Фарабитану орталығы – ҚазҰУ-дың жүрегі

Фарабитану орталығы – ҚазҰУ-дың жүрегі

Фарабитану орталығы – ҚазҰУ-дың жүрегі
ашық дереккөзі
Грек ойшылы Аристотельден кейінгі әлемге «екінші ұстаз» деген атпен танылған энцикпедист ғалым – Әбу Насыр әл-Фараби және оның асыл мұрасы қазіргі таңда қазақ елі мен көпсалалы ғылымдар үшін үлкен маңызға ие. ХХ ғасырдың 40 жылдарынан ілкі қадамдары жасалған Фарабитану ғылымы бүгінгі таңда тың белестерді бағындыру жолында еңбектенуде. Негізінен, әл-Фараби өз еңбектерін орта ғасырдың ғылым тілі – араб тілінде жазғандықтан, қазақ тарихында аты көп айтыла бермейді. Дегенмен, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты өлеңінде: Түркінің кім білмейді мол мұрасын, Фараби тоғыз шекті домбырасын, – деген жолдарына қарап, әл-Фарабидің о бастан түркі нәсілді, қазақ топырағынан шыққан ғұлама екенін білдіреді. Жоғарыда айтқандай, ХХ ғасырдың орта тұсында ұлттық əдебиеттану ғылымында фарабитану ілімінің негізі қалана бастады дедік. Иә, осы кезеңде алты алашқа мәлім ғұлама ғалым Ақжан Машанин Ұлы ұстаздың өмірі мен шығармашылығын зерттеуде үлкен қайраткерлік көрсетіп, саналы ғұмырының қырық жылын арнады. Әл-Фарабидің туған қаласы Отырардың ортағасырлық атауы Фараб болуына байланысты А.Машанин тың тұжырымдар жасап, Ұлы ұстаздың қазақ халқының перзенті болуы əбден мүмкін деген ойға келді. Сөйтіп, ол алыс-жақын шетелдердің көне кітапханаларынан іздестіре жүріп ғұламаның көптеген мұраларына қол жеткізе білді. Бұл оған арқаның ірі дін ғұламасы Сәдуақас қажы Ғылмани үлкен көмек көрсетіп, әл-Фарабидің еңбектерін аударысты. Ақжан Машаниннің қажырлы еңбектенуі туралы профессор Ш.Əбдіраманның былай дегені бар: «Ташкенттен ештеңе таппаған ғалым Азия жəне Мұсылман қауымдастығының бас мүфтиі, араб тіліне жетік Зиалиддин Бабаханның айтуымен Уфа, Қазан медресе-мешіттерінен баба еңбектерін іздейді. Ғалия медресесінен əл-Фарабидің үш кітабын бірден табады». Осылайша Ақжан Машанин ізденісінің нәтижесінде əл-Фараби мұрасына кең көлемде зерттеулер жүргізу турасында сол кездегі Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті, академик Қ.Сəтбаевқа өтініш хат жазады. 1961 жылдың 15 қараша күні жазылған хатта əл-Фарабиді қазақ даласынң тумасы екенін айтып, математика, астрономия, география, геология, философия, медицина, музыка тəрізді ғылым мен өнер салаларына арнаған еңбектері жүзден асатынын жеткізеді. Бірақ, өкінішке қарай, КСРО-дан оның бірде-бір еңбегін таба алмағынын, бірақ жуырда кітапханааралық абоненті бойынша Лейденнен (Голландия) үш кітапты алдыртып, оның ішіндегі екеуі араб тіліндегі əл-Фарабидің өз еңбегі екеніне көз жеткізгенін айтады. Содан профессор Брунеллдің неміс тіліндегі екі жүз беттік «Əл-Фараби бойынша мемлекетті басқару» (1904) кітабына нұсқаулық беріп, үш кітаптың да ғылыми мəні өте жоғары екенін, сондықтан оларды фотосуретке жəне микрофильмге түсірдік жəне оларды қазақ, орыс тіліне аудару қажеттігін ұқтырады. Ақжан Машаниннің осындай қажырлы еңбектенуінің арқасында Фарабитану ғылымы дамудың даңғыл жолына түсті. Жалпы бұған дейін де Фарабитану ғылымы әлемдік ғылымда 19 ғасырдың 2-жартысында қалыптасып үлгерген болатын. Ал қазақстандық ғылымда Фарабидің еңбектерін зерттеу ісінде, аудару ісінде Б.Гафуров, В.Соколов, С.Григорян, А.Машанов, А.Көбесов, М.Хайруллаевтар, М.Бурабаев, Ә.Дербісәлиев кеңес ғалымдары елеулі үлес қосты. Ал тәуелсіздік жыдарында бұл ғылым жолы таталитарлық жүйеден ада, материалдық көзқарасқан арылған күйде тың ізденістерге жол ашты. Әл-Фарабидің жалпы жиыны 160-ға жуық трактаты мәлім болып, ірілі еңбектері қазақ тіліне аударылды. Оларға ғылыми түсіндірмелері жасалып, лайықты бағасын алып та үлгірді. Фарабитанудағы ең іргелі қадамдардың бірі – Фарабтану орталықтарының ашылуы болды. Өйткені, мұндай орталықтар әл-Фарабидің еңбектерін ғылыми негізде жүйелеп, еңбектерін топтауға, басып шығаруға, Фараби оқулары мен ғылыми конференцияларын ұйымдастыруға зор мүмкіндік тудырады. Осы ретте Фарабитану ғылымының жүгін көтеріп жүрген орталықтарының бірі ретінде, ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» кітапханасындағы философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевтың басқаруындағы «Фараби орталығын» және Фараби мұражайын айтуға болады. Аталмыш орталықтың ендігі міндеті – әл-Фарабидің әлі табылмай, әлем кітапханаларында шаң басып жатқан еңбектеріне іздеу салып, оларды қолға түсіріп, ғылыми айналымға енгізу, ұлы ұстаздың ғибратты ғұмыры мен ұлағатты сөздерін, асыл мұрасын өскелең ұрпаққа үлгі ету болмақ.

Ақжігітова Аққибат Орақбайқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы