ҚАРАДАН ШЫҒЫП ХАН БОЛҒАН

ҚАРАДАН ШЫҒЫП ХАН БОЛҒАН

ҚАРАДАН ШЫҒЫП ХАН БОЛҒАН
ашық дереккөзі
Былтыр – Қазақстандағы Өзбекстан жылы, биыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп жарияланды. Бұл шешімге төскейде малы, төсекте басы қосылған туысқан екі елдің тарихы мен тағдырында ортақ тұстың көп екені себеп болған шығар. Соның бірі – Ресейде патша үкіметі құлап, түркі дүниесін тәуелсіздік рухы шарлаған ХХ ғасырдың басы. Қоқан автономиясы мен Түркістан Республикасын құрарда түркі баласы бөліне-жарылмай бірге қимылдады. Сол секілді Орта Азиядағы тұңғыш тәуелсіз мемлекет – Хорезм Халық Республикасын нығайтып, дамытуға қазақ перзенті Меңдіқожа Ибнәминов көп еңбек сіңірді. Меңдіқожа атамыздың есімін алғаш рет 1992 жылы естіген едім. Орта мектепті аяқтап, оқуға тапсыру үшін Нөкістен Алматыға ұшар алдында әкем жақын туысымыз Назым апаның үйіне алып барды. Ақсары келген, ақжарқын жүзді апамыз асты-үстімізге түсіп, ақ дастарханын жайып, ақ батасын беріп шығарып салған еді. Сол жолы әкем «бұл қарадан шығып хан болған, республика басқарған Меңдіқожа атаңның қарашаңырағы» деп айтқан-ды. Сірә, ол өз перзентін алыс жолға аттандырар алдында Тұран ойпатындағы бүкіл қазаққа ортақ үлкен шаңырақтан дәм татқызғанды жөн көрсе керек. Содан бергі кезде ширек ғасырға жуық уақыт Парламент сенатында жауапты қызмет атқарған Есенқұл аға Сафуанимен өз өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған, ардақты ұстаз Нұраддин аға Әлеуовтен Меңдіқожа атамыз туралы біраз жайтқа қаныққан едік. Сонымен қарадан шығып хан болған Меңдіқожа Ибнәминов кім еді... «Алып анадан» демекші, Меңдіқожа атамыздың анасы Астрахан татарының қызы екен. 1891-92 жылдары Еділ бойын жайпап өтіп, миллиондаған адамның өмірін жалмаған аштық 1897 жылы қайыра соққан тұста Меңдіқожаның нағашы атасы ұрпағын аман алып қалуды ойлап, көш басын Бесқалаға бұрса керек. Қоңырат базарында басқа жұртқа ұқсамайтын, қылығына көркі сай, айдай сұлу аруға кезігіп, бір көргеннен ғашық болған Ибнәмин атамыз артынан қалмай жүріп, бетін бері қаратып алған деседі. Сөйтіп, 1898 жылы жас шаңырақты шаттыққа бөлеп сәби Меңдіқожа дүниеге келеді.  width= Астрахан қаласында туып-өсіп, заманына сай білім алған анасы жас кезінен бастап-ақ өз білгенін баласына үйретеді. Тумысынан қабілетті ұл жаңаша жазу-сызу мен есепке бірден төселіп, қолға түскен мерзімді басылым мен кітаптар арқылы дүние танымын кеңейте түседі. 16-17 жасында Әмудария бойлап Мойнақтан Петроалександровск портына (қазіргі Төрткүл қаласы) кеме сүйретіп тартатын бурлактар артеліне жұмысқа кіріп, қажырлы еңбек көрігінде шыңдалады. Жер аударылған адамдармен танысып, саяси сауатын жетілдіреді. 1917 жылғы қос төңкерістен соң ел тағдыры таразыға түскен аумалы шақта өз қатарластарынан ой-өресі озық Меңдіқожа жаңа қоғам құру ісіне белсене араласады. 1919 жылы (бір деректер бойынша 1920 жылы) Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясына (БК(б)П) кіреді. Қоңырат революциялық комитетінің (ревком) төрағасы болады. ХХ ғасырдың басында Әмударияның сол жақ жағалауы, оның ішінде қазақтар көп мекендейтін Қоңырат, Хожелі өңірі Хиуа хандығына қараған. 1920 жылғы 2 ақпанда Сейд Абдуллахан Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының қолдауына сүйенген «жас хиуалықтардың» қысымымен тақтан бас тартып, сәуір айында Бүкіл Хорезм халық өкілдерінің І-құрылтайында Хорезм Халық Кеңес Республикасы құрылды. Хандық жүйе жойылып, Палуан-Нияз қажы Юсупов басқарған жаңа үкімет тәуелсіз мемлекет құруға кірісті. Бірақ Хорезмді уысынан шығарғысы келмейтін сыртқы күштердің арандатуы мен ішкі қателіктердің салдарынан «жас хиуалықтар» үкіметі 1921 жылғы 6 наурызда тұтқынға алынды. Билік тізгіні уақытша ревкомның қолына көшті. 