Атырау облысында 2 мыңнан астам қой қырылған

Атырау облысында 2 мыңнан астам қой қырылған

Атырау облысында 2 мыңнан астам қой қырылған
ашық дереккөзі
Жергілікті және астаналық мал дәрігерлері қойлардың жаппай қырылуының себебін нақты айта алмады. Атырау облысының Сүйіндік ауылында бір айдан бері белгісіз аурудан екі мыңнан астам қой қырылып қалды. Шаруашылықта Еділбай қойы өсіріледі. Шығын мөлшері 60 миллион теңгеден асқан. Жүз адам жұмыс істейтін асылтұқымды шаруашылық жетекшілері бұл шаруашылықтың бір жылдық табысы екенін айтады. Мамандар қой шешек ауруының кесірінен қырылып жатыр деген диагноз қойған. Тез арада 36 мың вакцина алынып, екпе жасалынған екен. "Бастапқы кезде нақты диагнозы табылмағанымен, малды аман алып қалу үшін отарға түгелдей екпе жасалды. Барлық шараны қолдансақ та, шығын әлі де тоқтамай тұр", - деді мал дәрігері Халиық Сейітжанов. Сынамалар Атырау мен астанадағы зертханаға жіберілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабы көп күттірген жоқ. Алайда мәселе мұнымен шешілмеді. Шешек ауруы диагнозы расталмаған. Бірақ малдың қырылуының нақты себебі анықталмапты. "Біздің малдың диагнозы әлі күнге дейін анықталмай отыр. Құзырлы органдар осыны хабарлап, мүмкіндігінше бізге дотация, болмаса өтемақы төлеп көмек етсе деген ойым бар", - деді шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Исақұлов. Өзге шаруа қожалықтарында да қойдың қырылып жатқаны белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың қораларындағы мал да белгісіз індетке шалдыққан.