ҚАЗАН БІР, «ҚАЙҒЫ» БАСҚА...

ҚАЗАН БІР, «ҚАЙҒЫ» БАСҚА...

ҚАЗАН БІР, «ҚАЙҒЫ» БАСҚА...
ашық дереккөзі
Жалпы, «Біткен іске іске сыншы көп». Бірақ сол сыншылардың пікірі әділ айтылып, қандайда бір мәселенің шындығына көз жеткізуге көмегі тиіп жатса, ондайды неге құптамасқа? Ал жалпақ жұртқа белгілі жайттан астар іздеп, болғанды «болдырғандар» жайында қолдан аңыз жасауға талпынатындардың әрекеті әділетті деп кім айтар? Жақында кездейсоқ «Түркістан мәдени қоры» қоғамдық қоры (ОФ «Культурный фонд Туркестан») тарапынан шығарылған «Туркистон тақвими» 2019 («Түркістан күнтізбесі» 2019) атты күнтізбені көріп қалып, ондағы әйгілі тайқазанның тарихы мен елге оралуы жайында берілген мақаланы оқып шықтық. Мақалада Эркин Журабеков атты өзбек ұлты өкілінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның оралуына «сіңірген еңбегі» жөнінде айтылған екен... Баршаға белгілі, Орталық Азиядағы аты күллі әлемге белгілі қаланың бірі Түркістан болса, оның атын шығарған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Кесене түркі халықтары тарихында орыны бар ақын, философ Қожа Ахмет Ясауиге (1093-1166) арнап салынған. Атағы әлем тарихынан орын алған ұлы қолбасшы, Монғол-түрік тектес халықтар билеушісі, Әмір Темір (Ақсақ Темір, Темірлан. 08.04. 1336 – 18.02. 1405) бұйрығымен, Ахмет Ясауи қайтыс болғанына екі жүз жылдай уақыт өткенде оның мазардың орнына, дүниежүзілік сәулет өнерінің ескерткіші дерлік тамаша кесене орнатылды. Ені 46,5 метр, ұзындығы 65 метрге созылған үлкен күмбезді құрылыс 8 түрлі 35 бөлмеден құралған. Сол бөлмелер тобының бірі қазандық деп аталып, онда сирек кездесетін жеті асыл металдың (мырыш, латын, қола, қорғасын, мыс, күміс, темір) қоспасынан құйылған, салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі – 2,42 метр, тұғырының биіктігі – 0,54 метр, диаметрі – 0,607м болатын тайқазан тұрған. Тайқазанды Әмір Темірдің тапсыруымен 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20-шаууал) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи қалыпқа құйып, жасап шыққан. Қазан сыртында араптың сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны жазылған. 1935 жылы Иран шеберлерінің III Халық-аралық конференциясына орай, тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты Эрмитаж музейіне алып кеткен. Бірақ елу төрт жылға дейін қайтарылмай, сол музейде тұрып қалған Тайқазан 1989 жылы 18 қыркүйекте ғана Түркістанға әкелініп, әу бастағы орнына тұрақтады. Бүгінде түркі әлемінің рухани орталығына айналып отырған Түркістан қаласындағы әлемге белгілі жәдігерліктің қысқаша тарихы осындай. Енді жоғарыда аталып өткен Эркин Журабековтің «еңбегі» туралы мақалаға келейік. Мақалада былай делінген (өзбек тілінен ықшамдалып аударылып беріліп отыр): «1935 жылы Совет Одағында Иран көркем-өнер күндері өткізілуі себепті қазанды уақытша деп Ленинградқа (Санкт-Петербург) Эрмитажға алып кетіп, қайтарылмаған. 1985 жылы Эркин Журабеков Түркістан қаласы атқару комитеті төрағалығына сайланады. Ол қазанды қайтару үшін 5 жыл бойы мемлекеттік мекемелер арасында сенделуге көнеді. Өзінің айтуына қарағанда, бұл әрекеттері үшін оны «Дон Кихот» деп мазақтағандар да болған. Қазанды қайтару мәселесімен СССР мәдениет министрі қабылдауына кіргенде, министр оны кабинетінен қуып шыққан. «Министрмен керісіп қалдық. Ол қазан Эрмитажда тұрғаны үшін мақтануым қажеттігін айтты. Мен онда қызыл алаңдағы зеңбіректі маған беріңіздер, оны Түркістанға алып кетейін. Зеңбіректің орнына «бұл жерде зеңбірек бар еді, қазір Түркістанда» деп жазып қойыңыздар, өйткені Ахмет Ясауи кесенесіндегі қазанның орнында осы мазмұндағы жазу бар! – дедім. Осы сөзімнен соң ол мені кабинетінен қуып шықты. Қазанды қайтару үшін қандай әдіс-айла тапсақ, бәрін қолданып көрдік. Бес жыл бойы жазбаған жеріміз, айтпаған адамымыз қалмады», – деп еске алады Э.