1921 жылғы 15-23 мамырда Хиуада Бүкіл Хорезм халық өкілдерінің ІІ-құрылтайы болып, сонда М. Ибнәминов елдегі жағдайды талдап сөз сөйлейді, оны жақсарту бойынша өз бағдарламасын ұсынады. Жалынды сөзімен жұртты ұйытқан 23 жасар жігіттің жастық жігеріне, пайым-парасатына сүйсінген Құрылтай қатысушылары оны Хорезм Халық Кеңес Республикасының ең жоғары атқарушы органы – Халық Нәзірлер (Комиссарлар) Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындайды. Сол кезде Хорезм Халық Кеңес Республикасы өзінің мемлекеттік құрылысы бойынша жұмысшы-шаруаның революциялық-демократиялық республикасы болып табылды. Елдегі билік Бүкіл Хорезм Орталық Атқару Комитетінің қолында болды. Оның жұмысы төрт айда бір рет шақырылатын сессия түрінде жүргізілді. Сессия аралығындағы кезеңде республиканы Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы басқарды. Бұл орган мемлекеттік басқару салалары бойынша заңдарды бекіту мен жариялауға, Халық Нәзірлер Кеңесі мен басқа да ведомстволар ұсынған декреттер мен қаулы-қарарларды қарап, бекітуге, қажет болған жағдайда оларды тоқтата тұруға және күшін жоюға құзырлы болды. Ал Халық Нәзірлер Кеңесінің құрамына 9 нәзірият: сыртқы істер, әскери істер, денсаулық сақтауды, пошта мен телеграфты қоса алғанда, ішкі істер, әділет, ағарту, қаржы, азық-түлік бөлімін қоса алғанда, егіншілік, сауда және өнеркәсіп (еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен қоса), мемлекеттік бақылау нәзірияттары кірді. Халық Нәзірлер Кеңесінің кеңсесі Хиуа қаласындағы Нұрыллабай кешені деп аталатын жердегі Асфандияр ханның сарайында орналасты. (2018 жылдың күзінде М. Ибнәминовтің жақын туыс інісі Есенқұл Сафуани ағамыз Хиуаға арнайы барып, Нұрыллабайдағы Халық Нәзірлер Кеңесінің кеңсесін көріп қайтты. Қабылдау бөлмесінің бар жиһазы әлдеқашан Ресейге әкетілген екен, Төрағаның тынығу бөлмесіндегі төсек-орын ғана сақталыпты. Сол жолы Есенқұл аға М. Ибнәминовке қатысы бар құжаттардың көшірмесін әкеле алмай, оларды кейіннен бізге Қоңырат қаласында тұратын Яниш Тазабайұлы деген бауырымыз жолдады). Елдегі саяси биліктің негізін – ашық дауыс беру арқылы сайланатын Кеңестер, ал жергілікті билік органдарын облыстық, аудандық, қалалық және қыстақтық (қышлақтық) халық өкілдерінің кеңестері мен олардың бір жылға сайланатын ақсақалдар басқаратын үш-бес адамнан тұратын атқару комитеттері құрады. 1921 жылдың алғашқы жартысында Хорезмде экономикалық жағдай тым нашар еді. Хандық дәуірдің соңғы жағында шатқаяқтап қалған шаруашылық қоғамдық формацияны ауыстыру шараларының салдарынан одан сайын құлдырап кетті. Қазына қаңырап қалды. Бұрынғы салықтардан тек базар алымы ғана алынды. Ал ІІ-ші Құрылтайдың шешімі бойынша белгіленген азық-түлік салығы тамыз айынан бастап қана енгізілетін болды. Айналымда жүрген алуан түрлі валютадан (хорезм ақшасы, Ресейден жәрдем түрінде алынған «николай», «керенский» ақшасы, Жөнейт хан кезінде басып шығарылған ақша) құралған 717 миллионнан астам ақша республикада жиналатын кірістің 1/40-ін ғана қамтыды. Ақша массасының артын қуу ауыр салдарға апарып соқтыратынын аңғарған М. Ибнәминов ІІ-құрылтайда сөйлеген сөзінде ақша шығару мөлшерін асырып жіберу оның құнсыздануына алып келетінін, сондықтан да мемлекетке төленетін салықтарды ақшамен емес, заттай төлеген жөн болатынын, бұл ақшаның құнсыздануын болғызбауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Ол Төраға қызметіне кіріскен сәттен бастап экономиканы, жалпы халықтың жағдайын жақсарту шараларын қолға алды. Дихандарға жер беруді жалғастырды. Қаржылық жағдайдың нашар екеніне қарамастан, өзбек және түркмен халқының аса кедей бөлігін салық төлеуден босатты. Халық Нәзірлер Кеңесінің арнайы қаулысымен сауда жасау еркіндігін жариялап, алыпсатарлықпен күрес комиссиясын жойды. Саудагерлердің сырттан әкелген тауарына тең сомаға Хорезмнен монополияға жатпайтын тауарларды әкетуіне рұқсат берді. Бұл тауар айналымын біршама жандандырды.  