6 Қыркүйек 2018, 14:30 1624 0 Өндіріс Túrkistan Gazeti

Жержаңғақ жерде қалмайды

Жамбылдағы шаруалар тынымсыз тіршіліктерін әлі де жалғастыруда. Өңірдің Шу ауданы, Қорағаты ауылындағы өндірістік кооператив жержаңғақ өсіруді қолға алған.

Өткен жылы 25 гектар алқапқа бұршақ тұқымдас майлы дақылды еккен шаруа өнімге деген сұраныс жоғары болғандықтан, биыл оның көлемін екі есеге арттырыпты. 2005 жылы құрылған шаруашылық негізінен бау-бақша өсірумен айналысады. Агроқұрылымның иелігінде қазіргі күні 400 гектар жер бар. Былтыр ғана экзотикалық дақылды өсіруді қолға алған шаруа агротехникалық шараларды жақсы білмегендіктен өнімді аз жинапты. Ал биыл несие арқылы қымбат техника алып, өнім көлемін еселемек. «Былтыр 25 гектарға еккенбіз, техникамыз болмағандықтан дұрыс жинай алмай, аз ғана өнім алдық. Енді биыл былтырғы өнімнің тұқымын алып, алқапты 50 гектарға көбейтіп отырмыз, 1 гектарға 2 тонна, 50 гектарға 100 тонна аламыз деген жоспар бар», – дейді өндіріс басшысы Ербол Ерғазиев.

50 гектар алқапты алып жатқан жержаңғақ заманауи технологияның әдісімен жаңбырлатып суарылады. Бұл құрылғының артықшылығы – еш адамның көмегінсіз өздері жылжып, 50 метрге дейін жерді сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Яғни, жаңа ауылшаруашылық техникасы тірлікті  анағұрлым жеңілдеткен.

Алайда жұмыстардың барлығы дизель отынның арқасында іске асырылатындықтан, шаруаларға бағаның шарықтауы тиімсіз болып тұр. Өйткені субсидиямен берілген сұйық отын барлық шаруашылыққа жеткіліксіз. Қазіргі уақытта егістік алқапта жержаңғақ жапырақ жайып, жайқалып өсіп тұр. Ол 120 күнде пісіп-жетіледі. Сәуір айында еккен жержаңғақты шаруалар 2-3 аптадан кейін жинамақ. Өнім нарықта үлкен сұранысқа ие болғандықтан, өндірістік кооператив жетекшісі жержаңғақтың жерде қалмайтынына нық сенімді.

Соңғы жаңалықтар