«Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан

«Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан

«Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан
ашық дереккөзі
Түркістан – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі Күллі  түркі әлемі көз тіккен киелі шаһар жылдан жылға түрленіп келеді. Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай, қолға алынған рухани, мәдени шаралардың бәрі елдігімізді көрсетіп, бір серпілтіп тастады. Ұлы дала елі – Қазақстан өркениеті өрге, тірлігі төрге озған әлем елдері арасында айрықша құрмет пен жоғары беделге ие. Бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін бұқаралық сананы ояту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады. Осы құнды құжаттың заңды жалғасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарих көшіндегі қасиетті борышымыз бен азаматтық міндетімізді айқындап берді. Қазақ елінің ғана емес, бауырлас мемлекеттердің де қызығушылығын тудырып, қызу қолдауға ие болған бастамада түгел түркі жұртының рухани орталығы, төрт қақпалы Түркістанның дамуы мен халықаралық сахнада танылуына ерекше мән берілді. Мәңгілік елдің мақтанышы, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бастауы болған атажұрттағы көне шаһарды түркі әлемінің алтын бесігіне айналдыру үшін тың бастамалар көтерілді. Елбасы айтқандай, біздің Қазақстанымыз – Ұлы дала елі, Мәңгілік ел. Біз осынау аса қасиетті атауды енді ұлттық бейне-бедеріміз ретінде көкірегіміздегі күндей ыстық, санамыздағы серттей берік ұстауға тиіспіз. Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы Ұлы даланың тарихын жаңаша жазып, жас ұрпақтың санасына сіңіру, берекелі қоғам құру, патриотизмді қалыптастыру идеяларын ілгерілетуге бағытталған. Біз осы арқылы түркі тарихынан тамыр тартқан бай мұрамызды түгендеу және ортақ құндылықтарымызды насихаттау арқылы жер жүзіндегі 300 миллионнан астам түркі халқының туыстық және рухани байланысын да жақындастыра аламыз. Бабаларымыздың әлем­дік өркениетке қосқан үлесін айшықтай отырып, Ұлы даланы өзгелермен терезесін теңестіріп, иығын тірестірген кемел елге айналдыру мақсатымызға жол ашамыз. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың ұла­ғаттары» кітабында «Қазақ даласы – Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағы. Алтай мен Атыраудың, Жайық пен Іленің, Алатау мен Сарыарқаның арасын Жібек жолы жалғаған кешегі заманды біз қайта түлетіп жатырмыз. Еуразияның алып даласы Еуропаның төріне, аспан асты еліне жолын жалғап, жаңа мыңжылдықтың керуенді көшін ұзартып, көркін асырып келеді. Кешегі Жібек жолы енді дәуірдің даңғылына айналып, Қазақ елін дамудың жаңа сапарына бастап барады» деген сөзі бағ­дар­ламалық мақалада жалғасын тау­ып, тың ойлармен толықтырылған. Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласының орны халқымыз үшін әу бастан бөлек. Екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған шежірелі шаһарда тағдырлы шешімдер қабылданды, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өтті. Әр қазақтың жүрегінің төрінде қасиетті Түркістан қаласына деген мақтаныш сезімі тұрады. Ұлы ойшыл-ағартушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістанда жаққан шамы өшкен жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын Ясауи іліміне деген қызығушылық артып отыр. «Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына бағалы әрі қымбат. Енді біз Түркістанды облыс орталығы ғана емес, түбі бір түркі елдерінің мәдени және рухани орталығына айналдыратын боламыз! Бұл шешімнің тарихи себептері мен жауапкершілігінің маңызды екендігін әрбір азамат жан-жүрегімен түсінуі қажет», – дейді Елбасы. Президент өз мақаласында осы топырақта дүниеге келген «Ұлы даланың ұлы есімдері» Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әбу Насыр әл-Фараби ғұламаға арнайы тоқталып, мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы ретінде таныту мақсатында тапсырмалар берді. Белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбек «Халықты ояту үшін тарихты ояту керек» дейді бір сөзінде. Өкінішке қарай, біз Отырарда туып, жетпіске жуық тіл меңгерген, өздігінен оқып, көп ізденген жалғыз ғана әл-Фарабиді білеміз. Ал кейбір зерттеушілердің келтіріп жүрген мәліметінше, Әбу Насырдан бөлек, Отырардан отыздан астам әл-Фараби шыққан көрінеді. Кәсіби шығыстанушы, тарихшы-ғалым Әбсаттар Дербісәлінің