width= Сонымен бірге соңғы 7-8 жыл бойы сыртқа еш бақылаусыз әкетіліп жатқан бағалы металдар мен асыл тастарды (әшекей бұйымдарды) ел қазынасында қалдыру үшін базар бағасымен сатып алу туралы шешім қабылдап, шетке астық әкетуге тыйым салу жөнінде шаралар қолданды. 1921 жылдың екінші жартысында бұрынғы өнеркәсіп орындарын қалпына келтіру және жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау арқасында республикада 4 тері-былғары, мақта тазалау және 8 кірпіш зауыты жұмыс істей бастады. Қағаз шығару фабрикасы, бірнеше диірмен, күріш ақтайтын цех, наубайхана, 4 электр станциясы салынды. Мемлекет меншігіне алынған тоғайлар мен көлдер қомақты кіріс көзіне айналып, оларды жалға беруден қазынаға 12 млн. рубль қаржы түсті. Меңдіқожа Ибнәминов үкіметі мемлекеттік басқару құрылымының заңнамалық негізін де нығайтты. 1921 жылғы 21 шілдедегі ХХСР Сыртқы істер халық нәзірияты туралы ережеде тиісті ведомствоның қызмет тәртібі мен мақсат-міндеттері заңдастырылса, 1921 жылғы 24 қыркүйектегі Республиканың аудандық атқару комитеттері туралы ережеде ауаткомның құзыреті, құрамы, оның төрағасының, төраға орынбасарының, хатшының, қазынашы мен мүшелердің құқықтары мен міндеттері нақты белгіленді. Бұл бүкіл елдегі жергілікті басқаруды ретке келтіріп, оның жұмысын бір жүйеге түсіруге мүмкіндік берді. Төраға қоғам өмірінің негізі – отбасы мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Халық Нәзірлер Кеңесінің 1921 жылғы 3 шілдедегі алғашқы бұйрығы неке қию және оны бұзу тәртібіне арналып, оған сәйкес жігіттер үшін – 17, қыздар үшін 16 жас неке жасы деп белгіленді. Егер неке 16 жасқа дейін қиылған болса, ерлі-зайыптылар сол жасқа толмай кездеспеуге, бірақ күйеуі әйелін киіммен және тамақпен қамтамасыз етуге тиіс болды. 16 жасқа толған соң неке екі жақтың қалауы бойынша сақталды немесе бұзылды. Қызы күйеуге шығуға разы болмаған жағдайда, ата-анасы алған қалыңмалын қайтаруға тиіс болды. 16 жасқа толмаған қызды күйеуге беруге қатаң тыйым салынды. Бұл тәртіпті бұзу 5 жылға бас бостандығынан айырумен жазаланды. Осы бұйрықта ажырасу тәртібі де нақтыланып, мұнда әйелдерге біршама құқық берілді. Бұл республикада неке-отбасы қатынастарын жаңаша реттеу тәртібін бекітіп қана қоймай, әйелдерді ер адамдармен теңестіру жолында жасалған алғашқы ірі қадам болды. М. Ибнәминов оқу-ағарту мәселесіне де баса мән беріп, Халық Нәзірлер Кеңесінің 1921 жылғы 6 қыркүйектегі отырысында жаңа оқу жылының басталуын арнайы қарады. Ағарту нәзіриятына 100 млн. рубль қаржы бөлу және кейіннен қажетті қаражатты басқа нәзірияттардан іздестіріп тауып беру жөніндегі қаулыға қол қойып, бас-аяғы бір ай ішінде жаңадан 55 мектептің ашылуына мұрындық болды. Егер оған дейін елде 35 мектеп қана болғанын ескерсек, бұл шешімнің оқу-ағартуды алға бастыруға қандай серпін бергенін аңғару қиын емес. Мектебі бар жерлерде оқу жалпыға бірдей және міндетті деп белгіленді. Жер-жерде сауатсыздықты жою курстары ашылып, ересек жастағы 410 адам оқу-жазуды үйреніп шықты. 