң Бұқар Жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық округінде орналасқан. Жаңа технология заманына сәйкестен­дірілген бұл жерде мал жемдерін тарату механикаландырылған, суарғыштары да автоматты жүйе бойынша әрекет етеді. – Екі жыл ішінде өндіріс көлемін 5500 басқа дейін өсірдік. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 10 мың басқа дейін көбейтіп, жылына 40 мың бас бордақыланған бұқаларды сатуға шығарамыз деген мақсат бар,– дейді кәсіпорын өкілі А.Сыздықов. Кәсіпорынның мал шаруашылығы өнімдерін елдің ішкі нарығымен қатар шетелге де сатуға мүмкіндігі бар. Экспорттық жеткізілімдер екі бағытта жүреді. Шаруа қожалығының өнімдері Өзбекстан мен Иранға шығарылады. Ал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Ресейден 5000, Польшадан 2000 бас ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Сатып алынатын ірі қаралардың генетикасын жақсарту жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Осы ретте «Жәке» шаруа қожалығы мал шаруашылығының өнімдерін арттыру мақсатында жергілікті фермерлермен де тығыз байланыс орнатқан. – Өңірге ет өңдеу комбинаты өте қажет. Бүгінде «Қарапайым заттардың экономикасы» атты жаңа бағдарлама пайда болып, мемлекеттік қолдау жолдары қарастырылуда. Сондықтан да қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек, – деді облыс әкімі. Өткен жылы Елордамызда ұйымдастырылған Қарағанды облысы ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде 98 тонна – ет, 12 тонна – сүт өнімдері, балық – 5, картоп – 350, 75 тонна көкөніспен қатар 360 мың дана жұмыртқа сатылып, сонымен қатар ауылшаруашылығы өнімдерінің бұл іс-шарасында бауырсақ пен қымыз фестивалі де ұйымдастырылғаны осындай кәсіпорындар еңбегінің жемісі екені даусыз.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