Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның сайлау жөніндегі кеңесшілерімен кездесті

Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның сайлау жөніндегі кеңесшілерімен кездесті

Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның сайлау жөніндегі кеңесшілерімен кездесті
ашық дереккөзі
Бүгін Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлау жөніндегі кеңесшілері Радивоя Груич және Владимир Мисевпен, сондай-ақ, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының өкілі Дмитрий Тодоричпен кездесті.  Кездесуде тараптар алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты мәселелерді талқылады. Сөз басында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ЕҚЫҰ-ның халықаралық қауіпсіздікті сақтау, бейбітшілікті қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және демократиялық тетіктерді ілгерілетуге бағытталған саясатын қолдап келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы қарым-қатынастың күшейе түскеніне назар аударды. «Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы еліміздің осы ұйымға төрағалық еткен кезеңінде бұрынғыдан да нығая түсті. Сол кезде қабылданған Астана декларациясы ұйымның дамуына тың серпін берген маңызды құжат болды», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ-ның барлық стандарттары Қазақстанның мемлекеттік бағдарламалары үшін негізгі бағдар болып саналатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-мен, Ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен және басқа да құрылымдарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту аса маңызды. Сондықтан партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынастың дами түсетініне сенім білдірді. Бұдан басқа Мәулен Әшімбаев дәл қазір қазақстандықтардың тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтатқанымен, Nur Otan партиясының Төрағасы болып қала беретінін жеткізді. «Біздің партия Елбасымыз айқындап берген еліміздің барлық стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Сондықтан алдағы президент сайлауына белсенді түрде қатысамыз. Келесі аптада өтетін партияның кезектен тыс XIX съезінде сайлауға қатысатын кандидатымызды ұсынамыз. Nur Otan сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне және барлық демократиялық нормалардың сақталуына мүдделі. Өйткені бұл билік сабақтастығын қамтамасыз ететін тетіктердің бірі болып саналады», - деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен бірге, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңына және халықаралық талаптарға сәйкес жүргізілетінін айтып, партияның бұл істе халықаралық бақылаушылармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлау жөніндегі кеңесшісі Радивоя Груич елімізге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша келгендерін айтты. «Біз мұнда сайлауға қатысты кейбір талаптарға бағалау жұмыстарын жүргізіп, алдағы саяси науқанға дайындықтың қазіргі деңгейін бағамдаймыз. Сондай-ақ Ұйымның атынан сайлауға бақылаушылар жіберу ісін пысықтап, Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және саяси партия өкілдерімен кездесулер өткіземіз», - деді Радивоя Груич. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ өкілі алдағы уақытта Nur Otan партиясының жұмысы қай бағытта өрбитінін сұрады. Бұл сауалға жауап берген партия Төрағасының Бірінші орынбасары ең алдымен Nur Otan Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саясатын әрі қарай жалғастырып, билік сабақтастығының бейбіт жолмен жүргізілуіне басымдық беретінін айтты. «Елбасы саясатының негізінде ел дамуының негізгі басымдықтары анық көрсетілген. Бірінші басымдық – нарықтық экономиканы дамыту. Қазірдің өзінде біз бұл бағытта көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Екінші басымдық – әлеуметтік саясат. Тұңғыш Президентіміз үнемі осы салаға айрықша мән беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған еліміздің әлеуметтік доктринасын қалыптастырып берді. Үшінші басымдық – елімізде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету. Бұл – көпұлтты және геосаяси жағдайы күрделі Қазақстан үшін аса маңызды сала. Келесі басымдық – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын жүйелі түрде жүргізу. Партиямыз Елбасы анықтап берген осындай басымдықтарды әрі қарай жалғастырып, олардың сақталуы үшін жұмыс істейді», - деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар, ол Қазақстанның алдында тұрған басты мақсат – әленің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу екеніне назар аударып, бұл партия жұмысының да негізгі басымдығы болып қала беретінін айтты. «Ең дамыған елдермен бірге Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қатарына қосылу да еліміздің негізгі мақсаттарының бірі. Осы бағыттағы басымдықтар партияның жаңа бағдарламасында анық көрсетілген. Аталған міндеттер біздің сайлауалды науқан кезіндегі жұмысымызда да басты назарда болады», - деді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. Айта кетейік, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саяси диалогқа арналған халықаралық ұйым. Негізгі мақсаты – жетілдірілген басқару мен демократиялық үрдіс негізіндегі аймақтық тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ұйымның құрамында Аз ұлттардың ісі жөніндегі 9 жоғарғы комиссар, Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро және Парламенттік ассамблея бар. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылы мүше болды. Ал 2010 жылы еліміз Ұйымға төрағалық етіп, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне өз ықпалын тигізді.