NurOtanPikir: Жастар келбеті қандай?

NurOtanPikir: Жастар келбеті қандай?

NurOtanPikir: Жастар келбеті қандай?
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен #NurOtanPikir еркін пікірталас алаңының кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар «Жаңа әлемдегі жастар келбеті» тақырыбында ой қозғап, еліміздегі жастар саясаты, осы салаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау және бүгінгі жас буынның бағыт-бағдары жайында сөз өрбітті. Дәстүрге сай отырысты ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді. Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы өз қызметін жаңғырту жолында бірқатар тың бастамаларды қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде партия тарапынан өзекті мәселелерді талқылап, олардың оң шешілуіне ықпалын тигізетін алаңдар қолға алына бастады. Бүгінде партияның #NurOtanTrends, #NurOtanTalks және #NurOtanPikir пікірталас алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Алдыңғы екі алаңда негізінен экономикалық, саяси тақырыптар, стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдары, жаңа бастамалардың тиімділігі сияқты өзекті мәселелер талқыланса, #NurOtanPikir клубында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту, сол арқылы ұлттың санасын ояту, мемлекеттік тіл мен мәдениетімізді одан әрі дамыту, тәуелсіздігімізді нығайту сияқты ұлттық мәселелер жайы сөз болады. Бұл отырыста алғаш болып сөз алған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміз үшін жастар мәселесінің маңызы қашанда жоғары екенін атап өтті. – NurOtanPikir алаңының кезекті отырысын жастарға арнауымыз кездейсоқ емес. Себебі кез келген мемлекеттің болашағы оның жастарына байланысты екені белгілі. Сондықтан жастардың қалыптасуына аса мән беруіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда еліміздің маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударып, осындай сәтте жастар да жауапкершілікті сезінуі керектігін тілге тиек етті. Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары соңғы жылдары елімізде мемлекет тарапынан жастарға айтарлықтай жағдай жасалып жатқанын да айтып өтті. – Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялап, осы саладағы басымдықтарды айқындап берді. Оларды жүзеге асыруға біздің партия да белсене қатысады. Сондай-ақ біз партиямыздың кезекті XVIII съезінде қабылданған жаңа бағдарламамызда да жастар мәселесіне үлкен көңіл бөлдік. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырамыз, – деді Мәулен Әшімбаев. Оның айтуынша, партияның жаңа бағдарламасында алдағы 10 жылда жүзеге асыратын нақты он мақсат анықталған. Олардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналып отыр. Осы бағытта партия үш басымдықты анықтады. – Жаңа құжатта нақты он мақсатты анықтап алдық. Солардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналды. Біз Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, жас буынның әлеуетін дамытып, олардың арасында патриотизмді күшейту және мемлекеттің жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру сияқты бағыттарды анықтап алдық. Қазіргі таңда осы басымдықтарды жүзеге асыру үшін нақты жұмыстар қолға алынды, – деді Мәулен Әшімбаев. Кеңінен тарқатып айтар болсақ, бірінші басымдық жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған. Бұл бойынша тұрғын үй мәселесін шешу, дамыған елдердің деңгейіндегі жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жастарды жұмысқа орналастыру, білікті жас мамандардың ауылдық жерлерге барып жұмыс істеуіне ықпал ету, жастарға ұдайы қамқорлық көрсетіп, олармен жүйелі түрде кері байланыс орнату, өмірден өз орнын таба алмай жүрген NEET-жастардың мәселелерін шешу сияқты шаралар қарастырылған. Екінші басымдық – жастардың әлеуетін дамытып, жас буын арасында патриотизмді арттыру. Бұл жердегі ең басты мақсат жастар арасында дұрыс құндылықтарды дәріптеу, патриот, санасы ашық, бәсекеге қабілетті қазақстанның жас буынын