ЖАНЫМ СҮЙГЕН КӘМИЛӘ-АУ немесе бір әннің тарихы

ЖАНЫМ СҮЙГЕН КӘМИЛӘ-АУ немесе бір әннің тарихы

ЖАНЫМ СҮЙГЕН КӘМИЛӘ-АУ немесе бір әннің тарихы
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары. Махаббатын қызға емес, мөлдіреп аққан бұлаққа айтқан, Бадам секілді көктемде құтырып, жазда әлсіреп ағысы баяулайтын өзен-көлге айтатын кез. Менің бұл сөздеріме, бәлкім, біреулер күлер, өйткені қияли болып көрінуім әбден мүмкін. Дегенмен, шындығы өзіме аян. Бүгінгі әрбір үйдің әр бөлмесінен орын алған көгілдір жәшігіңіздің де тапшы кезі, ел құлағы – кішкентай ғана радиоқабылдағышта. Тіпті кейде үй тірлігімен сыртқа шыққанда да қалтаңа салып алатын ыңғайлылығы тағы бар. Сол кездердің әндері қандай керемет! Әлі күнге құлағымызда жаңғырып, көңіл көкжиегімізде сайрап тұр. Дені – халық әндері. Тұнып тұрған махаббат! Шынайы сезім! Ғашықтық! Ал бозбала жігітке одан артық сырлас бар ма мына жарық әлемде, әй, мен ғана емес менің тұстастарымның біразы оңашада жанары жасқа малынып, талай ұйқысыз түндерде сол бір кішкентай қобдишаны құшақтап жатпады дерсіз?! Сол жылдары жиі тыңдайтын, тіпті менің алғашқы сезімімді оятқан, әлдебір белгісіз бейнеге ғашықтық отымды тұтатып қана қоймай, мазамды алған мазасыздық күйге түсірген бір ән туралы айтпақпын. Радиодан жиі беріледі. Орындаушысының кім екенін де білмеймін. Бірақ домбырамен орындайтын. Ән сондай мұңды! Орындаушының үні тіпті керім, домбыраның қоңыр үнін жаймен, шым-шымдап шертіп отырады. Қос ішектің үйлесімі әннің құдіретін одан сайын аша, айқындай түседі. Барлық сиқыр дауыс пен әннің мәтінінде, мақамы мұңлы. Сенсеңіз сол ән менің ең сүйікті әніме айналды. Әрбір жолын жаттап алғам. Мен оны көкке де айттым, суға да айттым, су жағасындағы нуға да айттым. Адамдар арасында іштей қайталап ыңылдағаным болмаса, дауыс шығарып айтпайтынмын, бірақ айтпақ түгілі екі адамның басы қосылған жерден қашып жүретін әдет пайда болды. Оңашалықты жаным қалап тұратын. Жалғыздық серігіме айналды. Тек сол ән, сол әуен санамды билеп алғаны сонша, ессіз күй кештім. Кәмилә есімді бейтаныс сұлу, қиғаш қас, отты жанар... мұңлы әуен... Менің әлемім! Ол әлемге бөтен ешкімді кіргізгім жоқ. Өзіме ғана аян құмарлық, не десем де ырқыма көне беретін сұлу сыңарыма айналған әннің қайырмасындағы әуелетіп қайырар әне бір тұсы тіпті ғажап енді!.. Еліктіріп айтар ырғақ: «Кәмил-ә-әәә-әәә-әу!» деп созыла әуелететін жерінде кеудең өксікке толып, жүрегіңді бір қозғап өтеді де, лезде көкірегіңді ащы бір у жанып өткендей, ол от жанарыңан мөлтілдеп тамшы болып үзіліп түсіп жатады... Қазіргі егде жастағы кейпіңмен қайталап еске түсірсең, әрине, ессіз құмарлық билеген жас жігіттің бұл қылығына еріксіз езу тартар ма едіңіз, кім білсін!? Бірақ ол кезде кәдімгідей ән әлемі өз тұңғиығына тартып кететін-ді. Шын сүю, махаббаттағы жауапсыздық дегеннің де мәнісін ажырата алмайтын кез. «Жаным сүйген Кәми-лә-әә-әәу», – дегенді естіген сайын бір жанып, бір өшіп, кәдімгідей қызара бөртіп, қан ысып жүрек тулайды. Тек менің «қиғаш қасымның» аян берер ештеңесі жоқ. Жауапсыз. Кінә өзімде, өйткені әлі ен салған ешкімім жоқ. Бұрымды көрсе қарадай қысылатын ессізге кім жоласын.. Осы күні сол бір алаңсыз күндерімді сағынам. Қиялдағы бұраң белдердің бәрі сұлу, ақылды, кербез... бірақ мені танымайды, жүректегі ең қауіпті жара да – сол. «Мен өскенше сол әдемі қыздар таусылып қалмаса екен» деген ой жанымды жейді. Әннің сөзі қандай, жүректі қозғайды. «Неге өлмедім ғазиз сәби