Лондон мэрін неге айыптады?

Лондон мэрін неге айыптады?

Лондон мэрін неге айыптады?
ашық дереккөзі
Ұлыбритания астанасы – Лондонда соңғы жылдары қылмыстық оқиғалар өршіп барады. Осындай бір-біріне қатысы жоқ қылмыстық шабуылдау салдарынан өткен демалыста Лондонда 18 бен 30 жас арасындағы үш ер адам қаза тауып, тағы үшеуі жараланды. Қазір құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізуде. Ресми деректерге сүйенсек, ағылшындардың бас қаласында жыл басынан бері 56 адам кісі қолынан мерт болған. Ал өткен жылдың дәл осы мерзімінде Лондонда 82 адам қылмыскерлердің құрбанына айналды. Бұл – соңғы онжылдықтағы ең үлкен көрсеткіш. Дәл осындай жаңалықтар әлемдік ақпарат құралдарында жарияланысымен АҚШ президенті Дональд Трамп Лондон мэрі Садик Ханды айыптауға асықты. Трамп «Твиттердегі» парақшасында «Лондонға жаңа мэр қажет. Хан – бұл апат, бәрі бұдан да нашар болады» («LONDON needs a new mayor ASAP. Khan is a disaster - will only get worse!») деп жазды. Ал Лондон мэрінің өкілдері Ханның қаза тапқандардың отбасына көңіл айтатынын мәлімдеп, «мұндай жазбаларға жауап беруге уақыт жоғалтпайтынын» жеткізді. Біраз уақыт өткеннен кейін Лондон басшысы «Біздің қалада зорлық пен қылмысқа жол жоқ. Мен үшін лондондықтардың қауіпсіздігі өте маңызды» деген жазба қалдырды. Дональд Трамп айыптап отырған шаһардағы жағдай Америкада қандай? ВВС порталының зерттеуінше, АҚШ-тың үлкен қалаларының бірі саналатын Нью-Йоркте де ахуал алаңдатарлықтай. Мысалы, жергілікті полицияның мәліметі бойынша, 2018 жылы Лондон қаласында және шаһар маңында 136 адам өлімі тіркеліпті. Ал Нью-Йорк полициясының дерегіне сүйенсек, бұл шаһардағы адам өлімі одан 2 есеге көп. Айта кетейік, аталған екі қаладағы халық саны шамалас (Лондон – 8 млн 869 мың адам, Нью-Йорк – 8 млн 623 мың адам). Соған қарамастан, Нью-Йорк Америкадағы ең қауіпті қала емес. Өйткені АҚШ-тың өзге қалаларында адам өлімі бұдан да көп тіркеледі екен. Сонда Дональд Трамп Лондон мэрін неге айыптап отыр? «Құлап жатып жығылғанға күліпті» деген осындай болатын тәрізді.