1921 жылғы қыркүйекте Хиуада Халық университетінің ашылуы елдің мәдени өмірінде айтулы оқиға болды. Дегенмен, елдегі оқу-ағарту жағдайы әлі де болса мәз емес еді. М. Ибнәминов 1921 жылғы 6 қазанда екінші шақырылған ХКСР Орталық Атқару Комитетінің бірінші сессиясында жасаған баяндамасында мектеп ашуға негізінен мұғалімдердің, жергілікті ұлт тілінде оқулық пен оқу құралдарының, санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетін үй-жайдың жоқтығы кедергі болып отырғанын, оның үстіне курс бітірген түлектердің сауаты да шамалы болып шыққанын атап өтті. Төрағаның айтуынша, жағдайды жөндеу үшін республиканың 6 қаласында аудандық ағарту бөлімін ашу жоспарланып отыр, оның төртеуі, оның ішінде Хожелі мен Қоңыратта, қазірдің өзінде өз жұмысын бастап кетті. Ағарту нәзірияты ашқан мұғалімдер курсы мен көркемөнер курсына 25 курсант қабылданып, оқып жатыр. М. Ибнәминов алдағы уақытта бухгалтериядан хабары бар іс қағаздарын жүргізушілерді даярлау үшін хатшылар курсы, мектепке дейінгі ағарту қызметкерлері мен кітапхана меңгерушілерін даярлау үшін 6 айлық курс ашылатынын айтты. Оған қоса, 50 адамға арналған 6 айлық қысқа мерзімді жоғары мұғалімдер курсы мен 3 жылдық Педагогика институты ашылатын болады. Жергілікті тілде оқулықтар құрастыру немесе оларды басқа тілдерден аудару үшін Ағарту нәзірияты жанынан Ғылыми кеңес құрылмақ. Әрине, мұның барлығы ел ішінде тыныштық пен саяси тұрақтылық сақталса ғана іске асатын шаралар. Меңдіқожа Ибнәминов үкіметі дінге және вакуф мүлкіне қатысты мүлдем араласпау саясатын жүргізіп, дінбасылармен өзара қарым-қатынасты жолға қойды. Бұл халық арасында мемлекеттің дін саясатына байланысты белең алған түсініспеушілік түйінін тарқатты. Тарихшы Ш. Бабашевтің пікіріне сүйенсек, «ол Төраға қызметін атқара жүріп, Хорезм өңірінде әділеттік орнату, ұлттық мәселелерді бейбіт жолмен шешу мақсатында 1921 жылғы 6 қарашада Жөнейт ханмен өзара бітімгершілік келісім жасайды». Хорезм Республикасы басшысының бұл саясаты РКФСР үкіметіне оншалықты ұнай қоймады. Оның үстіне, Ибнәминов басқарған үкімет ұлттық мәселелерді Орталықтың мүддесіне орай емес, ХХСР-дың II-құрылтайында қабылданған Конституцияның негізінде шешті. 1921 жылдың соңына қарай ХХСР-ға келген РКФСР үкіметінің толық өкілетті өкілі И.М. Бык Хорезм Халық Республикасының ішкі ісіне жөнсіз араласып, мұның өзі жергілікті басшылықтың наразылығын туғызды, соның салдарынан өзара келіспеушілік өршіп кетті. И.М. Бык 1921 жылғы 10 қарашада РКФСР Сыртқы істер халық комиссариатына жазған хатында «қазіргі Хорезм республикасының үкімет басшылары Хорезмге керек емес. Билік бүтіндей Меңдіқожа Ибнәминов пен Атамақсымахұн Мұхаммедрахимовтың (ХКСР ОАК Төрағасы – ред) қолына өтіп кеткен. Ұлттық мәселемен тек бірлі-жарым зиялылар ғана айналысады» деп жазады. Сөйтіп ол тізгін бермей бара жатқан жергілікті басшыларды тезге салып алу үшін 1921 жылғы 27 қарашада биліктегі реакцияшыл күштерге сүйеніп, Хорезм Компартиясының, ХХСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Нәзірлер Кеңесінің бірлескен жиналысын өткізді. Осы жиналыста Түркістан ұлтшылдар ұйымы деп аталатын «Мұсылман ұлтшылдар бірлестігінің» жетекшілері Әнуар-паша, Минаууар-Қари және Заки Валидовтармен тығыз байланыста болды деген желеумен Меңдіқожа Ибнәминов және ХХР-дың басқа басшылары Бекчан Рахманов, Сейітқали Ағайдаров (Меңдіқожаның қарындасына үйленген), Молда Бекчан Абдалов пен басқалар «халық жауы» деп айыпталып, өз қызметінен босатылды. Олардың ісін қарауды РКФСР үкіметі өз бақылауына алды. М. Ибнәминов «Ұлттық бірлік комитеті» деп аталатын панисламистік контрреволюциялық ұлтшыл ұйымының белсенді қатысушысы деп айыпталып, БТК (ВЧК) тарапынан қамауға алынды және ісі сотқа берілді. БК(б)П қатарынан шығарылды. В.Л. Генистің жазуынша, И.М. Бык пен оның қолшоқпарлары М. Ибнәминовтен қажетті жауап алу үшін оны үнемі ұрып-соғып, басын жарған. П. Юсуповтың «Естеліктерінде» айтылғандай, ол 1922 жылғы 5 наурызда өткен Әскери трибунал кезінде өзінің жарылған басын көрсетіп «Кеңес билігі тұсында қамауға алынған адамға күш қолданып, оны азаптап, басын жаруға жол беруге бола ма?» деген. Меңдіқожа Ибнәминов 1938 жылғы 21 ақпанда ҚҚАКСР ІІХК тергеушілеріне берген жауабында: «...осы іс бойынша Әскери трибунал мені 1922 жылы ату жазасына үкім етті. Ал басқалар түрлі мерзімде қамауда болу жазасына кесілді» дейді. Бірақ тағылған айыптарды дәлелдейтін материалдардың жетіспеуі салдарынан 1923 жылы күзде ХХСР Халық Соты тарапынан ақталып, қамаудан босатылады. Меңдіқожа Ибнәминов Республика үкіметіне басшылық еткен жеті айдан сәл астам уақытта елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, мемлекет негізін нығайту тұрғысынан пәрменді шараларды қолға алып, халыққа білікті әрі білгір басшы ретінде танылды. Сондықтан да ол 1923 жылы қыркүйекте ХХСР Орталық Атқару Комитетіне қайта қызметке алынды. 1923 жылғы 18 – 20 қазанда өткен халық өкілдерінің ІV-құрылтайында мемлекет Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылып, М.Ибнәминов осы республиканың Ішкі істер нәзірі (комиссары) лауазымына тағайындалды. Сол тұста Ішкі істер нәзіриятының құрамына Республикалық бас милиция басқармасы, қаржы, шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, қалалық шаруашылық бөлімдері мен халықтық байланыс кіші бөлімі кірді. Егер бүгінгі күннің өлшемімен қарайтын болсақ, аталған нәзірияттың қызмет аумағы 6 саланы, демек 6 министрлікті біріктірген. Біз ХКСР ОАК Ішкі істер нәзіриятының 1923 жылғы қазан-қарашадағы жұмысы жөніндегі баяндамамен таныса келе, М. Ибнәминовтың мемлекеттік деңгейде ой түйетін қайраткерлік қырын тағы да бір рет байқаймыз. Ол осы баяндамада тұтас нәзірият пен оның бөлімдерінің ағымдағы жағдайы мен қызмет нәтижелерін мұқият талдап, түзетуді қажет ететін кемшін тұстарды нақты көрсетіп береді, болашақ жұмыс бағытын айқын белгілейді. М. Ибнәминов 1924 жылғы 26 наурызда ХКСР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланып, Төралқа құрамына кіреді және ХКСР ОАК-тің хатшысы лауазымына сайланады. Ол ХКСР Орталық Атқару Комитеті басшысының орынбасары болып та істеп, ХКСР ОАК жанындағы Қазақ-қарақалпақ облысының өкілі міндетін де атқарады. Орта Азияда ұлттық негізде республикалар құру туралы шешім шыққан кезде, ХКСР-ды тарату комиссиясының құрамында болып, ұйымдастыру жұмысына атсалысады. Әмударияның сол жақ жағалауындағы қарақалпақ аудандарында, Қазақ-қарақалпақ (Хожелі) облысында, Қыпшақ және Қытай аудандарында тұратын халықтың тілегін орындап, оларды жаңадан құрылған Қарақалпақ автономиялық облысының құрамына қосу туралы ХКСР ОАК-тің қаулысына қол қояды. Ол өтпелі кезеңде ХКСР-дің Қаржы нәзірі лауазымын атқарды деген дерек бар. ХКСР-нің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне және ұлттық мәселелерді шешуге сіңірген аса зор еңбегі үшін Меңдіқожа Ибнәминов Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасының бірнеше орденімен наградталды. Тарихшылар Ш.Бабашев пен Б.Қощановтың айтуынша, М.Ибнәминов 1925 жылғы 12 – 19 ақпанда өткізілген Қарақалпақстан Кеңестерінің бірінші ұйымдастыру съезінде қабылданған Қарақалпақстан автономиялық облысын (ҚҚАО) ұйымдастыру туралы декларацияны әзірлеуге және қарақалпақ халқының мемлекеттігін қайта қалпына келтіруге айтарлықтай үлес қосқан. Ол 1925 жылдан бастап Қарақалпақ облыстық ішкі сауда бөлімін басқарушы болып істейді. 