Сарыағашта жүйелі білім бар

Сарыағашта жүйелі білім бар

Сарыағашта жүйелі білім бар
ашық дереккөзі
  Қазір білім берудің сандық және сапалы деңгейі мен түрлері сан алуан болған шақта, білімнің қадір-қасиеті мен құдіретін жоғалтып алмауды ұмытпаған жөн. Білім шын мәнінде, ұлы күш екендігін әрбір жас ерекше сезінгені абзал. Бұл орайда Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданында соңғы жылдары айтарлықтай сапалы білімге қол жеткізіліп келеді. Өйткені тәрбие мен білім егіз. Сондықтан да бала білімді болғанымен, тәрбие саласы ақсап жатса, онда ешқандай нәтиже болмайды.  «Бұл орайда бізде екі сала да жақсы жолға қойылған. Ауданның білім беру мекемелері оқу мен тәрбиеге бөлек қарамайды. Сондықтан да біз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Әрине, тәрбие талбесіктен деп жатады. Бірақ білім беру ұйымдарының да баланы тәрбиелеуде рөлі өте үлкен. Өйткені оқушы уақытының біраз бөлігін мектепте өткізеді. Сондықтан аудан мектептерін тәрбиеге қатысты игі шаралар көп өткізіледі», – дейді бізбен әңгімесінде Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысы Бауыржан Құрбанәліұлы Майрихов. Ақиқатына келсек, бұзақы балалар қайдан шығады? Ең алдымен отбасыдан дұрыс тәрбие алмағандықтан. Мұндай жағдай арагідік орын алып жатса, тек қана мұғалімдерді, білім саласындағыларды кінәлау кездеседі. Бұл дұрыс емес. Мұғалім жас ұрпақты білімді етіп шығарады әрі  тәлімді тәрбие береді. Бала қашан да заман көшінен қалмауы керек. Ол үшін әркез озық технологияны қолданып, сабақ барысы қызық өткені дұрыс. Бұл орайда Сарыағаш ауданының мектептері мультимедиялық жабдықтар мен құрылғыларды  қолданады. Оның үстіне білім мен ғылым саласында Елбасының тапсырмасына орай  қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бар. Бұл жөнінен Сарыағаш ауданының білім беру ұйымдары көш басында десе де болады. Атап айтар болсақ, «Күнделік» электронды журналына аудан мектептері 100 пайыз қосылған. Педагог қызметкерлер, ата-аналар мен оқушылар аталған жүйеге толықтай тіркелген. «Күнделік» электронды журналына ену көрсеткіші бойынша ауданның білім бөлімі облыста алғашқы орынды иеленеді. Міне, мұның өзі аймақта білім саласына көп көңіл бөліп жатқанын көрсетеді. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Түркістан облысы білім беру процесін автоматтандыру туралы» бұйрыққа сәйкес, jumys.sinsen.kz  пилоттық жобалары енгізілді. Жоба аясында ауданның білім беру ұйымдарындағы бос жұмыс орындарына кадрларды қабылдаудың жаңа жүйесін енгізу, білім беру ұйымдарының дайындық топтары мен бірінші сыныптарына қабылданатын оқушыларды қабылдаудың жаңа жүйесі mekteр. kz сайты арқылы жүргізілуде. Осы жүйені іске асыру мақсатында аудандық білім бөлімі барлық мектептерді іс-шара жасады. Аудандағы №141 Толыбай батыр атындағы жалпы  орта мектебінің базасында jumys.sinsen.kz  сайты бойынша жұмыс жүргізуге арналған орталықтандырылған кабинет ашылды. Бүгінгі таңда аталған  сайт бойынша ауданның 76 білім беру ұйымдарындағы жалпы 545 бос жұмыс орындары тіркелді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін жалпы 283 маман өз дипломдарына сәйкес  және одан басқа 159 кіші техникалық жұмыскерлер жұмысқа қабылданды. – Соңғы жылдары 200-ден астам мұғалімдер зейнеткерлікке шықты. Олардың орнына жас мамандарды қабылдадық. Жыл өткен сайын мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың да  саны артты. Өйткені, демографиялық өсімі жоғары. Жыл сайын туу көрсеткіші артып келеді. Бұрын бір отбасында 8-9 баладан болса, қазіргі кезде олардың саны 10-12 жетті. Демек, ауданда әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсарды деген сөз. Бұл әрине көңіл қуантады. Оның үстіне аудан әкімі Қайрат Әбдуалиев біздің салаға көп қамқорлық танытып келеді, – дейді Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан  Майрихов. Расында да  іскер басшы ретінде танылған Қайрат Амангелдіұлы қазіргі уақытта аудан экономикасын дамытып отыр. Халықтың да әл-ауқаты жақсарып келеді. Жұмыссыз отырғандар өте аз. Аудан әкімі білім саласына да барынша көмектесуде. Сондықтан да болар, аудан оқушылары ҰБТ-дан  жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Жалпы  аудандағы білім саласының барған сайын жақсарып келе жатқанын мына бір деректер айқындап-ақ тұрғандай. 2015 жылды оқу жылын мектеп бітірушілер 70,8 баллмен аяқтаса, 2018 жылғы көрсеткіш 74,2 екенін айта кеткен жөн. 2018 жылы ҰБТ сынағында ең жоғары көрсеткішті сарыағаштық жас түлек алды. №16 Панфилов атындағы жалпы орта мектебінің бітіруші түлегі Ақерке Тастан ең жоғары 139 балл алды. Бұл әрине Сарыағаш ауданы үшін ең жоғары көрсеткіш. Әрине, Сарыағаш соншалықты алыстағы аудан емес. Шымкенттен 2,5-3 сағаттық қана жерде. Өркениеттің ортасы. Бүкіл ауданның білім беру мекемелері қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілген. Қысқасы, бар баланың оқуына мүмкіндік жасалған. Бір ғана мысал, «Көшбасшы педагог-2018» байқауы нәтижесінде №142 мектептің бастауыш  сынып мұғалімі 10 миллион теңгелік жеңіл автокөліктің сертификатын жеңіп алды.  

Мейрамгүл СЫБАН