Журабеков. Тынымсыз желіп-жүгіру, тіпті, СССР бірінші Президенті М.С. Горбачев пен әйелі Р.М. Горбачеваға жасалған өтініштер түбінде өз жемісін береді. 1989 жыл 4 шілдеде СССР мәдениет министрінің қазанды Түркістанға қайтару жайлы 283-бұйрығы жарияланады. Қазанды әкелу үшін Эркин Журабеков басшылығындағы бір топ түркістандықтар Эрмитажға жол жүреді. Эркин ака ленинградтықтарға сый ретінде бір жүк машинасы толы Түркістан қарбызын әкетеді. «Бір машина қарбызды қалалықтарға тараттық. Бірақ, бізге берілген 5 күндік мерзімде қазанды Эрмитаждан шығара алмай қатты қиналдық. Есікке сыймады. Сол кездерде Александр Невзоровтың «60 секунд» деген бағдарламасы бар болатын. Қазанды шығара алмай дал болып жүргенімізді жасырын камераға түсіріп кетіпті. «Түркістан қаласының әкімі қазанын алып кете алмай жатыр» деп мені теледидардан көрсетіп, масқара қылды. Мерзім бітуіне бірнеше сағат қалғанда Финляндия құрылыс фирмасынан жалдаған инженерлеріміз қазанды терезеден кішкене кранның көмегімен шығарып берді. Сол кездегі қуанышымызды айтуға тілім жетпейді. Түркістанға әкелгенімізде Ясауи кесенесі алдына әлдеқашан халық жиналып алған екен. Адамдар милицияға да қарамай, қазанды сүйіп, тәу ете бастады. Ертеңіне амалын тауып, қазанды өз орнына қойдық», – деп әңгімелейді Э.Журабеков. Сол-сол екен, совет кезінде қатты қадағаланғанына қарамастан, қазан себебімен әр зияратта құран оқу әдетке айналды. Коммунистік партия мұндай контреволюциялық және антисоветтік істерге себепші болғаны үшін Эркин Журабековпен оның жәрдемшілерін қудалады. Ақыр-соңында марқұм Еркін ака жұмыстан кетті, екі жәрдемшісі қамауға алынды. Кейінгі тәуелсіздік жылдарында Эркин ака қазанмен бірге алып кетілген екі шамдалды қайтаруға көп тырысты. Бірақ 2007 жылы аяқ астына дүниеден озып, бастаған ісі аяқталмай қалды. Қазір Ясауи кесенесі музейінде сол кездегі ҚазССР мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков қазанды алып келген азамат ретінде көрсетіліп, оған тиісті заттар жеке бөлмеде ел назарына ұсынылуда. Марқұм Эркин Журабеков туралы ештеңе айтылмаған». Жалпы тайқазанның Түркістанға қайта оралуы туралы кезінде аз жазылған жоқ. Бірақ онда «Эркин Журабеков ерекше еңбек сіңіргені» туралы әңгіме болмайтын. Ал енді мына сөз... Біз, тайқазан елге қайтарылған тұста Түркістан қаласының басшысы (1985 жылдың қараша айынан 1991 жылға дейін Қазақстан компартиясы Түркістан қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1990 жылдың қаңтарынан 1993 жылға дейін Түркістан халық депутаттары Кеңесінің төрағасы қызметтерін қоса атқарған) Нұридін Балқияұлынан осы әңгіменің шындығын сұрағанымызда, ол кісі былай жауап берді: – Жалпы, тайқазан жөнінде баспасөз бетінде талай айтылды. Өзім де талай сұхбаттарымда тоқталдым. Соған қарамастан оқта-текте «тайқазанды пәлен деген кісінің тікелей нұсқауымен әкелген», «оны әкелуге түген деген азаматтың еңбегі сіңген» деген секілді әңгімелер айтылып қалып жатады. Арасында ол іске түк қатысы жоқ кейбір тұлғалардың да аттары аталады. Бірақ соның ақ-қарасын анықтап, шындығы мынау екен ғой дейтін адам азайып бара жатқандай бүгінде... Мен Түркістан қаласына басшылық қызметке келген кезде, тайқазанды елге қайтару мәселесі жиі қозғалатын. Шынын айту керек, тайқазан туралы менен бұрын да айтылып жүрген әңгіме. Талай рет көтеріліп, талай рет қол келісім жасалып, құжаттарға қол да қойылған. Бірақ жеме-жемге келгенде іс бітпей қала берген. Сол тұста КСРО Мәдениет министрі Василий Георгиевич Захаров деген кісі болатын. Ғылым докторы, профессор. Ол кісі Қазақстанның ұсынысына түсіністікпен қарады, яғни, тайқазанның отанына қайтуына қарсы болмады. Бірақ Мемлекеттік Эрмитаж музейінің директоры (1964 – 1990 жылдары басқарды) академик Борис Борисович Пиотровский тайқазанды бергісі келмейді. Қазақстаннан ұсыныс түскен сайын «Эрмитажға түскен зат бүкіл Кеңес Одағы халықтарының ортақ байлығы болғандықтан, кері қайтарылмайды» деп жауап беруден жалықпайтын. (В.Г.Захаров бізден барған өтініш хаттарға «вернуть казан» деп шешім шығарып, қол қояды, бірақ музей басшысы орындамайды). Жалпы, тайқазанды қайтару – шаруашылық мәселесі ретінде шешілетін нәрсе. Бірақ басшы ретінде оны үнемі қадағалауда ұстап, істің жылжуын бақылап отырдым. Э.Журабеков болса, Түркістан қалалық атқару комитетінің төрағасы. Келісілген жұмысты атқару соның мойнында. Былайша айтқанда, беремін деген нәрсені алып қайтушы адам ғой. Қасында өзге де жігіттер болды. Сол тұста жергілікті кәсіпкерлердің көмегіне сүйендік. Олар көмектесті. Несін жасырамыз, біздің қалталы жігіттер Пиотровский тілін тауып, шай ішіп, көңілді отырғанда, ол кісі «тайқазанның көрмеге уақытша әкелінгені» жөніндегі құжаттың бар екенін айтып қалады. Тіпті «олай емес» деп басын ала қашқан көмекшілеріне құжаттың нөміріне дейін айтып, сөзін дәлелдейді. Ертесіне біздің жігіттер барып, құжатын таптырып, сол бойынша музей директорының келісімін алады. Сосын Пиотровский Эрмитаждың бүгіл сигнализациясын өшіртіп қойып, тайқазанды алып шығуға жағдай жасайды. Сөйтіп, мемлекеттің қаражатын шығындамай, жекелеген кәсіпкерлердің көмегімен қазанымызды қайтардық. Қысқаша айтқанда осылай. Тайқазанның оралуына сіңген азды-көпті еңбегімді жұрт айтып жүр ғой, сондықтан жұртқа белгілі нәрсені қайталай бергім келмейді. Бір айта кететінім, жоғарыда Э.Журабековке қатысты көрсетіп отырған жазбада айтылғанның көбі артық сөз. Ол ешқашан тайқазан мәселесімен Горбачев түгілі, мәдениет министрінің қабылдауында болған адам емес. Сосын оның жұмыстан босатылуына «жұрттың тайқазанға деген махаббаты» емес, өзінің басшы ретіндегі жіберген қатесі себеп болды. Э.Журабеков қалатком ретінде шаруашылықты жүргізгенде оның ісіне араласқан жоқпын, жалпы басшылық жасап, бағыт бергенім болмаса. Бір күні Шымкент облысы обком хатшысы Темірбеков деген кісі телефон соғып, «қалаткомның үстінен прокуратура шағым жасап жатыр, пәтер бөлуде заңсыздыққа жол берген» деді. Кейін тексеріп қарасақ, расында заңды бұзу бар. Оның мәселесі бюрода қаралды, кінәсі мойнына қойылды. Ешкім қарсы болған жоқ. Анығын білгісі келген адам болса, сол кездегі прокуратураның құжаттарын қарасын. Кейіннен оның бір жерде берген интервьюі туралы білдім. Онда ол жазықсыз жазаландым демеген. «Бастықтың тапсырмасын орындадым» деген. Егер бастығы туралы айтса, ол – сол тұстағы облатком төрағасы Терещенко болуы мүмкін. Өйткені Э.Журабеков жұмыстан қуылғанда, Терещенко обком хатшысына шағым айтып кірген көрінеді. Бірақ маған тікелей ештеңе деген емес. Менің тайқазанның оралуы үшін істеген жұмыстарымды білетін жігіттердің әлі көзі тірі. Сондықтан бұл туралы кез келген ортада шындықты айтуға тартынған емеспін. P.S: Біздің қоғамда біреудің еңбегіне жармасу, істемегенін істедім деуге ұялмау аз кездесіп жүрген жоқ. Тайқазан туралы әңгіме де сондайдың бірі секілді. Бірақ шындық барда, шындықты айтатын адам барда «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін ұмытпайықшы. ...Жалпы, тайқазан мәселесінде ғана емес, Қожа Ахмет Ясауи туралы әңгімеде ала топпылы ағайындардың ара-тұра қыжыртып қалатыны бар. Мәселен, осы жылдың 16 сәуірі күні шетелдегі өзбек оппозициясының harakat.net атты сайтында «Қазақша масқаралық. 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп жарияланды, Қазақстан Президенті өзбек Қожа Ахмет Ясауиді қазақ деп жариялады» деген мақала жарық көрді. Онда Ясауиді өзбек деп тану керектігін айта отырып, «Түркістан, Жамбыл облыстары ежелгі өзбектің жері» дегенге дейін барады. Біз бұған не дейміз... Елдердің арасына сына қағып, іріткі салмақ болып, арам мақсатын ұлттық сезіммен ойнау арқылы іске асырғысы келетіндер қатты қателеседі. Сондықтан әркімнің «қайғысы» әртүрлі болса да, қазан біреу, ол туралы шындық та жалқы! Ал одан айналып өту мүмкін емес.

Ахмет ӨМІРЗАҚ