26 Маусым, 18:15 464 0 Білгенге маржан "Түркістан" газетінің авторлары

Уақыттың көшімен – Қайырғали Байғалиев

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствасының тізгінін түрлі салада талант-дарынымен танылған, ерекше қабілттерімен айқындалған жаңдардың ұстағанын бірі білсе, бірі біле қоймас. Солардың бірі Қазақстанның алғашқы мәдениет министрі болған Қайырғали Байғалиев.

Естеліктерде қашан да білгірлігімен көзге түскен, жан жақты қабілетті деп жазылған Қайырғали Байғалиев 1916 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Тіксай ауылында дүниеге келген Қ.Байғалиев ата-анасынан ерте айырылып, жетім өседі. Дегенмен, талаптанған жас талант білім іздеп, Орал педагогикалық институтын бітіреді. Оқи жүріп, 1936 жылы Қазақстан жазушыларының І съезіне қатысады. Осы жерде болашақ мәдениет және сыртқы істер министрінің өнер мен жазуға құштарлығын байқауға болады. Өйткені, араға жылдар салып, Мәскеуде білім алып жүрген қазақтың қарымды драматургы Қалтай Мұхамеджановтың іздеп тауып, елге келуіне ықпал жасайды. Бұл туралы Қалтай Мұхамеджанұлы былай деп ой толғайды:

«Өзi бiр байқағаным, кiсi жоқ-жұқаналау, «қалтасы семiңкiреп» жүрген шақтарында еңбекқор бола ма деймiн. Алматыдан алыста жүрсем де, елде болып жатқан театр процестерiн қалт жiбермеуге тырысып бағатынмын. Ащылығы шымбайға батарлықтай, бiрде-екiлi проблемалық мақалаларым жарық көрiп жататын. Елуiншi жылдардың үстiнде оқырман қолына тиген Н.И.Львовтың «Қазақтың академиялық драма театры» деген кiтабына жата жармасып, өткiр сын айтқан мақалам республикалық мерзiмдi баспасөзге шығысымен есiмiмдi iлтипатпен айта бастаған ағаларым табыла бастады. Солардың бiрi — сол тұстағы Қазақстанның мәдениет министрi Қайырғали Байғалиев едi. Ол Мәскеуге келген бiр сапарында ерiнбей-жалықпай менi iздестiрiп, жатақханадан тауып алып, елге қайтуға үгiттедi, қызметке орналасуыма көмек беретiнiн бiлдiрдi. «Аға айтса, iнi тыңдайтын» жақсы салтымыз бар, соның да салдары болар, Алматыға оралдым. Сөйтiп, мәдениет министрлiгiнiң орталық аппаратында жап-жас Қалтай бас редакторлық қызметiне кiрiсiп-ақ кеткен едi».

1944-1946 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебінде білім алған Қ.Байғалиев 1946-1950 жылдары Көкшетау облысы партия комитетін басқарады. Ал 1950 жылдан бастап Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мәдени-ағарту мекемелері жөніндегі комитет төрағасы,1951 жылы Қазақ Коммунистік партиясы Орталық комитетінің көркем әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі атанады.

Заманның алға жылжуымен 1952 жылы жаңа құрылған республиканың Мәдениет министірлігінің басшысы лауазымына

тағайындлады. Негізі сол тұстан бастап 1954 жылға дейін Қазақ КСР сыртқы істер министрі қызметін қоса атқарған.

Қ.Байғалиевтің жақын досы, ақын Х.Ерғалиев өз естеліктерінде былай деп жазады: «1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына қатысқалы Атыраудан Алматыға келдім. Сол жиынға келген оралдық досым Қайырғали Байғалиев екеуміз астанадағы бір кешті филармония қорасындағы тоқал тамда тұратын атақты күйші Уахап Қабиғожиннiң үйінде өткіздік».

Қ.Байғалиев бірнеше рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет тағайындалған, Қазақстанның Коммунстік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланған. Кеңес билігі Қ.Байғалиевтің еңбегін жоғары бағалап,»Құрмет белгісі» ордені және медальдармен марапаттаған.

Қайырғали Байғалиев өмірінің соңғы жылдары мәдениет саласынан алшақтап кетпей, «Қазақфильм» киностудиясына басшылық жасады. 1962 жылы Алматыда өмірден озды.

Ерекше дарындылығымен, жоғары біліктілігімен сыртқы саясатта да, мәдениет саласында да есте қалған Қайырғали Байғалиевке 1997 жылы Алматыда өзі тұрған үйінің (Достық даңғылы мен Қабанбай батыр к-нің қиылысы) қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылды.

Қайырғали Байғалиев қазақ дипломатиясында бірегей бедер қалдырған білікті әрі бекзат болмысты дипломат. Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиев досы туралы ой толғағанда оның ақындық өнерді өзінен кем меңгермегенін мойындап, онға жуық музыкалық аспапта ойнағандығын да жазады. Мұрағат деректеріндегі материалдарға сүйенсек, Қайырғали Байғалиұлы Орал өңірінде жауапты қызметтер атқарғанда, музыкалық оркестр құрып, дирижерлік те еткен екен. Бұл – өмірін өзгеге арнаған тұлға болмысының бір парасы ғана. Қайырғали Байғалиев ой-өрісі кең және ерекше қабілеттерге ие, қайырымды тұлға болған еді. Осы қасиеттеріне орай ол дос-жарандардың арасында үлкен құрметіне және сүйіспеншілікке ие болды деп жазады замандастары.

Олжас БЕРКІНБАЕВ, журналист,

"Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар