Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы кітап жарық көрді

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы кітап жарық көрді

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы кітап жарық көрді
ашық дереккөзі
Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы әр кезеңде хатқа түскен, ел аузында айтылып жүрген аңыз әпсаналардан жинақталған «100 аңыз» кітабы жарық көрді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңа кітаптың тұсаукесері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференциясы барысында өтті. Аталған шарада сондай-ақ,  «Жетпіс хикмет» кітабының латын әліпбиіндегі нұсқасы таныстырылды. Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің мерейтойына орай музей қорындағы құнды жәдігерлер негізіндегі шығарылған альбом-каталогтар «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» мен «Зергерлік бұйымдар топтамасы», «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдық даму тарихындағы мұрағаттар қамтылған «40 жылдық альбом» атты кітаптардың жарық көруіне қолғабыс етті. Айта кетейік, «100 аңыз» кітабы деректілігімен, бұрын соңды жарияланбаған тың мәліметтерімен құнды саналады. Жинақ ғалым-мамандарға, оқытушыларға, жоғары оқу орнының студенттері мен жалпы көпшілік қауымға арналады. Ал, «Жетпіс хикмет» кітабында әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидың соңында қалған телегей-теңіз мұрасы қамтылған. Сол рухани қазынадан алынған жетпіс хикмет «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне келушілер мен жалпы оқырмандарға латын әліпбиінде басылып отыр. Сондай-ақ, «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары»  ақпараттық ғылыми танымдық альбом - каталог ретінде жарық көріп отыр. Онда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі қорына 40 жылдан астам уақыт бойы жинақталған, Түркістан аймағындағы көне қалалар мен қоныстар орындарында жүргізілген археологиялық зерттеу-қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстардың ерекше үлгілері берілген. «Зергерлік бұйымдар топтамасы» жинағы аталған  тарихи-мәдени қорық-музейі қорында сақталған зергерлік әшекей бұйымдар топтамасы берілген.