жасымда» дейді зарлы үн, ғашықтың зары. Қандай қорқынышты! Ол өлімнен қорқатын кез, кәдімгідей зәрем ұшады. Кеудеде әлдебір тәтті құмарлық енді атойлап келе жатқан жасөспірім шағыңда өлгің келмейді-ақ. Әнебір сол кезде өзім онша түсіне бермейтін «аққан жасты мойынға арту, махаббат уы, ғазиз» сөздер өте үрейлі естіледі. Сонда да болса айтқым келеді. Қайталай беремін. Жартас көрсем отыра қалып, биік көрсем төбеге шықсам бойымды түзеп кеудемді керіп, шырқаймын-ай келіп. Осы әннің арқасында өздігімнен домбыра үйрендім. Әсем шертіп, тәуір күйлетпесем де елдің жүзіне қарамай пернедегі саусақтарымды аңдып отырып, екі-үш адамның алдында әнші атандым. Сосын қыза-қыза қыздары бар «бешірлерде» айтатын болдым. Құдай-ау, бір ғажап, өзімше әншімін. Ән, әрине осал емес, өйткені халық әні. Уақыт тезінен, адам ойы сүзгісінен іріктеліп, жан тербеткен әндер ғана мұндай мәртебеге ие болады, ол әндер сондықтан да өміршең. Әлі қаншама ұрпаққа рухани азық болып, қаншама махаббатты әлдилейді. Осындай ғажап ән тудырған біздің халық не деген дарынды десеңізші?! Халықтық өнер деген осы. Ал енді... Сол әндегі Кәмилә-Кәмкеңді көрдім. Қолын ұстадым, сөзін тыңдадым. Қасында жүрдім. Жүрегім жарыла қуандым. Рахаттанып күлдім. Тынысым кеңіп, жанарым жасқа толды. Мен ол үшін титтей де қысылған жоқпын. Керісінше көңілдегі мұң сейілді. Кешегі бала күнгі махаббат символына айналған құдіретті Ән, «Кәмилә» әні дәл осы кісілерге арнап жазылғандай қуандым. Сендім. Қандай көрікті, кербез! Кешіріңіз, тек ажары ғана емес, жанының сұлулығы, бар болмысының пәктігі аппақ жүзінен нұр болып жарқырап тұрған осынау жазушы әйелдің тал-бойында тек халықтық өнерге кейіпкер бола алатын қасиетін түсіндім. Кешегі бабалар жыр-аңызға айналдырған қазақ әйелінің болмысын көрдім, сүйсіндім. Мейірімді жүзі жанының да дархандығын, ақылдылығын жасыра алмай, емен-жарқын жүздесу болды. Әсіресе, екі жүз қадам жерге, көлік ұстаған кездегі, он мың теңгеге ұсақ ақшасы болмаған таксист жігіт: «Ой, қалтамда мынандай ақшам болса, үйімде дем алып жатпаймын ба» деген сөзіне Аналық жүрегі езілген Кәмкең: «Онда мынаны қалтаңа сал да, барып өзің ойлағандай бір демалшы» дегенін жанындағы жолбасшылардан естігенде, біздің қазақ әйелдерінің соншалықты мейірімді-сезімталдығына қайран қалмасқа шараң жоқ. Ол – Ана, мейлі өзінің туған перзенті болсын, мейлі өзгенің ұрпағы болсын, жаны ауырып, мейірім-шуағын төгу үшін жаралған. Бүгінгідей өз шаранасынан безініп, күл-қоқысқа лақтырып кетіп жатқан оқиғаларды көргенде-естігенде, атам заманнан келе жатқан Аналық махаббаттың қайда жоғалғаны жаныңды қинайды. Адам баласы әуелде бірдей қалыпта, кіршіксіз күнәдан пәк жаратылады. Дүниәуи қапшығымызды өзімізге ұнаған пайдасы мол заттарға толтыруымызға да мүмкіндік берді. Көпшілігіміз әлгі қапшықты әсіре қызылдыққа, өтірік-өсекке, мақтаншақтық әурешілікке, түкке тұрғысыз атақ-мансап, сатқындық секілді қоқысқа толтырдық. Сауапты істерге, имандылыққа, сезім мен махаббатқа орын қалдырмадық... Ал өмірді сүю, туған халқыңның ұлттық әдет-ғұрпын, дәстүрін, дәстүрлі өнерін қасиет тұту – тек халықтық әндердің кейіпкері сынды Кәмкеңдердің бойынан ғана табылады. Солардың қолынан ғана келеді. Ұлы махаббат, сезіну мен мейірімнің аражігін ажырата алмайтындарға осы бір жаны жайсаң, жомарт жүректі қазақ әйелінің өмір жолы үлгі-өнеге дер едім. Тұлабойы тұнып тұрған сұлулық – Кәмкең- «Кәмилә» әнінің де ғұмыры ұзақ болғай... Оралхан ҚОЖАМЖАРОВ Шымкент қаласы