1926 жылы БК(б)П қатарына қайта алынып, жиырмасыншы жылдардың соңында Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1932 жылы БК(б)П ОК мен Орта Азия бюросы жергілікті кадрлар құрамын күшейту үшін Меңдіқожа Ибнәминовті ҚҚАО-ға прокурор көмекшісі қызметіне жібереді. Соңынан ол Астық өнімдері басқармасында басшы қызметтер атқарады. Дегенмен М. Ибнәминов елді дербес даму жолымен бастай алатын көрнекті қайраткерлердің бірі ретінде Орталықтың «қырағы көзіне» іліккен болатын. Ол 1933 жылы ҚҚАКСР партия-кеңес ұйымдарының басшыларын троцкийшіл-бухариншіл «оңшыл» және «солшыл» топтарға қатысты айыптау, қызметінен босату және партия қатарынан шығару науқаны кезінде қызмет тәртібін бұзды деген себеппен БК(б)П Орталық Қадағалау Комитетінің Қарақалпақстан бойынша партиялық алқасының 1933 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі негізінде БК(б)П қатарынан шығарылды. 1937 жылғы қыркүйектің басында Хожелі аудандық ІІХК бөлімінің бастығы Загратдинов Меңдіқожа Ибнәминовтің үстінен қылмыстық іс қозғайды. 8 қыркүйекте ҚҚАКСР ІІХК Мемлекеттік Қауіпсіздік Басқармасының 3-бөлімінің жедел өкілі, кіші лейтенант Кононов келіп түскен материалдарды негізге ала отырып, мынадай қаулы қабылдайды: «Меңдіқожа Ибнәминов ауқатты байдың баласы, жоғары білімді, 1919 – 1924 жылдары БК(б)П құрамында болған, контрреволюциялық әрекеттері үшін партия құрамынан шығарылған. М. Ибнәминов қазіргі кезде Хожелі ауданы Астық өнімдері басқармасы («Хлебторг») директорының орынбасары қызметін атқара жүріп, жергілікті ұлт өкілдері арасында контрреволюциялық жұмыс жүргізуде. Азамат М. Ибнәминов Өзбекстан КСР Қылмыстық кодексінің 66-бабы бойынша айыпталып, қамауға алынсын». Қарадан шығып хан болған   Бұл қаулыны 9 қыркүйекте ҚҚАКСР ІІХК Комиссары, аға лейтенант Штейн бекітеді және Ибнәминов 12 қыркүйекте №54 ордер негізінде қамауға алынады. Оның үйіне тінту жүргізген кезде 25 әртүрлі фотосурет, ХКСР-дің үш ордені және куәліктерден басқа іліп аларлық ештеңе табылмайды. Әйтсе де М. Ибнә­минов заңға қайшы ұрып-соғу, азаптау әрекеттерімен астасқан тергеу тепкісіне түседі. 1938 жылғы 22 ақпанда Меңдіқожа Иб­нә­миновтен жауап алу хаттамасы былайша толтырылыпты: «Хорезм Халық Республикасының көр­­некті басшылары Бекчан Рахманов, Сейіт­қали Ағайдаров, Молда Бекчан Абдалов және Матюсуп Дивановтар БТК (ВЧК) тарапынан қамауға алынып, 1922 жылы олардың ісі Әскери трибуналға берілді. Осы іс бойынша мен, Меңдіқожа Ибнә­ми­нов ату жазасына үкім етілдім, ал қал­ғандары түрлі мерзімге қамауда болу жазасына кесілді. Ата-Мақсым Мадреимов өз-өзіне қол жұмсап дүниеден өтті... ...«Ұлттық Бірлік» ұйымының Қоңырат филиалының мүшелері Сейфулғабит Мә­житов, Герей Баширов, молда Үббі Ерниязов (бұрынғы Қоңырат әкімі), Пір­жан молда Бекешев, Әуез молда Өтепов, Сұлтанғали Қазықұлов, Аллам­берген Дәуқараев, Молда Өтеп және мен 1921 жылы Қоңыраттағы билікті өз қолы­мызға алдық. 1921 жылы осы қозғалыстың көрнекті басшылары Сей­фул­ғабит Мәжи­тов, молда Үббі Ерниязов, Пір­жан молда Бекешев қамауға алынып, олар­дың әрбірі 5 жылдан қамауда болу жазасына үкім етілді. Бірақ, Ораз Ермановтың (ХХСР Ішкі істер министрі) араласуының арқасында олар қамаудан босатылды. Қоңырат окру­гінің милиция бөлімінің бастығы Тебен Якубов болатын. Хожелі округінің халық соты Бурхан Садуллаев осы іс бойынша «қазақ тобы» деп аталған топтан – 16, «қара­қалпақ тобынан» – 16, «өзбек тобы­нан» – 8 адамды жауапқа тартқан еді». Егер бұрын ҚҚАКСР ІІХК Мемлекеттік Қауіпсіздігінің Басқармасы М. Ибнә­ми­новке Өзбекстан КСР Қылмыстық ко­дексінің 67-бабы бойынша айып таққан болса, 1938 жылғы 14 сәуір күні оған Өз­бекстан КСР Қылмыстық кодексінің 57-1, 64 және 63-баптары бойынша да айып тағылды. Кейіннен айыптау қоры­тын­дысы бекітіліп, іс КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының қарауына өткі­зілді. 