САУДА СОҒЫСЫНЫҢ САЛҚЫНЫ

САУДА СОҒЫСЫНЫҢ САЛҚЫНЫ

САУДА СОҒЫСЫНЫҢ  САЛҚЫНЫ
ашық дереккөзі
АҚШ пен Қытай арасында ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан сауда соғысы қайтадан ушыға түсті. Әлемде өз үстемдігін орнатуға таласып жүрген қос держава осы уақытқа дейін жүргізілген келіссөздердің текке кеткенін аңғартып, бір-біріне тағы да санкция жариялай бастады. Ал екі ел арасындағы мұндай текетірестің дүниежүзілік экономикаға әсерін тигізбей қоймайтыны анық.   Кезекті кезең: Huawei-дің күні не болмақ? Мамыр айының алғашқы аптасында Вашингтонда АҚШ пен Қытай тарапы келіссөздер өткізген. Өкінішке қарай, қос тарап бір мәмілеге келе алмады. Салдарынан АҚШ Қытайдан енгізілетін 200 млрд доллардың тауарларына салынатын баж салығын 25 пайызға дейін көтеретінін мәлімдеді. Бұған дейін де Вашингтон салықты 10 пайызға арттырған еді. Ақ үй басшылығы мұнымен де тоқтамайтынын ашық ескертіп, алдағы уақытта тағы 300 млрд доллардың тауарына салынатын салық көлемін арттыратынын сенімді түрде хабарлады. «Біздің ұстанған бағытымыз айқын. Бұған дейін барлығы бізді жұлып жеп, қажетінше пайдаланып келді. Енді ондайға жол бермейміз. Қытайдың саудадағы арсыз әрекеттерінің салдарынан жыл сайын 300-500 триллион доллардың табысын жоғалтып келдік. Енді бұлай болмайды. Қытайдың Президентімен ара қатынасымыз тамаша. Алайда ол Қытайдың, ал мен АҚШ-тың мүддесін ойлаймын», – деген болатын АҚШ президенті Дональд Трамп. Трамп әкімшілігінің мұндай қадамын Бейжің жауапсыз қалдырсын ба?! Қытай да 60 млрд көлеміндегі америкалық тауарларға баж салығын арттыратынын кесіп айтты. Аспан асты елінің бұл шешімі маусым айынан жүзеге аса бастайды. Қытай қаржы министрлігі келтірген мәліметтерге сенсек, маусым айынан бастап 5140 түрлі америкалық тауарға салынатын баж салығы 5-тен 25 пайызға дейін көтерілмек. Бұған дейін де Пекин әрекетсіз қалған жоқ. Қытай 110 млрд доллар болатын АҚШ тауарына баж салығын арттырған. Өздерінің қысымға көнбейтінін ашық мәлімдеген Бейжің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудан ешқашан тартынып қалмақ емес. Келіссөздер уақытынан бір апта өткеннен кейін АҚШ Бейжің билігіне қарсы тағы бір қадам жасағандай болды. Бұл жолы Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін шетелдік телекоммуникациялық жабдықтарды қолдануға тыйым салды. Трамптың тыйымы, әсіресе, қытайлық Huawei компаниясына қатысты болса керек, «жергілікті компаниялар бұл брендтің өнімін пайдаланбауы қажет» деген шарт қойылды. Huawei өнімдерінен бас тарту үшін Трамп компанияларға 90 күн уақыт белгілеп берді. Тіпті, АҚШ-тың сауда министрлігі Huawei өнімдерін қара тізімге енгізуге ниетті. Олардың түсіндіруінше, Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік органы Huawei компаниясының тауарларын басқа мақсатта қолдануы мүмкін екен. Яғни, Вашингтонда бұл компания өнімдері тыңшылық әрекеттер үшін қолданылады деген күдік туындап отыр. Оның үстіне, Huawei компаниясына америкалық санкцияларды айналып өту үшін Иранға көмек қолын созды деген де айып тағылуда. Айта кетейік, Huawei – Қытайдың телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін ең ірі компанияларының бірі. Сондықтан болар, Huawei әзірге Трамптың бұл әрекетін «шыбын шаққан құрлы» көрмейтінін дәлелдеуге тырысуда. Сөйтіп, Huawei компаниясының президенті Жэнь Чжэнфэй «компанияның күні қараң» деуге негіз жоқ» деген мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, компания басшысы Huawei-ді технология әлемінен сызып тастау мүмкін еместігін, олардың мүмкіндігін бағаламаудың үлкен қателік екенін ерекше атап көрсетті. Расымен де, қазір ұялы байланыстың 5-ші буынын әзірлеуде қытайлар өзге бәсекелестерінен бір қадам алда. Оған патенттердің көпшілігі Huawei-ге тиесілі екендігі дәлел. Сондықтан алдағы уақытта америкалық ұялы телефон шығарушы компаниялар жылдам интернет үшін Huawei-ге тәуелді болуы мүмкін. Десек те, АҚШ Huawei-ді қара тізімге енгізгелі «Amazon» интернет-дүкенінде бұл компанияның тауарларына тапсырыс күрт төмендеген. Бірақ Қытайда қолданушылар саны сол қалпы. Ал Қытайдың мұндай жауаптарын естіген Вашингтон билігі қарап отыра бермек емес. АҚШ қазір Еуропа елдеріне Huawei өнімдерінен бас тартуды ұсынып отыр. Бұл ретте қытайлар өзге әріптестері жағдайды дұрыс таразылап, оң шешім қабылдайды деген сенімде. Талас-тартыс қалай басталды?  