ТҮРГЕШ ТЕҢГЕЛЕРІ ТҮРКІСТАН МАҢЫНАН ТАБЫЛДЫ

ТҮРГЕШ ТЕҢГЕЛЕРІ ТҮРКІСТАН МАҢЫНАН ТАБЫЛДЫ

ТҮРГЕШ ТЕҢГЕЛЕРІ ТҮРКІСТАН МАҢЫНАН ТАБЫЛДЫ
ашық дереккөзі
Бұған дейін Түргеш теңгелері Тараз қаласынан табылғаны хабарланған еді. Ал жақында Түргеш теңгесі Түркістан облысына қарасты Күлтөбе қалашығы маңынан табылды. Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының хабарлауынша, бұл көне қаланың бір ғана дәуір жасамағанын айғақтайды. Теңге қоладан соғылған және жыл басынан бері табылған құнды артефакт қатарына кіреді. «Біз тапқан теңгенің бірінде VІІІ ғасыр деп жазылған. Оның бір жағына  «Түргештік қаған мырза» делінсе, екінші жағына руна әліпбиін таңбалаған түргеш белгісі жазылған. Теңге қоладан жасалған», – дейді археолог Серік Ақылбек. «Бұл табылған құнды жәдігер қаланың шын мәнінде сауда орталығы болғанын және Шығыс пен Батысты жалғастырып тұрған Ұлы Жібек жолының бір бекеті екенін дәлелдейді. Бұдан кейінгі қазба жұмыстары да Күлтөбенің тарихқа бай қала екенін айғақтай түсетін дүниелер табылатынына сенімім мол», – деді  Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры, PhD докторы Андрей Хазбулатов. – Қазіргі кезде жалпы көлемі 2 мың шаршы метр аумақ қазылды. Нәтижесінде діни жоралғыларды жасайтын ғимарат, тандыр пеші бар тұрмыстық бөлме, түрлі ыдыс-аяқтың сынықтары, балалар ойыншықтары, теңгелер табылды. Соның ішінде ең маңыздысы – Қ.А. Ясауи кесенесін қаптауға пайдаланылған өңдегіш плиткалар. Бұл Күлтөбе қалашығында осы плиткаларды өндіретін шебер орындары бар екеніне дәлел. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Күлтөбе қалашығынан археологиялық парк ашып, аспан астындағы музейге айналдыруды көздейді. Ал Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты биылғы жылдың күзінде қаланың алғашқы экспозициялық бөлігін ашуды жоспарлап отыр. Ал археологиялық паркті ашу жөніндегі жұмыстарды толық жүзеге асыру ісі 2021 жылға көзделген. Барлық құқықтар сақталған.

Ж.Әшім