ізденістеріне сүйенсек, Сайрамнан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауи бар. Бұған қоса, профессор, әл-Фарабидің педагогикалық мұрасын түбегейлі зерттеуші Ауданбек Көбесов 961 жылы дүниеден өткен әдебиетші-ұстаз Ыс­қақ Фараби мен XI-XII ғасырларда өмір сүрген Ахмет Фарабиді анықтағаны белгілі. Осылардың ішінде бізге кең танылғаны – ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы, осы киелі мекенде дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби. Ол – философиялық еңбектері мен трактаттары арқылы әлемде Аристотельден кейін екінші ұстаз атанып, түр­кілік ойлау мен дүниетанымды Еуропаға танытқан тұлға. Тарихшылар Әбу Насырдың соңына «әт-Түрки» деген сөз жалғап, оның түркі текті екенін үнемі мақтан етеді. Түркістан төрінде жатқан ғаламдық ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауиді ислам дінін ұстанатын бүкіл түркі әлемі құрметтеп, ұстаз тұтады. 90 мыңдай шәкірт-мүриттері ілімін Орта Азия, Таяу Шығыс елдеріне таратқан. Оның жырларындағы Құранның қағидалары, шариғаттың шарттары, Пайғамбардың хадистері XIII-XV ғасырлар арасында Хорезм, Мәуренаһр, Анадолыға дейін жеткен. Түрік жұртында «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген қанатты сөз бар. Ол хикметтерін қазіргі таңда «Түркістан тілі» деп атала бастаған көне түркі әдеби тілі – шағатай тілінде сөйлетті. «Диуани хикмет» атты туындысын келешек ұрпаққа елеулі мұра ретінде қалдырды. Ұлы ағартушының Қажы Бекташ Уәли, Юнус Эмре, Мәулана Жалаладдин Руми сияқты ізбасарлары да сопылық поэзияның жарқын тұлғаларына айналды. Алайда, қоғамға ізгілік нұрын шашқан бабамыздың тарихи болмысын өз деңгейінде толық танып, насихаттап болдық дей алмаймыз. Ясауидің ұлылығы жер-жерді мекен еткен және сол елдердің рухани темірқазығына айналған шәкірттерімен де өлшенеді. Сондықтан Ясауи бабамызды кең көлемде әлемге таныту үшін ізбасарлары арқылы насихаттауды да қолға алуымыз керек. Ясауи мұрасын әлемге паш етіп отырған бір ғана Түркия елінде отызға жуық Қ.А.Ясауи атындағы көше мен даңғыл, алпыстан астам білім ошағы, онға жуық мәдени-зерттеу орталығы бар. Танымдық газет-журналдар жарық көреді. 2016 жылы ЮНЕСКО бойынша жарияланған «Ясауи жылы» аясында Қожа Ахмет Ясауидің қайтыс болғанына 850 жыл толуына орай түрлі шаралар атқарылды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңесі «Диуани хикмет» еңбегін шағатай тіліндегі түпнұсқасынан жарыққа шығарып, балаларға базарлық ретінде Қожа Ахмет Ясауиге арналған әңгімелер жинағын тарту етті. АҚШ, Италия, Нидерланды, Ұлыбритания сынды батыс елдерімен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстанда басқа да білікті ясауитанушылар еңбек етеді. Бұған қоса, Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі. Білім бәсекелерін өткізу де жоспарланды. Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа Түркістанда Ясауи мұражайы салынып, ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі де келешекте дамыған туризм орталығына айналуы тиіс. Кесенеде 21 хан, 8 сұлтан, 19 би, 56 батыр және өзге де тұлғалар мәңгі қоныс тапқан. Олар – Қазақ мемлекетінің іргетасын қалауға ХVІ ғасырдан атсалысқан ұлтымыздың көрнекті қайраткерлері. Ал, оларды ұрпақтарының қазақ сахарасының батысы, шығысы, орталығы, оңтүстігінен арнайы әкеліп Түркістанға жерлеуі де осы топырақтың киелілігін көрсетсе керек. Түркістан облысын әлемдік деңгейде таныту мақсатында Түркі Академиясымен бірге ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнаулы іс-шара ұйымдастырып, туризм саласы бойынша әлеуеті бар елдерде Түркістан күндерін өткізу де ойластырылған. Сондай-ақ, Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа көршілес елдерде Түркістан қаласы мен облыстағы туристік орындар таныстырылады. Облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйегінде «Көне Түркістан – жаңа мүмкін­дік­тер» атты халықаралық туристік және инвестициялық форум өткізіліп, әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің инвесторларымен 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәдени демалыс орындары халық игілігіне ұсынылатын болады. Тарихи жәдігерлер қалпына кел­тіріліп, жаңадан құрылысы басталатын Түркістан облысының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, «Қазақстан-Назарбаев» орталықтары да Елбасының «Ұлы даланың жеті қы­ры» мақаласын аша түспек.  