width= Бәріңізге белгілі, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы әлемдік ақпарат құралдарындағы басты тақырыпқа айналғанына біраз уақыт болды. Дональд Трамп президент болғанға дейін де Қытайды «әділетсіз сауда саясатын жүргізіп отыр» деп айыптап келген. Сондықтан, ол билікке келісімен Қытаймен арадағы тиімсіз сауданы азайтуға күш салды. Оның нәтижесін қазір күллі әлем бақылап отыр. Дегенмен, халықаралық сарапшылар Трамптың америкалық сауда нарығындағы Қытаймен арадағы тиімсіз сауданы азайтуды ғана емес, Бейжіңнің әрі қарай дамуына кедергі келтіруді көздейтінін айтады. Ал баж салығын арттырып, Қытай тауарларының өз нарықтарындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендету Трамп үшін қолда бар мүмкіндік болғанға ұқсайды. Сонымен, өткен жылдың қаңтар айында Дональд Трамптың әкімшілігі бастады. Ол күннен қуат алатын батареялардың импорттық тарифін 30 пайызға дейін көтеріп жіберуден өрбіді. Ал оларды негізгі жеткізуші Қытай еді. Бұған Бейжің жауап ретінде 2 сәуірде АҚШ-қа қатысты 128 тауар позициясының баж салығын едәуір өсірді. Сондай-ақ, Ақ үй басшысы Қытайдан келетін 1300 түрлі тауарға баж салығын арттыратынын мәлімдеді. Бақандай 25 пайызға. «Мұндай әрекетке бару біздің де қолымыздан келеді» деген сыңаймен Қытай да тарифті көтеруге әзір екенін жеткізді. Алайда дәл осы кезде екі ел өкілдері келісімге келіп, тіл табысуға ниет еткен. АҚШ келісімге келуге аса құштар болмады ма, әйтеуір, соңында Трамп өз дегенін жасады. Яғни, АҚШ-қа келетін Қытай тауарларына баж салығы 25 пайызға көтерді. Вашингтонның бұл қадамын Қытай да қайталап, Америка импортына салықты 25 пайызға арттырды. Дональд Трамп өз дегенінен қайтпайтынын ұғындырғысы келгендей өткен қыркүйекте баж салығын тағы 10 пайызға көтеріп, Қытай тауарларынан түсетін салық мөлшерін 200 млрд долларға жеткізді. Тіпті, Трамп қарсы тарапқа сес көрсетіп, Бейжің бұған жауап қайтаратын болса, салықты 267 млрд долларға дейін арттырудан тайынбайтынын айтты. Әуелден «өз мүддемізді қорғаймыз» деп мәлімдеген Қытай АҚШ-тың әрекетін жауапсыз қалдырмайтынын күллі әлем іштей білді. Көп күттірген жоқ, Қытай да АҚШ-тан жеткізілетін 60 млрд доллар көлеміндегі тауарларға баж салығын 10 пайызға дейін арттырды. Бірақ мұны Қытай тарапы «мәжбүрлі шара» деп түсіндірді. Содан бері бір-біріне жауап қайтарып, салық мөлшерін арттырудан қалыспай келе жатқан қос алып арасындағы сауда соғысы әлі де аяқталмады. Өткен жылдың соңында екі тарап келісімге келіп, тыныштық орнай бастағандай болып еді. Тіпті, Қытай тарапы дау-дамайдың оң шешімін табатынына үмітті екенін де мәлімдеген. Алайда ахуал қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Мамыр айындағы келіссөздердің сәтсіз аяқталуы жағдайды одан әрі ушықтыра бастады. Сауда соғысы: кімге қалай әсер етеді?  Қазір бүкіл әлемдік ақпарат құралдары да, сарапшылар да, тіпті, қарапайым жұртшылық та сауда соғысының салқыны кімдерге қаттырақ сезілетінін болжаумен әлек болып жүр. АҚШ пен Қытай арасындағы соңғы келіссөзден кейін АҚШ президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Лари Кодлау сауда тартысынан екі елдің де зардап шегетінін ашып айтты. Әсіресе, бұл тұрақсыздық кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа айрықша сезілмек. Мәселен, Қытайдан соя бұршағы, жүгері, бидай сынды дақылдарды алып жүрген фермерлер үшін айтарлықтай шығын болары айтпаса да түсінікті. Бірақ Трамп оларға көмек көрсетуден қашпайтынын айтып, фермерлерге субсидия беру үшін Конгрестен 15 млрд доллар сұрайтынын хабарлады. Десек те, қазір америкалық кәсіпорындар тауарларын Қытайдан өзге елдерге экспорттаудың жолдарын қарастыруды бастап кетті. Ал БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының өкілдері АҚШ пен Қытай арасындағы мұндай текетірес халықаралық сауда жүйесіне кері ықпал ететініне сенімді. Ұйым сарапшыларының айтуынша, АҚШ-тың Қытай тауарларына енгізген кедендік салығы үшінші мемлекеттерге әсер етіп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, АҚШ пен Қытай былтыр бір-бірінен импорттайтын тауарлардың жартысынан көбіне қосымша кедендік салық енгізген. Ал 2017 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 640 миллиард долларды құраған. Қалай дегенмен де, қазір сауда соғысынан кейін халықаралық экономикалық ахуалдың қандай боларын нақты айту мүмкін емес. Тіпті, екі алпауыт ел арасындағы текетірестің қашан және қалай аяқталары да беймәлім. Бір білетініміз, бұл екі елдің бір-бірін көшбасшылықтан ысырып тастауы қиындау болады. Өйткені экономикалық тұрғыдан қауқарлы қос мемлекет оңайлықпен жеңіліске ұшырай қоймайды. Ал АҚШ пен Қытай арасында қалыптасқан бұл текетірес Қазақстан секілді дамушы мемлекеттердің экономикасы да айналып өтпейтіні ақиқат.

Әсел ӘНУАРБЕК