тәрбиелеу. Үшінші басымдық – мемлекеттік жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру. Бұл бағытта партиямыз жастар ісі мен отбасын дамыту саласындағы Жол картасының орындалуын бақылауға алу, жастар қоғамдық ұйымдарын өңірлік деңгейдегі жастар бастамаларын іске асыруға жұмылдыру, «Партияның жас кадрлар резервін» қалыптастыру және «Жас Отан» жастар қанатының рөлін арттыруды мақсат етіп отыр. «Жастар жылының» ашылуында Елбасы қазіргі таңда бәсекеге қабілетті 100 мамандық бар екенін айтып, жастарды сол мамандықтар бойынша оқытып, сапалы маман даярлау керектігін тапсырды. Бұл мәселемен арнайы министрліктер айналысып жатқанымен «Nur Otan» партиясы да өз үлесін қосып келеді. Осы мәселеге көңіл бөлген Мәулен Әшімбаев партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. – Жұмыспен қамту ісінде ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға, сол арқылы жастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беруіміз керек. Осы салада партия нақты жобаларды жүзеге асыруда. Нақты айтқанда, еліміз бойынша ІТ-орталықтар ашып, жұмыссыз және мамандығын өзгерткісі келетін жастарымызды қайта оқытып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына қолдау көрсетіп жатырмыз, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Сонымен қатар іс-шара барысында қазақстандық жастардың шетелге кету мәселесі де сөз болды. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев мұндай тәжірибенің әлемде кеңінен тарағанын айтты. – Жастардың шетелге кетуі әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселенің бірнеше деңгейі бар. Егер жас азамат шетелге білімін жетілдіріп, білікті маман болып қалыптасу үшін, жаңа кәсіп бастау үшін барып, ол ойын жүзеге асырып жатса, өзі үшін де, еліміз үшін де пайдалы. Біз бір шеңбермен шектелмеуіміз керек. Әсіресе қасымызда Қытай сияқты, ар жағында Үндістан сияқты алпауыт нарықтар тұрған кезде соларды игеруге талпынуымыз керек. Біз осылай өз ісімізді жаңа белеске көтеруді мақсат тұтуымыз қажет. Сол себепті шетелге кетіп жатқандардың бәріне тосқауыл қою керек деген біржақты пікірлер дұрыс емес. Ал егер жастарымыз еліміздегі жағдайларға көңілі толмай, басқа себептермен кетіп жатса, ол басқа әңгіме. Ондай кезде біз зерттеп, зерделеп, себептерін анықтап, оны болдырмаудың жолдарын қарастыруымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев. Бұдан басқа отырыста ауыл жастарына қатысты мәселе де көтерілді. Аталған мәселе жайында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ауыл жастарының бәсекеге қабілетті болуы үшін ауыл мектептерінің беделін өсіріп, олардың білім деңгейін көтеру керектігін айтты. Ал жастарды дұрыс тәрбиелеу ісіне қатысты Мәулен Әшімбаев ең алдымен өскелең ұрпақ арасында дұрыс құндылықтар қалыптастыру керектігін тілге тиек етті. – Жастарды тәрбиелеу, жаңа заман тұлғаларын қалыптастыру туралы айтқанда, жас буын арасында дұрыс құндылықтарды қалыптастыруды ескеруіміз керек. Соның ішінде адамгершілік, қарапайымдылық, еңбекқорлық, табандылық сияқты қасиеттерге басымдық берген жөн. Мұның барлығы көздеген мақсатқа жетелейтін қадамдар. Елбасының «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламасының да басты мақсаты осындай құндылықтарды жастардың бойына сіңіру екені белгілі. Бұл істе, аға буынға, яғни бізге, сондай-ақ зиялы қауымға жүктелер жауапкершіліктің жүгі ауыр. Сондықтан осы істе бәріміз күш біріктіріп жұмыс істеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев. Одан бөлек, іс-шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Shalqar» радиосының директоры Қалқаман Сарин, кәсіпкер, ІТ технологиялар саласында қызмет көрсететін STEM академиясының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының жүргізушісі Әйгерім Есенәлі, «Nur Otan» партиясы Баспасөз қызметінің басшысы Максим Споткай және «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек көтерілген тақырыпқа қатысты өз ойларын айтып, пікірлерін білдірді.