1938 жылғы 13 қазанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі жабық сессиясында (Ташкент қаласы) төрағалық еткен Алексеев Меңдіқожа Ибнәминовтің қылмыстық ісін бас-аяғы 20 минутта (сағат 13.30-дан 13.50-ге дейін) қарап шығады. Қылмыстық істе алдын ала және сот тергеуі нәтижесінде М. Ибнәминовтің 1921 жыл­дан бастап «Ұлттық Бірлік» антикеңестік, ұлт­шыл ұйымына мүше болғаны және 1924 жы­лы Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліске қа­тыс­қаны, содан кейін Қарақалпақстанда әрекет еткен анти­кеңес­тік, буржуазиялық, ұлтшыл терро­рис­тік және диверсиялық ұйымының құрамына кіргені, осы тер­ро­ристік ұйым­ның Кеңес үкіметі мен БК(б)П бас­шы­ларына қарсы террористік іс-әре­кеттерін толық қолдап-қуаттағаны анықталды делінген. М.Ибнәминов «контрреволюциялық іс-­әрекет жүргізуде осы ұйыммен тікелей бай­­ланыста болып, оның тапсырмасы бо­йын­ша жергілікті жерлерде топтар құрумен ай­налысқан және Кеңес үкіме­тінің саяси ша­руа­шылық істеріне зиян келтіретін жұ­мыс­тарды белсенді түрде жүзеге асыр­ған» деп айыпталды. Сот процесінде М.Иб­нәминов жоғарыда аталған айыптардан, сондай-ақ 1925 жылдан бас­тап Қасым Әуез­ов басқарған «контр­ре­во­люциялық ұлтшыл топтың» жұмысына белсене қатыс­тым деген жауабынан бас тартып, өзінің айыпкер емес екенін дәлел­дейді. Ол өзінің соңғы сөзінде сот бас­тығынан әділ шешім қабылдауды өтінеді. Бірақ, сотта төрағалық етуші сағат 13-тен 50 минут өткенде Меңдіқожа Ибн­ә­ми­­­­новті Өзбекстан КСР Қылмыстық ко­дек­сінің 58, 63, 64 және 67-баптары бойын­ша айыпты деп тауып, ең ауыр жаза – ату жазасына кеседі. Үкім сол күні Ташкент қаласында орындалады. 1959 жылғы 27 қазанда КСРО Жо­ғар­­ғы Соты Әскери алқасының отырысы өткізіліп, онда 1938 жылғы 13 қазанда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы тарапынан мал-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына ке­сіл­г­ен Мең­­діқожа Ибнәминовтің ісі қай­та қара­лады. Отырысқа әділет ге­не­рал-майоры Лихачев төрағалық етіп, Әскери алқа мүшелері – әділет под­полковниктері Шевелейко мен Мойсеев қатысады. Онда аталған іс бойынша Бас әскери про­ку­рор­дың көмекшісі, әділет подполковнигі Шеве­лей­коның баяндамасы, сондай-ақ үкім­нің күшін жою, істі қыс­қарту жөніндегі қо­ры­тындысы тыңда­лады. Соның негізінде КСРО Жоғарғы Соты­ның Әскери алқасы мынадай тұ­жырымға келеді: Сот отырысында М. Ибнәминов ешқандай қылмыс істемедім деп айғақ берген. Осы іс бойын­ша жүргізілген қосымша тергеу әрекеттері нәтижесінде  М. Иб­нәминовтің ешбір дәлелсіз сотталғанын айқындайтын жаңа мән-жайлар анықталды; Тергеу нәтижесінде М. Иб­нә­ми­новтің «Панисламизм партиясына» және баспашылыққа қандай да бір қатысы болғаны анықталмаған; Тексеру материалдарының қорытындысы 1937 – 1938 жылдары ҚҚАКСР мемлекеттік қауіпсіздік ұйымдары тарапынан кеңес азаматтарын ешқандай дәлелсіз, негізсіз қамауға алу және оларға құқыққа қайшы тергеу жүргізу тәсілдерін қолданудың кеңінен орын алғанын айғақтайды. Осы жағдайды ескере отырып, прокурор М. Ибнәминовтің қылмыстық ісін қыл­мыс­тық құрамның болмауына байланысты қысқартуды және оған шы­ғарылған үкімнің күшін жоюды сұ­рай­ды. ҚСРО Жоғарғы Сотының Әскери ал­қасы жаңадан ашылған мән-жайларға сүйене оты­рып, Меңдіқожа Ибнә­ми­новтің қылмыстық ісі бойынша КСРО Жоғарғы Соты Әскери ал­қасының 1938 жылғы 13 қазандағы үкі­мінің күшін жояды, қылмыстық істі қыл­мыстық құрамның болмауына байланысты қыс­қартады. М. Ибнәминов толықтай ақта­ла­ды. Ол қамал бұзар кемел шақта, бар-жоғы 40 жасында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған еді. М.Ибнәминовті ақтап алуда оның әйелі Ақбала апамыздың еңбегі ерекше болғанын атап өту керек. Ол Меңдіқожа атамыздың артынан Ташкентке дейін із­деп барып, сотта ісі қаралған кезде тілеуін тілеп, сыртта отырған. «Халық жауының» әйелі ретінде қанша қиындық көріп, қан­ша азап тартса да, мойымай, атамыздан қал­ған қос тұяқ – Жаңабай мен Қоғамды ешкімнен кем қыл­май өсіріп, ел қатарына қосқан. Сөйтіп жүріп жоғары жаққа өз жарының жазықсыз жазаға ұшырағанын айтып, хат жазуын тоқтатпаған. Әрине, Ақбала апамыздың жа­нында тілеулес адам­дар да болды. Солардың бірі – Мең­ді­қожа атамыз ұстал­ғанда бас­қа­лардай бас сауғалап қашпаған, арғы тегі қожадан шыққан Асанқожа деген кісі және оның әйелі Зылиқа. Ал екіншісі – руы қабақ Қосыбай Жаңабаев деген азамат. Меңді­қо­жа атамыз жастай жетім қалған Қосы­бай­ды өз қамқор­лы­ғына алып, Ленин­градтағы (қазіргі Санкт-Петербург) кооперативтік техни­кум­ға оқуға жіберген. Оқуын аяқтап келген соң сауда жүйесіне жұмысқа орналастырып, істің жөн-жосы­ғын үйретіп, көз-құлақ бо­лып жүрген. Меңдіқожа атамыз 1937 жылы ұсталып бара жатқан кезде артында қалған бала-шағасына бас-көз болуды осы Қосыбай ағаға тапсырған көрінеді. Қосыбай аға да сол аманатты өмі­рі­нің соңына дейін қалтқысыз орын­дайды. Заман­дастарының айтуынша, ол өз сала­сы­ның өте білгір маманы, білікті басшысы болған. ҚҚАКСР Республикалық тұтыну одағына төраға­лық етіп, елдің бетке тұтар азаматтарымен жа­қын сыйласып ара­ласқан. Меңдіқожа атамыздың балалары Жаңа­бай мен Қоғамға әрдайым қамқор бо­лып жүрген. Жоғарыда айтқан Назым апа осы Жаңа­бай ағамыздың құдай қосқан жары. 1933 жы­лы туған, арғы тегі Шекті, Баубек Темір­бақтының Меңсейітінен тарайтын Қалмен деген кісінің қызы. Жаңабай ағамыз мезгілсіз қазаға ұшыраған кезде Назым апа Мақсат және Марат деген ұлдарымен қалады. Содан он шақты жыл өткен соң қайнысы Қоғамға әмеңгерлік жолмен қосылып, одан Аэлита, Айнұр және Марс дүниеге келеді. Қазір Қоғам аға да, Назым апа да бұл дүниеде жоқ. Оның баласы Мақсат та біраз жыл бұрын ауыр дерттен көз жұмды. Қалған балалары, олардан тараған ұрпақтары бар. Аласапыран заманда жасындай жарқ етіп суырылып шығып, туған хал­қы­на қам­қор бола білген, өз ұлтының ғана емес, Тұран ойпатындағы бүкіл ха­лықтың мүддесін қорғаған, мемлекет және қоғам қайраткері Меңдіқожа Ибнәминов қылмыстық айып­тан ақтал­ға­нымен оның ел игілігі жо­лында атқарған істері әлі тиісті бағасын ал­ған жоқ. Ол Хорезм Республикасында бас­шылық қыз­меттер атқарған кезде Түр­кістан Респуб­ли­касының, Қазақ АКСР-інің басшылары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төре­құ­лов, Сейітқали Мең­де­шевтермен, басқа да Алаш арыстарымен байла­ныста болмады, бірнеше мемлекет аума­ғына бөлініп кеткен қазақ халқының тағ­дыры туралы пікір алмаспады деп айта аламыз ба?!   М. Ибнәминовтің ҚҚАО-ны Қазақ­ста­н­ға қосу, сондай-ақ 20-30-жылдары аштыққа ұшырап, ауып келген халыққа көмек қолын созу кезіндегі еңбегі сол күйі жабық жатыр. Оның үстіне, Меңдіқожа ата­мыздың жерленген жері де белгісіз. Өйт­кені ол кісі ақталған соң Ақбала апа­мыз қайта-қайта хат жазып, жерленген же­­рін айтуды сұраған. Бұған 1960 жыл­­дардың басында берілген анықтамада «М. Ибнә­ми­нов 1949 жылы Колымада қайтыс болды» деп жазылыпты. Бұл да жұмбақ жәйт. Мұның барлығы арнайы көңіл бөліп зерттеуді қажет етеді. Біз тек қана қолда бар деректерге сүйеніп, биылғы жылы ту­ғанына – 121, ақталғанына 60 жыл толатын Мең­діқожа Ибнәминовтің өмірі мен қызметі жайлы қысқаша баяндап беруге тырыстық.

Марат САДЫҚОВ

тарихшы, заңгер

Жалғасы келесі санда