Отырардан бастау алған мәдениет  Елбасы өз мақаласында ІХ-Х ғасырларда сәулетті сарайлары, ірі медреселері, мұнаралы мешіттерімен аты мәшһүр болған көне Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру мәселесін де қозғады. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіріп, осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажеттігін еске салды. Қазіргі сәтте Отырар қалашығын абат­тандыру жобасы қолға алынып, жергілікті бюджет есебінен 28,8 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Отырар қалашығының Визит-орталығының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, «Туристік Қазақстан – 2019-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ұлы Отырар алқабы – әлемдік өркениет тарихында өзіндік орны бар, халқымыздың тарихи-мәдени мұраларына бай, адамзатқа «Отырар өркениеті» деген атпен танылған киелі өлке. Ол «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама-ғалым, энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидің кіші Отаны ретінде де әйгілі. Отырар I ғасырдан XVIII ғасырға дейін өмір сүрді. VI-VIII ғасырларда Отырар-Фараб Сырдарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы болса, IX-XII ғасырларда аймақтың бас қаласы атанған. XIII-XV ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталықтарының біріне айналған. Шайбанилермен Түркістанды иелену үшін болған үздіксіз қақтығыстар кезінде де яғни XV ғасырдың аяғында Отырар осы уәлаятта өзінің әкімшілік статусын жоғалтқан жоқ. Себебі, Отырар Түркістан өңірі қалаларының ішінде өзінің шаруашылық әрі саяси орнын сақтап, Қазақ хандығының қалыптасу, өркендеу барысында тарихи рөл атқарды. XVI ғасырдың соңында Отырар толықтай Қазақ хандығының құрамына өтті. Отырар XVIII ғасырдың орта шенінде қаңырап бос қалып, сол ғасырдың екінші жартысында әбден қирап, «Отырартөбе» болып, топырақ үйіндісіне айналған. Қазіргі уақытта ұлттық тарихымызды қайта қарауға, оның сабақтары мен үлгілерін ұлтымыз бен тәуелсіз республикамызды бүкіл әлемге таныту үшін және келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беру үшін пайдалануға мемлекеттік көлемде назар аударылып отыр. «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» демекші, ұлттық мәдениетімізді танып, зерттеп-зерделеуде, көне мұраларымызды сақтап қорғауда, болашақ ұрпаққа аманаттауда, Қазақстанның мәдени өмірінің дамуында музейлердің атқарар рөлі ерекше. Музей біздің ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді әлемге танытуда да маңызды қызмет атқарады. Өйткені, біздің тарихымыз – мақтан етуге лайықты, ерлік пен елдіктің тарихы. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі – адамзат тарихының ажырамас бір бөлігі. «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» деп киелі жерімізге ерекше баға берген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 2005 жылы Отырарға арнайы ат басын бұрып, киелі мекенді халықаралық туризм орталығына айналдырудың маңыздылығын атап көрсеткен еді. Ол «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Ал жаңғырудың жалғасы ретінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет» деп атап көрсетті. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі міндеттерінің негізгісі – археологиялық қазба жұмыстарымен айналысу. 2000 жылдан бастап Қазақстан археологтары әртүрлі ірі-ірі халықаралық жобаларға қатысып келеді. Олардың бірі – «Отырар қаласы мен Отырар алқабы ескерткіштерін қорғау мен сақтау» (2001-2004 жж.) жобасы. Жобаны орындау үшін Англия, Германия, Жапония, Италия мемлекеттерінен және өз елімізден тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы халықаралық мамандар тартылды. Бұл жоба кейіннен К.Байпақов жетекшілік еткен «Ежелгі Отырарды жаңғырту» бағдарламасына ұласты. Осындай жобаларды іске асырудың бірінші кезегінде Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Отырар алқабына көпжылдық зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. 40 жылдың ішінде Отырар, Құйрықтөбе, Оқсыз, Көкмардан, Алтынтөбе, Пұшықмардан және т.б. қалалардың орны зерттелді. ЮНЕСКО жобасы аясында жүргізілген зерттеу, сақтау және қайта жаңғырту іс-шаралары Отырар алқабы ескерткіштерін Ұлы Жібек жолы бойындағы ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға мүмкіндік берді. Мұның бәрі Түркістан облысын, соның ішінде Отырар мен Түркістан қаласын әлемге танытуға ықпалын тигізетіні сөзсіз.  

Динара Мыңжасарқызы